Басты ақпаратРуханият

Дүлдүл

Ел аузында аңыз болған суырып салма ақын әрі жазба әдебиетінің өкілі, композитор, әнші-­актер, ағартушы Иса Байзақов – қазақ әдебиетіне өзіндік үлес қосқан ірі тұлға. Ол 1900 жылы 3 қыркүйекте Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген.

Әкесі Байзақ өнер десе ішер асын жерге қоятын, ән айтуды жақсы көретін адам болса, анасы Ғазиза да өнерге жақын, әнді тамаша орындайтын сауықшыл адам болыпты.

Иса ақынның өмірге келуі де ерекше. 1900 жылдың күзінде Байзақтардың әулеті қыстаққа көшпекке дайындалады. Исаға анасының аяғы ауыр екен. Кенет ауа райы бұзылып, жаңбыр себелей жөнеледі. Осы сәтте Ғазизаның кенеттен толғағы басталады. Көп ұзамай кішкентай сәби өмірге келеді. Жас нәрестенің шыр еткен дауысын естіген Байзақ есі шығып, қуанғанынан сырт­қа ата жөнеледі. Далада жауын нөсерлетіп құйып, дауылды жел өршіп тұр екен. Қуанышын баса алмаған Исаның әкесі Байзақ өмірге нөсерлетіп келген бұл тегін бала болмас деп ойлайды.

Ай-күні толмаған жеті айлық баланы әке-шешесі ырым етіп, тоғыз ай толғанша түлкі тымаққа орап, үй төбесіне шеге қадап, баланы соған іліп қояды. Осылайша дауылдатып, нөсерлетіп өмірге келген Иса қазақ халқының дауылпаз ақыны болатынын сол кезде аңғартқан болар.

Иса кішкентай кезінен ұғым­тал, зерек, пысық болып өседі. Әнге құмар, өнерге құштар болады. Айналасындағы тамаша табиғатты аялап, кең жазиралы даланың көркемдігіне сүйсініп, ішінен өлеңдетіп, күбірлеп жүреді екен. Оның бойындағы бұл қасиетті ата-анасы мен әжесі сезіп жүреді. Болашақ ақынның жыр мен әнге жастайынан құмарлығы ата-анасына тартқанынан болар, бос уақытында, тіпті іші пысқан кезде көрші ауылдағы жиын-тойларға кетіп қалып, ән айтып, өнерін көрсетіп жүреді. Бірақ бұл қуанышты күндер ұзаққа созылмайды. Иса 9 жасқа толғанда, анасы Ғазиза қайтыс болады. Анасы дүниеден өткенде бала Исаның қиын күндері басталады. Ағасы Мұса мен Қатира жеңгесінің қарамағында болып, тәрбиені әңгімешіл, ақынжанды әжесі Жанбаладан алады. Исаның өзінен үлкен Зылиха деген апасы болыпты. Ол да өлең-жырға әуес екен. Бірде 9 жастағы бала Исаны Зылиха бір шумақ өлеңмен былай деп қағытады:

Басыңда жалма-жұлма

ескі бөрік,

Ағаш ат астыңдағы

жансыз көлік.

Өң бойың құс түткендей

түрің мынау,

Қақсаған тумай жатып,

шешең өліп, – депті

Сонда Иса бірден:

Кекілін кербесті аттың

түймедің бе?

Тал шыбық бұрайын деп

имедің бе?

Несіне бөркімді айтып

мазақтайсың,

Бөркіңді тігіп берген кимедім бе? – деп жауап беріпті.

Жастайынан өнерге бейім отбасында өскен Иса ақындық, әншілік, домбыраның құлағында ойнайтын өнерімен ауыл-аймаққа әйгілі болып, көзге түсе бастайды. Содан Иса 10 жасынан бастап ақындық талантымен елге танымал болады. Дегенмен оның балалық шағы қиындықпен өтеді. Байларға жалданып, отбасына көмектеседі. Әр жерге мал айдаған сау­дагерлерге жалданып Қызылжар, Омбы қалаларына мал апарады. Шетке шығып жұмыста жүргенінде бала Иса орыс тілін де үйреніп алады.

