Басты ақпаратДенсаулық

Денсаулық сақтау нысандарының саны да, сапасы да арту керек

Елорданың денсаулық сақтау саласы – күрделі, ­жауапкершілігі орасан зор сала. Астанада жыл сайын тұрғындар саны артып келе жатқандықтан, қолданыстағы медицина ­ұйымдарына түсетін жүктеме де тым көп. Мереке қарсаңында Астана ­қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемовамен әңгімелескен едік.

– Әлия Шайзадақызы, қазіргі таңда елордалық қоғамдық денсаулық сақтау саласында қандай мәселелер тұр?

– Астаналықтардың саны артқан сайын емханалар мен стационарлардың жүктемесі шамадан тыс көбейеді. Жыл сайын қала халқының саны туу және басқа аймақтардан қоныс аударушылар есебінен 60-70 мың адамға көбейеді. Әрине, қолданыстағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы жеткіліксіз. Мысалы, соңғы нысан қалада 2015 жылы пайдалануға берілді. Сондықтан басты міндеттің бірі – жаңадан денсаулық сақтау нысандарын ашу. Осы мәселелер бойынша бізде бекітілген жобалар бар. Бүгінде қаламызда емханалар да, стационарлар да жеткіліксіз. 2027 жылға дейін жағдайды жақсарту үшін 11 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде 2 перинаталдық орталық, 2 жаңа заманауи көпсалалы аурухана, оның ішінде балалар ауруханасын, 2 мемлекеттік және 5 жеке емхана ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар медицина мекемелеріндегі материалдық-техникалық базаны үнемі жаңартып, күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қажеттілігі туындайды. Мәселен, 2023 жылы 16 медицина мекемесінде күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, аяқталды. 2020 жылдан бастап біз алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары үшін жабдықтарды мақсатты түрде сатып алдық, 2023 жылдан бастап біздің стационарлар үшін медициналық техниканы сатып алу басталды. Осы уақыт ішінде қалалық медицина ұйымдары үшін барлығы 4 мыңнан астам медициналық техника сатып алынды. Мұндай жаңа технологиялар мен тәсілдерді енгізу процесті оңтайландыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздейді. Негізгі бағыттарға цифрлық технологияларды дамыту, медицина инфрақұрылымын жаңғырту, ғылыми зерттеулерді қолдау және медицина мамандарының біліктілігін арттыру кіреді. Мысалы, №2 қалалық көпбе­йінді ауруханада бүгінде госпитальдық фармация бөлімшесі жұмыс істейді, бұл – дәрілер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды басқарудың заманауи тәсілі. Мұнда берілетін дәрі-дәрмектердің саны автоматты түрде бақыланады. Бұл бөлімнің бірегейлігі де сол, науқастың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және дәрі-дәрмек шығынын үнемдейді. Болашақта бұл жоба басқа қалалық ауруханаларда да іске қосылады деп күтілуде.

– Денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі құрылымы қандай?

– Басқармаға қарасты 32 медицина ұйымы, оның ішінде 15 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы, 4363 орынды 11 стационар, жедел жәрдем станциясы және жоғары медицина колледжі, арнайы медициналық жабдықтау базасы, мамандандырылған балалар үйі, патология-анатомия бюросы, АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы бар. Сондай-ақ қалада 2153 орынға арналған 7 республикалық және ведомстволық аурухана, 29 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін жекеменшік ұйым бар.

Астаналықтардың орташа жасы – 78

– Астанада өмір сүру ұзақтығы еліміз бойынша ең жоғары көрсеткішке ие екені белгілі. Ал өлім-жітім, ауру-сырқау азайды ма?

– Қабылданып жатқан шаралардың арқасында елордада негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсаруда. Бұл біздің жұмысымыздың негізгі жетістігі мен көрсеткіші десем болады. 2023 жылы өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 78,09 жылды құрап, республикалық көрсеткіштен 3 жылға асып түсті. Сондай-ақ өткен жылы жалпы өлім-жітім 4,5 пайызға, оның ішінде қатерлі ісік аурулары 4,4 пайызға, қан айналымы жүйесінің аурулары 43,2 пайызға, жарақат, жазатайым оқиғалар және улану 25 пайызға төмендегені байқалды.

