Ел тынысы

Дүбірлі додаларға арналды



Кеше Астанадағы Abu Dhabi Plaza көпфункционалды кешен саябағында «Қозғалыстағы әлем. Олимпиада, Паралимпиада және Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бірлікте» атты іс-шара өтті.

Ашық аспан аясында өткен іс-шарада әртүрлі жаттығу жасалып, оған са­лауатты өмір салтын серік еткен жандар, танымал спортшылар қатысты. Солардың қатарында қазақ елінің туын биікке көтерген еліміздің мақтанышы Серік Сәпиев болды.

– Бұл іс-шараны қолдап отырған Туризм және спорт министрлігіне, Астана қаласының әкімдігіне, Дене шынықтыру және спорт басқармасына, басқа да ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Олимпиадалық ойынның басталуына 70 күн және Паралимпиада ойынына 102 күн, ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 111 күн қалды. Қатысатын спортшыларға сәттілік тілеп, қолдау көрсетейік! – деп ақжарма тілегін білдірді спорт жұлдызы.

Сонымен қатар қазақстандық ауыр атлет, екі дүркін әлем чемпионы Светлана Подобедовамен кездесу өтті.

– Паралимпиада спортына 2010 жылы кіріп, 6 жыл ішінде жақсы да­йындалып, 2016 жылы Олимпиадаға қатыстым, күміс жүлдегер атанып, көк туымды көкке көтердім. Бұл жетістікке жеткенім – тек менің еңбегім ғана емес, бапкерімнің, отбасымның және де халқымның, жанашыр жанкүйерлерімнің арқасы. Президентіміз Қасым-­Жомарт Тоқаев бізді әрдайым қолдап келді. Баса назар аударатын мәселе, осындай паралимпиадалық орталықтар әрбір аудандарда, ірі қалаларда ашылса өте керемет болар еді, әсіресе ауылдық жерде жетіспей жатқан спорт мектептерін ашса нұр үстіне нұр болары сөзсіз, – деді парапауэрлифтингтен Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева.

Іс-шара барысында қатысушылар үшін асық ату, арқан тарту ұлттық ойын­дарынан шеберлік сабақтар өтіп, «Fitness Palace Astana» ұйымы мамандары денсаулықты нығайту бойынша түрлі жаттығу көрсетті.

– Париж Паралимпиадасының жолдамасына Астана қаласынан 5 пара­спортшы таласып жатыр. Парадзюдодан шешуші ұпай үлестірілетін жарыс Тбилисиде ұйымдастырылып, маусым айында толық рейтинг жарияланады. Соңғы жылдардағы көрсеткіштерге қарап елордамызда параспорт қарқынды дамып жатыр деуге негіз бар, – деді Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы ­Азамат Тағаев.

Қатысушылар тек танымал спортшыларды көріп қана қоймай, түрлі викторина сұрақтарына жауап берді.

 Анель АМАНГЕЛДИЕВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button