Мәдениет

Дүбірлі додаға 100 күн қалды



Paris-2024 Паралимпиада ойындарына 100 күн қалуына орай елордада волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама мен Бразилия арасында жолдастық матч ұйымдастырылды. Аталған іс-шара «Хан-Шатыр» ойын-сауық орталығында өтіп, ойынды елордалықтар кеңінен тамашалады.

– Ойын өте керемет өтті. Әсіресе, Қазақстан үшін қолдау білдіру үлкен мақтаныш. Бұл спорт түрімен 2017 жылдан бері айналысамын. Астанада өткен Азиада-2023 жарысына қатысқанмын. Қазақстан бүгін жеңеді деген ойдамын. Спортшылар әрқашан додаларда бақ сынап жүреді. Менің тіпті олардың жеңетініне ешқандай күмәнім жоқ, – деді жанкүйер Гүлжамал Сұлтанбекова.

Еске салсақ, 1 сәуір күні паралимпиада спортшылары ұлттық командаға 11 лицензия қанжығалады. Алда болатын жарысқа спортшыларымыздың дайындығы қызу жүріп жатыр.

– Алғаш рет Бразилия құрамасы Қазақстанға оқу-жаттығу жиынына келіп жатыр. Оқу-жаттығу жиыны – Парижде өтетін паралимпиада алдындағы дайындық. Команда мықты. Рейтингте біз 6-орынмен тұрсақ, олар 2-ші тұрған топ. Спортта оңай нәрсе жоқ. Бүгінгі ойын шоты теңбе-тең келе жатыр. Қазір оқу-жаттығу шараларымен жүрміз, – деп атап өтті команда спортшысы Берік Аманқосұлы.

Құрама маусым айында Америка Құрама Штаттарына оқу-жаттығу жиынына барса, шілдеде Голландияда өтетін турнирде еліміздің намысын қорғамақ. Халықаралық турнирде паралимпиадаға қатысатын 8 команданың 7-еуі болады. Бапкер дайындықты сәтті жүргізуде.

– Былтыр Голландияда өткен жарыс­та бұл команданы ұтқанбыз. Дәл осы шотпен бүгін қайталап отырмыз. Негізгі мақсат – паралимпиадада биіктен көріну. Жұмыс­ белсенді атқарылып жатыр. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған демеушілерге алғысымызды білдіреміз. Олар Қазақстанда спортты көп дамытуға үлес қосуда, – деді отырып ойнау волейболынан ҚР құрама командасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов.

Жолдастық матчта 3:1 есебімен Қазақстан ұлттық құрамасы жеңісті еншіледі. Алдағы паралимпиада ойыны 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Додада Қазақстан 9 спорт түрінен ойын көрсетуді жоспарлап отыр. Олар: пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, отырып ойнайтын волейбол, пара нысана көздеу.

Гүлназ МҰХАНЖАН, Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button