– Қалада амбулатория-емхана қызметінің жағдайы қандай?

– Бүгінгі таңда амбулаториялық кө­мекті шамамен 1,5 млн адамға қыз­мет көрсететін 47 емхана көрсетеді. Өткен жылы емханаларға келушілер саны шамамен 10,5 млн болған. Бұл жүктеменің көптігін көрсетеді. Астананың бас жоспарына сәйкес, 2035 жылға қарай болжамды халық саны 2,3 миллион тұрғынды құрайды. Мұның бәрі толыққанды медициналық көмекке, соның ішінде маятниктік көші-қон есебінен үлкен сұраныс тудырады. Осы проблеманы ескере отырып, 2027 жылға дейін 7 емхана салу жоспарлануда, оның ішінде екеуі – мемлекеттік емхана.

– «Үйдегі дәрігер» жобасы өзін ақтады ма? Неліктен жобаны жүзеге асыру одан әрі жалғаспады, не кедергі болды?

– «Үйдегі дәрігер» жобасы өзін ақтамады, оны жүзеге асыруда бірқатар мәселе болды. Тиімсіздігіне байланысты жоба одан әрі дамымады. Мемлекеттік нормативке сәйкес, бұл – 5 мыңнан аспайтын елді мекенде құрылатын және бір-үш дәрігер мен екі медбикеден тұратын дәрігерлік амбулатория. Мұндай амбулатория аясында толық­қанды көмек көрсету мүмкін емес. Ол барлық медициналық жабдықпен жабдықталмайды. Әрі қарай тексерілу үшін науқас салалық маманға жүгінуі керек. Адам емханаға келгеннен кейін учаскелік дәрігерден бастап бейінді маманға дейін барлық медициналық көмекті бір жерден алғысы келеді, оны амбулаторияда алу мүмкін емес. Осы себепті соңғы жылдары қала тұрғындарының шағымы өте көп болды.

МӘМС аясында қымбат қызметтерді тегін алады

– Соңғы кезде МӘМС жүйе­сіне қатысты қала тұрғындарынан шағым көп. Жүйеге жаңа өзгерістер ене ме?

– Бізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Айта кету керек, ол АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия және тағы басқа көптеген елде қолданылады. Өйткені ол халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Көбінесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің көмегімен азаматтар қарапайым медициналық қызметтерді ғана емес, сонымен қатар өте қымбат қызметтерді тегін ала алады. Мысалы, жүйе шеңберіндегі әйелдер экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасынан өтуі мүмкін.

МӘМС жүйесіне қатысты қала тұрғындарының көптеген шағымына жауап ретінде Денсаулық сақтау министрлігі жүйені жақсарту және жаңа әдістерді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұған міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражатын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту және халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін кеңейту кіреді. Сондай-ақ әртүрлі өзгеріс біртіндеп енуде, дәрігерлер жүктемесінің бір бөлігі медбикелерге ауыстырылды, олардың функцияларын кеңейтті, 9 бағыт бойынша салалық мамандарға жазылу үшін терапевтке міндетті түрде баруды тоқтатты, онкология ауруларына күдік туындаған жағдайда, науқастар үшін «жасыл дәліз» енгізілді. Мұның бәрі халықтың қолжетімділігі және көрсетілетін медициналық қыз­меттердің сапасын жақсарту үшін жасалуда.

1,5 млрд теңгеге қайырымдылық көрсетті

– Қала тұрғындарын дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз ету жағдайы қалай? ­Емханаларда тегін дәрі алуға болатын аурулардың тізімі кеңейе ме?