Патша өкіметі 1916 жылғы июнь айындағы жарлығы бо­йынша 19-31 жастағыларға есеп жүргізгенде, 16 жастағы бала Исаны 21 жаста деп көрсетіп, оны да үлкендермен қара жұмысқа айдап жібереді. Ол Томск қаласының жанындағы Анжерка шахтасына жұмысқа алынады. Сол кездегі жұмысшылардың қиын тұрмысын бала ақын өз көзімен көріп, оның өмірге деген көзқарасы осы жылдары өзгере бастайды. Ақ пен қараны, өтірік пен шындықты, әділетсіздік пен жауыздықтың бәрін осы жылдары ол басынан өткереді. Иса ақын ауыр жұмыста жүргенінде өз жанынан өлең шығарып, әділетсіздікті сынайды. Қара жұмыста жүріп ол шыңдалады әрі бай мен кедейдің алшақтығын осы кезеңде түсінеді. Кеңес өкіметі орнаған жылдары Иса ақын мектепте оқып білім алады, осында тәлім-тәрбие көреді. О баста тума талант көрген-білгенін қағазға түсіре бастайды. Жаңа өмірге араласып, домбырасы мен қаламын қатар ұстап, халықтың мұңын жоқтайтын өлеңдерді өмірге әкеледі.

1919 жылы Павлодар қаласында үлкен той өтеді. Сонда Иса қалың қауым алдында қойылған бірнеше тақырып бойынша суырып салып, көркем тілмен жыр толғайды. Өзінің білімі мен жан-жақтылығын танытады. Осыдан кейін Исаның аты ауыл-ауылға, бүкіл аймаққа тарай бастайды.

1919-1920 жылдары бірнеше ақынмен айтысып, оларды жеңеді. Солардың ішінде Сағит ақын бар. Айтыс кезінде жұрт атақты Құдайберген ақынмен айтысуды сұрайды. Бірақ «ұстазымдай жасы үлкен ақынмен айтысу жөн болмас» деп одан бас тартады.

1921 жылы Иса ақын Семейде жұмысшы факультетінде оқиды, драма үйірмелеріне белсене қатысып, өнердің сан қырын көрсетеді. Мұхтар Әуезов пен орыс жазушысы Николай Ановпен осында танысады. 1922 жылы Орынбордағы Қазақ ағарту ­институтына оқуға түседі. Өлеңдері баспасөзде тұңғыш рет 1924 жылдан бастап жариялана бастайды. Семей қаласындағы драма үйірмесіне қатысып, бірнеше өнер адамымен кездеседі. Жұмат Шанин, Қапан Бадыров, Әміре Қашаубаев, Майра Шамсуддиновамен де осы жерде алғаш танысады.

1926 жылы Қызылордада қа­зақтың тұңғыш ұлт театры ашылғанда, Иса Байзақовты да осында шақырады. Ол Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» қойылымдарында басты рөлдерде ойнаған. Одан басқа да бірнеше спектакльге қатысқан. Ал «Біржан-Сара» спектаклінде Иса Байзақов Біржанның рөлін сомдайды. Ол жайында Қазақ радиосына берген сұхбатында Қазақстанның халық әртісі Қапан Бадыров маған былай деген еді: «Бірде «Сарамен» айтысып отырып, өз бетімен кетті, түйдек-түйдек өлеңдер кетіп жатыр, сценарийде жоқ. Белгі берсек те тоқтамайды. Содан қасында отырған мен шапанының етегінен тартып-тартып қалдым да, ыммен білдірдім. Әзер тоқтады ғой. Спектакльден соң маған: «Неге тоқтаттың? Әйтпегенде «Сараны» сол жерде жеңер едім» деп әзілдеген еді. Иса сол жылдары театрда әдебиет бөлімінде қыз­мет жасады. Біз спектакльден кейін көрермендерге концерт қоятынбыз. Иса өлең оқиды, Әміре ән айтады, басқа әртіс­тер өз өнерін көрсететін. Сол концерттің сценарийін Иса жазатын. Оған қоса, кейбір композиторлар спектакльге музыка жазғанда, Иса сол әнге сөз жазып беретін».

Бір жылы Елубай Өмірзақов «Әндер жинағы» деген кітап шығарды. Сол кітапқа 149 ән кірді. Сол әндер жинағындағы 50 әннің сөзін Иса жазды. Исаға талайлар келетін сөз, ән жазып берші деп, ақындығы да, суырып салмалығы да керемет қой, жазып бере салатын. Исаның көптеген әні бұл күнде халық әні болып жүр ғой. Исекең авторлығын да, өлең жазып берген адамдардан ақша да сұраған емес.

Шынында, Иса Байзақов 40-тан астам әннің сөзін жазып, көптеген қазақ әнін нотаға түсіртіпті. «Заулатшы-ай», «Қалқа», «Ісмет», «Назқоңыр», т. б. әндерінің сөздерін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта өңдеп жазған. Исаның жазған әндері «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына енген.

