Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Домбырадан мұңлы күй ­төгілген күн

Өзі де, әкесі де репрессия құрбаны болған. Сәкен мұражайында ерекше іс-шара өтті



Елорда төріндегі ақын, мемлекет қайраткері, жазушы-драматург, сазгер Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылық жолы жайлы тарихи сыр шертетін Сәкен Сейфуллин музейінде Арқа топырағында дүниеге келіп, дәстүрлі қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, өнегесін дәріптеуге өшпес үлес қосқан Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойы мен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Күй құдіреті» атты қалалық жас күйшілер байқауы өтті.

Атаулы күн аясында күй өнерін насихаттап, аға буын күйшілердің ізін басып келе жатқан жас дарындарды анықтау, халқымыздың рухани, мәдени құндылықтарын келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында өткен бұл байқауды Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына қарасты Сәкен Сейфуллин музейі ұйымдастырып өткізді. Астана қаласы Сарыарқа аудандық әкімдігі, С.Сейфуллиннің нағашы қарындасы Асылгүл Әбіш, Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті, кәсіпкер Ерубай Исатаев байқауға демеушілік жасады.

Есте қалған ерекше бәйге

Екі кезеңнен тұратын конкурс­қа 18 бен 20 жас аралығындағы 23 күйші қатысты. Олар сайыс­тың бірінші кезеңінде Тәттімбет, Сайдалы сары Тоқа, Итаяқ, Дайрабай, Қыздарбек, Әбікен Хасенов, Сембек, Әбди, Ахметжан Сармантайұлы, Аққыз Ахметова, Мағауия Хамзин, Бегімсал күйлерінен екі күй орындаса, екінші кезеңде өз қалауы бойынша екі күй тартуы тиіс. Аты қалалық дегеніңіз болмаса, салтанаты мен салмағы, мәні мен маңызы республикалық байқаудан асып түскен бұл байқау­ға елімізге белгілі күйшілер Ахат Байбосынов, Жанғали Жүзбай, Абылғазы ­Ахмадиев,  Қайрат ­Айтбаев, ­Ерболат ­Сапуанов, Мадияр Сүлейменовтар қазылық жасады.

Биыл бірінші рет өткізіліп отыр­ған байқаудың Сәкен ­Сейфуллин музейінде өтуі тегін емес. Қазақтың біртуар ұлы Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллинді (1894-1938) жұрт «қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің алғашқы төрағасы» ретінде білгенімен, оның қазақтың ән-күй өнеріне үлкен қамқорлық жасағанын, өзі де күй тартып, тарихы терең біршама күйді біздің дәуірге жеткізгенін көбі біле бермейді. Мәселен, 1925 жылы жарық көрген А.В. Затаевичтың «Қазақ халқының 1000 әні»  музыкалық-этнографиялық жинағында күй тартып, дерек берушілер қатарында Сәдуақас (Сәкен) Сейфуллин, Қамбар Медетов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды алаш арыс­тарының да аты аталады. Жалпы осы жинақтың жарық көруіне Сәкен мен Ахметтің сіңірген еңбегі ерекше. Атап айтқанда, Сәкен Затаевичтың ел ішінен өнер туындыларын жинауына өз тарапынан барлық мүмкіндікті жасап, қаржылай көмек те көрсеткен. Сондай-ақ «Тоқа» және «Абылай ханның атты маршы» күйлерін өзі орындап беріп, осы екі күйдің бүгінге жетуіне себепкер болды. Әрине, «Тоқа» күйін бүгінгі күй зерттеушілері Тәттімбеттің «Сылқылдағына» ұқсатып жатады. Бірақ аталған жинаққа 189 реттік нөмірімен енгізілген «Тоқа» күйі жайлы Затаевич: «бұл Ақмола уезінде тұратын қазақ руының аты» деп қысқа қайырған. Ал жинақта 190 реттік нөмірімен жарияланған «Абылай ханның атты маршы» (Терісқақпай) жайлы А.Затаевич «Қазақтардың айтуы бойынша, бұл маршты Орта жүз ханы Абылай ордасынан салтанатты сапарлатып шығып бара жатқан кезде домбырашылар тартатын. «Терісқақпай» деп аталудың себебі, оң қолдың қағысын төменнен жоғары «теріс қағып» алудан шыққан» деп түсіндірме жазады.

 «Қоңыр» күйі кімге арналды?

