Мәдениет

Дүбірлі дода жақындады

Астанада іске қосылған Париж-2024 жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық бойынша Жедел штабта алдағы жарыстарға арналған мәжіліс өтті.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайы алдында орналасқан Жедел штаб­та Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары Елсияр Қанағатов Қазақстан командасының Париж ойындарына дайындығы жайлы жан-жақты әңгімелеп берді. «Бүгінгі таңда ойындарға баратын Қазақстан делегациясы үшін Париждегі олимпиада қалашығындағы орналасу мәселесі түгелдей шешілген. Спортшылардың жаттығу жасауына және демалуына жағдай жасалған. Қазіргі күнде Олимпиа­даға қатысатын спортшылардың негізі іріктелген, әзірге Қазақстан қоржынында 70 лицензия бар. Алдағы аптада тағы да 4-5 жолдама алу мүмкіндігіміз бар. Жалпы ұлттық құрама еншісінде 80 жолдама болады деп жобалап отырмыз. Шілде айының басында Қазақстан делегациясының киім формасы толық дайын болады» деп атап өтті Елсияр Қанағатов.

ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары мен ХVII Паралимпиада ойындарына қатысу бойынша Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев айтып берді. Дүбірлі додада ел намысын қорғайтын спортшылардың дайындығына Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерациялары тарапынан көп жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.

Жедел штабта берілген мәлімет бойынша өңірлер бойынша Олимпиадаға қатысушылар саны бойынша 12 спортшысын қосып отырған Шымкент қаласы алда тұр, Алматы қаласынан 10 спортшы, Астана қаласынан 9 спортшы Париж алаңдарында сынға түсетін болып отыр. Ал Павлодар, Қостанай, Ұлытау және Маңғыстау облыстарынан бірде-бір спортшы байрақты бәсекеге іріктеле алмады.

Париж-2024 жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық бойынша Жедел штабтың отырысына арнайы шақырылған мемлекет және қоғам қайраткерлері Әлихан Баймен мен Абай Тасболатов, ардагер спорт  журналистері Несіп Жүнісбай, Жүсіп Хисымов, Оңдасын Елубай, Қыдырбек Рысбек, сондай-ақ Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жеңімпаздары Серік Сәпиев, Василий Левит және Мерей Ақшалов алдағы Олимпиада ойындарына қатысты өз ойларын ортаға салып, спортшыларымызға тілектерін айтты.

Парижде әлемнің ең үздік спортшылары сынға түсетін Олимпиада ойындарының басталуына 42 күн қалды. Осы байрақты жарыстан Қазақстан спортшылары әлем аспанында әнұранымызды асқақтатып, көк туымызды биіктен желбіретеді деген сенімдеміз.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button