1931-1941 жылдары Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радио комитеттерде, Жазушылар одағында қызмет жасаған. Иса Байзақов Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің отты жырларымен ел ішіндегі насихат жұмысына белсене араласып, еңбектегі ерлікті жырлады. Соғыс жылдары Иса ақын Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып, ауыл-ауылды аралап, жалынды өлеңмен, асқақ өнермен үгіт-насихат жүргізген. 1942 жылы Павлодар облысында, Ертіс ауданы мен сол кездегі Үрлітүп (қазіргі Железин) аудандарында халықты жаппай еңбекке шақырып, әрбір дәніміз фашистерге оқ боп атылсын деп Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан. Ауыл-ауылда концерт беріп, одан түскен ақшаны танк алуға аударыпты.

Оның атақты желдірмелері халық арасына кеңінен тара­ған. Бүгінге дейін айтылып келеді. Иса Байзақов поэма жанрын дамытуға зор үлес қосты. Ол – алғашқылардың бірі болып ­поэма жазған ақын. «Ұлы құрылыс», «Алтай аясында», «Он бір күн, он бір түн», «Кавказ», «Ақбөпе», «Қырмызы-­Жанай», «Қойшының ертегісі», тағы басқа көлемді ­поэмаларында өткен заман оқиғалары мен кейінгі дәуір шындығы бейнеленген. «Құралай сұлу», «Алтай аясында» поэмаларында жоңғар шап­қыншылығының оқиғасы мен Ақтабан шұбырынды заманындағы қазақ тұрмысы суреттеледі, ел бірлігі жырланады. Ал «Ақбөпе» поэмасында әлеуметтік қайшылықтар, Ақбөпе мен Әмірхан сынды қазақ жастарының жақсы қасиеттері тілге тиек болады. Ақбөпе – өз бақыты үшін күрескен өр мінезді қазақ қызы.

Иса ақынның шығармашылық жолында да, өмірде де қиын шақ көп болды. Жан жұбайы қазақтың тұңғыш актрисаларының бірі Шәрбану Байзақова өмірден ерте кетті. Бар-жоғы 29 жасында. Иса ақын екі баласы: Махпуза деген қызы мен Ертіс деген ұлымен жалғыз қалады. Тұрмыс тауқыметін көп көрген. Басында баспанасы да болмаған. Үкіметтен үй ала алмай кеткен. Қасым Аманжолов сияқты ол да жалдамалы жертөледе отбасымен өмір сүрген. Солай жүріп қаншама өлең мен поэманы, 10-ға жуық желдірмені жарыққа шығарған. Соғыс жылдары балаларын интернатқа тапсырып, өзі елді аралап, өлең айтып, майданға қаржы жинаған.

Иса Байзақовтың шығармашылығы – қазақ поэзиясындағы жарқын белестің бірі. Өзі – сегіз қырлы, сексен сырлы дарын иесі, ақын, жыршы, драма актері, композитор, әнші әрі ағартушы.

Кезінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Иса ақынға былай деп баға берген екен: «Біз қазақ сахнасының Иса бар заманын қызықты әрі қымбат сыйы іспетті түсінуіміз керек. Қолдан жасай алмайтын оңайлықпен қайта тумайтын сирек өнерді біз бүгінгі заманның адамдары – мәдениет­ті елдерше қадірлей, бағалай білуіміз керек. Соңғы бес-алты ғасырда Исадай бір поэманы бірақ жазып тастайтын әрі суырып салатын ақын жер дүниеде болмаған. Сол Исаны туған қазақтан туғанымды мақтан етемін» деген екен.

Шынында, ол өнердің барлық ғажабын бітімдестірген өнерпаз болды. Поэзияның құдіретті күшімен табиғатқа да жан бітіріп, оны адамша сөйлетіп, адам мінезімен аттастырып, өлеңін түрлендіре отырып айт­қан. Өлең-поэмалары таудан құлаған көшкіндей тулап, айт­қан жыры желдей есіп, құйындайды екен. Мына бір өлең жолдарына үңілейікші:

Қарашы қарағайдың еркесіне,

Исаның шығып алды

желкесіне.

Домбыра екі шекті,

тоғыз перне,

Арқаның кез болды ғой

серкесіне.

 

Толқынын топшыменен

қақ айырып,

Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.

Самғайын қанатымды

жел үйіріп,

Қонғандай Оқжетпестің өркешіне, – деген тамаша теңеулермен жырлағаны көңілге қандай қонымды!