 Қазақтың атақты күйшісі, шертпе күйдің шебері, актер, Қазақстанның еңбек сіңген артисі Әбікен Хасеновке де Сәкеннің саясы түскен. Кеңес өкіметі кезіндегі ел жақсыларының көзін жою саясатының салдарынан Арқадағы атақты күйшілерге де жаппай қуғын-сүргін басталады. Шолақ белсенділер оларға «ескілікті насихаттаушылар» деп жала жауып, шетінен сотсыз-сұрақсыз атқыза бастады. Сармантайдың Ахметжаны, Кәрібек, Әбди мен Сембек секілді атақты күйшілер атылады. Көп өтпей, Әбікен Қарқаралыда НКВД-ның қолына түсті. Бірақ әйтеуір құдай қолдап, аман қалған ол Алматыда Сәкенді іздеп табады. 1934 жылы Сәкен Сейфуллиннің көмегі тиіп, Қазақ драма театрына жұмысқа алынып, өмірінің соңына дейін сонда істейді. Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйі Сәкенге арналған деген дерек те бар. Міне осы тұрғыдан ескерсек, Сәкен де күйден алыс емес. Ендеше Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойы мен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Сәкен Сейфуллин музейінде күй күмбірлеген өнер бәйгесінің өтуі үлкен жаңалық әрі жалғастыруға тұралық игі бастама. Бұл жөнінде жоба авторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы Марат Әбсеметов былай дейді:

«Сәкен алғашқы болып, Қазақстанда музыкаға үлкен мән берген адам. Орынборда Үкімет басында болғанда 1922-1924 жылдары халықтың ән-күйлерін жинаған композитор Затаевич те әрдайым Сәкеннен қолдау алып отырған. Репрессия кезінде Сәкеннің өзі де, әкесі де атылды. Өткен ғасырдың 30-жылдардың бедерінде Сарыарқада, Бетпақдалада үлкен көтеріліс болды. Оны Алашорда қайраткері Жақыпбаев басқарды. Сәкеннің әкесі Сейфулла, туған інісі Мәжит сынды қазақтың мықтылары мен күйшілер де атсалысқан. Осы көтеріліске қазақтың Сембек, Әбди бастаған біраз күйшілері қатысқан. Хантау төңірегінде қиян-кескі шайқас болып, көтерілісшілердің оғы таусылады. Сол кезде атқан оғы жерге түспейтін Сембек мерген қанжығасындағы домбырасын ала салып, Тәттімбеттің «Азамат Қожа» деген  күйін тартқан екен дейді. Оған қасындағы 30 шақты жігіт қосылып тартқанда, тау алқабын күмбірлетіп жібереді. Сол кезде оқ жаудырып жатқан қызылдар да атысты тоқтатып, бұларға қайран қалған екен. Күйдің құдіреті болса керек, көтерілісшілердің біразына рақым жасалып, қоя беріледі. Бірақ Сембекті кешірмей, оны бөлек шығарып, зираттың ішінде күй тарттырып тұрып атып тастаған. Бұл жөніндегі, яғни Сембекті қалай атқаны жайлы НКВД-ның құжаты менің қолымда. Міне күйдің құдіреті, қазақ бұрын жауға шапса да, қанжығасына домбырасын байлап жүрген. Ендеше, жауына күймен де төтеп берген кешегі боздақтарды қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде күй арқылы еске алсақ, ол тарихпен тамырласып, бүгінгі күнмен де үндесіп тұр».

Марат Әбсеметовтің айтуынша, күй бәйгесі келер жылы да жалғасын таппақ.

– 31 мамыр – саяси қуғын-
сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында күй бәйгесін өткізіп, оған «Күй құдіреті» деп ат қоюымыздың бір себебі қазақтың өнері ысқырған ажал оғының астында да өлмеген өміршең өнер екенін әйгілеу. Алғашқы конкурсты қалалық деңгейде өткіздік. Бірақ соған қарамастан қатыссақ деп хабарласқандар аз болған жоқ. Шертпе күйге басымдық берген байқауға 20-дан аса өнерпаздың жиналуы жақсы көрсеткіш. Оның үстіне бұлардың бәрі күйдің құдіретін жанымен сезінген жастар. Біздің бастамамызды аға буын күйшілер де қолдап жатыр. Енді бұйырса бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін болады, – деді Марат Әбсеметов.

Өзі де «58-статьямен» атылды

 Бұл күй бәйгесінің тағы бір ерекшелігі қуғын-сүргінге ұшыраған күйшілердің күйін тартуда жатыр. Оның үстіне, бәйгенің шағын залда, дыбыс ұлғайтқыштың (микрофонсыз) көмегінсіз өткізілуі де ­қатысушыларға домбыраның табиғи таза сазын тыңдауға мүмкіндік берді. Бұған жарысқа қатысқан жас күйшілер де дән риза.

«Бүгінгі іс-шараның микрофонсыз өтуі – оның басты ерекшелігі болды дер едім. Қазіргі микрофондар домбыраның сазды үнін тұншықтырып, нағыз дыбысын толықтай естуге кедергі жасайды. Болашақта үлкен сахнаға да микрофонсыз шыға алатындай, Италиядағы Carlo Felice театры сияқты дәрежеге жетсек, нұр үстіне нұр болар еді» дейді К.­Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті, домбырашы Құдайберген Табыс.