– Өткен жылы 150 мыңнан астам адам тегін дәрі алды. Бұдан басқа, жергілікті бюджет қаражатынан сирек, орфандық аурулары бар пациенттер үшін дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сатып алу үшін қаржы бөлінеді. 2023 жылы 39 нозология бойынша 400 науқас қамтамасыз етілді.

Биыл мәслихат шешіміне сүт безі обыры, өкпе обыры, идиопатиялық артрит, эпилепсия, склероз, спастикалық церебралды сал ауруы, Вилла ауруы сияқты 11 нозология бойынша қосымша 15 дәрілік препарат атауы енгізілді. 1,5 жыл ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Астана қаласының 33 емделушісіне жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті.

Мамандарды оқыту тоқтамайды

 – Медицина ұйымдарында кадр мәселесі қалай шешілуде? Қызметкерлер үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту қарастырылған ба?

– Басқармаға бағынысты медицина ұйымдарында шамамен 12 мың медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 3,5 мыңға жуығы – дәрігер және 6 мыңнан астамы – орта медицина қызметкері. Бүгінгі таңда дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 72 тұлғаны құрайды, негізінен, бұл – учаскелік дәрігерлер.

Біз қызметкерлерімізге барлық жағынан қолдау көрсетеміз және оларға жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасаймыз. Дәрігердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде тапшы мамандықтар бойынша 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен 131 резидентура гранты бөлінді. Бүгінгі таңда 22 мамандық бойынша 96 резидент оқиды.

Соңғы 3 жылда Израиль, Түркия, Ресей, Германия, Литва сияқты елдерде 150-ге жуық маман оқытылды. Олардың ішінде хирургтар, гинекологтар, педиатрлар, травматологтар, ревматологтар, анестезиолог-реаниматологтар, реабилитологтар және басқалар бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, медицина қызметкерлерінің табысын арттыру мақсатында 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20 пайызға ұлғайды.

Тұрғын үй мәселесіне келсек, әкімдік жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үйге және сатып алу құқығынсыз тұрғын үйге мұқтаж ретінде «Шаңырақ» бағдарламасын іске асырады. Елорда жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қосымша 35 жасқа дейінгі мамандарға жеңілдікпен несие беруді көздейтін «Елорда жас­тары» бағдарламасы бекітілді.

– Басқарманың бюджеті туралы айтып берсеңіз. Басымдық қандай бағыттарға беріледі?

– 2024 жылы бюджет 19,3 млрд теңгені құрайды. Бюджеттің негізгі үлесін медицина ұйымдарының күрделі шығыны алады. Бұл қаражат денсаулық сақтау объектілерін күрделі жөндеуге және медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталған. Бюджеттің едәуір бөлігі халыққа иммунопрофилактика жүргізу үшін вакциналар мен басқа да медициналық иммунобиологиялық препараттарды орталықтандырылған сатып алуға және сақтауға, сондай-ақ сирек кездесетін аурулары бар халықтың жекелеген санаттары үшін дәрілік препараттарды сатып алуға көзделген.

Әлемнің жетекші клиникаларында оқытуды қоса алғанда, денсаулық сақ­тау саласындағы мамандарға қосымша және бейресми білім беруді ұйымдастыруға қаржы бөлінеді. Биыл денсаулық сақтау мамандарын оқытуға 354,5 млн теңге бөлінді. Ал басқармаға ведомстволық бағынысты медицина ұйымдарының бюджеті биыл 118,4 млрд теңгені құрады.

– Дәрігерлер күніне қандай ті­легіңіз бар?

– Басқарма атынан және өз атымнан барлық дәрігерді кәсіби мереке – Медицина қызметкері күнімен құттықтаймын! Дәрігердің жұмысына баға жетпейді, өйткені олар адам денсаулығына қамқор, өмірін сақтау үшін қолынан келгенін жасайды. Мамандық жоғары біліктілікті, жауапкершілікті және жанашырлықты қажет етеді.

 Айгүл Алжаксина,

Гүлмира Аймағанбет

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button