Байқауда қызыл қуғын-сүргінмен тікелей қатысты «58» және «Төрт тұлға» күйлерін жұрттың аса ықыласпен тыңдағанын да айта кеткен жөн. Сармантайдың Ахметжаны қалдырған «58» күйі «58-статья» деп те аталады. Ол ұлт басына түскен нәубетті, ұлтқа қарсы жасалған саяси қылмысты қазақтың қара домбырасының үніне салып, ауыл қазақтарының көрген азабын, ел басына түскен қасіретті, қиындықты, халық тағдырына төнген қатерді «58-статья» атты күймен жеткізген еді. Ол күшпен ұжымдастыру науқанына қарсы ұйымдастырылған Балқаш бойындағы көтеріліске қатысқан. 1930 жылдың наурыз айында Қарқаралының түрмесіне қамалып, осы жылдың қыркүйегінде «үштіктің» үкімімен, Қылмыстық кодекстің 58-бабы бойынша сотталып, атылды. Денесін тасқа байлап, қара суға тастаған. Ал «Төрт тұлға» күйі – Алаш арыстарына арналған, кейінгі ұрпақтың оларға деген үлкен құрметінің көрінісі.

«Алаш арыстарына арналған күй өте аз. Жезқазған облысында филармонияда оқып жүрген кезде Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Тұрар сынды арыстарымызға арнап «Төрт тұлға» күйін жазып едім. Ол менің сол арыстарға арнаған дұғам. Бүгінгі бәйгеде сол күй де орындалды» дейді күй авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, халық күйшісі, күйші-композитор, осы конкурс әділ қазылар алқасының төрағасы Ахат Байбосынов.

Сонымен қатар, ол бұл өнер бәйгесінің мән-маңызына да тоқталды.

– Бұл күй бәйгесінде репрессия жылындағы бабаларымызды еске алу мақсат етілді. Қуғын-сүргінге ұшырған арыстардың аруағын қазақтың құдіретті күй өнерімен аунатуға мұрындық болған Марат Әбсеметов бастаған азаматтарға алғысымыз шексіз. Байқауда 20 шақты жас буын бақ сынады, барлығы дерлік кәсіби музыканттар. Музейдің шағын залында өтетін қалалық конкурсқа осыншама өнерпаз қатысады деп ойлаған жоқпыз. Осы үрдіс әрі қарай жалғаса берсе, болашаққа да берері мол, – деді ол.

Тарихи сананы жаңғыртты

Байқауға Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал күйші Жанғали Жүзбай да жоғары баға беріп, бақ сынаған жеткіншек күйшілерге алғысын білдірді. «Бұл байқау – нәубет жылдарындағы, сотталған, ақталмаған күйлердің байқауы. Сондықтан оның мәні бөлек. Қазақстанда төкпе күй байқауы, шертпе күй байқауы сынды конкурстар аз өтіп жатқан жоқ. Бірақ дәл бүгінгідей үнінен нәубет жылдардың ызғары сезілетін күйлердің байқауының өтуі өте игілікті жұмыс болды. Бүгін орындалған «Өткінші қосбасар», «Тәубе қосбасар», «Мұң қосбасар», «Шер қосбасар», «58» күйлері – 30-жылдардағы қудалау кезінде шыққан күйлер. Арқаның күйшілерінің көбі 58-статьямен атылды. Сондықтан жас жеткіншектердің тарихи санасын жаңғыртқаны үшін бұл іс-шараның ұйымдастырушыларына, жоба авторына алғысымыз шексіз» деді белгілі күйші.

Қазылар алқасының шешімі бойынша, байқаудың екінші кезеңіне өткен 12 күйшінің арасынан топ жарған 4 күйшіге қаржылай сыйлықтар, сертификаттар берілді. Бас жүлдені К.­Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті ­Нұрболат Тапалов алса, 1-орын осы университеттің студенті ­Бекзада Достияроваға бұйырды. Ал 2,3-орын ­Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы Темірлан Кубат пен К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бауыржан Сейдәліге берілді. Сонымен қатар, алты күйшіге Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ректоры Азамат Жылтыркөзов атынан Әбікен Хасенов, Тәттімбет, Сайдалы сары Тоқа, Аққыз Ахметқызы, Мағауия Хамзин атындағы арнайы жүлделер берілді. Сәкен Сейфуллин мұражайының атынан музей басшысы Марат Әбсеметов жас күйші Аяна Сатаеваға марапат қағазымен қоса, қанжар сыйлады. 5 күйшіге ынталандыру сыйлығы табысталды.

Аяла АБЗАЛҚЫЗЫ,

Л. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің студенті

 




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button