Иса өзінің жыр сүйерлеріне қалай еркелесе, оның домбырасы да ерке еді. Иса ақын елі сүйген дауылпаз ақын болды. Өткір тілді, ұшқыр қиялды жыр дүлдүлі. Шаршы топ алдында оның көкейінен жарып шыққан жырлары, кең құлашты өлеңдері тыңдарманның әрдайым көке­йінен шығатын. Осы жерде ақын Мұзафар Әлімбаев­тың «Егер қазақ халқының шынайы ­поэзиядағы шын асылдың өнерін дәлелдеу керек болса, мен Иса есімін атап, оның бес­аспап өнерпаздығын алға тартар едім» дегені қандай жоғары баға десеңізші!

Бес арысымыздың бірі Мағжан Жұмабаев: «Иса – Алла Тағаланың қазақ халқына сыйға бере салған, теңдесі жоқ бір бұлбұлы. Өткен ғасырларда қазақтың не ғажап дүлдүлдері болған, солардың бірі де Исаға тең келе қоюы екіталай» депті.

Оның тағы бір ерекшелігі сол, Иса – ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін бітімдестірген ақын. Ақындық шеберлігі осыдан байқалады. Иса Байзақов – тілге бай ақын. Оның желдірмелері мен поэмаларының, өлеңдерінің тіл көркемдігі мейлінше бай. Олар – қазақ поэзиясында көрнекті орын алатын таңдаулы шығармалар.

Кезінде оның шығармашы­лығына қызығушылықпен, қыз­ғанушылықпен қараған Сәбит Мұқановтың өзі амалсыздан таңданысын білдірген екен. «Иса – бір Алланың пендені таңғалдыруға жіберген өкілі» десе, Қасым Аманжолов: «Иса – бүкіл дүниені алдына алып отырып жырлайтын, Тәңірдің өзіндей құдіреті бар ақын» деп баға беріпті.

1923 жылы Иса ақын Алматыдан жазғы демалысқа ауылына – Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылына қасына бір мұғалімді ертіп алып келеді. Ол жылдары бұл ауылдағы үлкендер де, жастар да сауатсыз еді. Келісімен қасына ауыл жастарын жинап, мектеп салуды қолға алады. Саманнан кірпіш соқтырып, мектеп үйін салады да, қасындағы мұғалімді мектепке қалдырады. Міне, осылайша туған ауылында білім ошағы пайда болады. Мектепті де тегін салады, мұғалім де білімді тегін береді. Осы мектепте оқушылар он шақты жыл білім алған екен. Кейін мектептің жалғасы болып бірнеше рет мектеп салынады. Бүгінде бұл мектеп Иса Байзақов ақынның атында.

Ақын өмірден 46 жасында кетті. Бірақ артында өшпестей өлеңдері мен желдірмелері, 10-ға жуық поэмасы қалды. Бір өлеңінде:

Жүрегін жұлып алып

аспанға ұрған,

Жұлдыз боп соның оты жанып тұрған, – дегендей, Исекеңнің ақындығы көгімізде шоқтай боп жанып тұр. Ол – заңды құбылыс.

Актерлік, әншілік, жыршылық дарынымен қазақ мәдениетінде терең із қалдырған, заманымыздың айыр көмей, орақ тілді ақыны Иса Байзақов Мәскеудегі қазақ мәдениетінің онкүндігіне қатысқан. Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.

Осы жерде мынадай бір ой туындайды. Артында өшпес құнды шығармалар қалдырған, ел алдында өнер көрсеткен ақынға Қазақстан астанасынан бір көше, не өнер ордасы, не мектеп бұйырмағаны – өкінішті жай. Бұл ой көкейді тесіп жүрген соң мынадай амал жасадым. Келесі жылы – атамыздың мерей­тойы. Астанадан көше сұрайын деп Астана қаласының әкімдігіне хат жазсам, Иса Байзақов республикалық тарихи тұлғалар тізімінде жоқ дейді. Павлодарға хабарлассам, Мәдениет министрлігі Павлодарға 10 адамға ғана лимит бар деп алып тастапты. Содан министр Аида Балаеваға хат жаздым. Жауап келді. Иса атамызды тізімге кіргізді. Сосын Астана қаласының әкімі мен депутаттарына көше сұрап хат жаздым. Депутаттар мен зиялы қауымның қолын жинап, Астана қаласының әкімдігіне хатты тапсырдым. Екі жұмадан соң «келесі ономастикалық комиссияда қараймыз» деген жауап келді. Тағы бір іс тоқтап тұр екен. Павлодарда ескерткіші орнатылу керек болатын. Соған ақша бөлінбей жатқандықтан, облыс әкімі Байхановқа хат жаздым. Ақша бөлінеді деген жа­уап келді. Иә, Иса атамыздың ­аруағы риза болсын деп қуанып отырған жайымыз бар.

Бірде 10 жастағы қызы әкесі Исаға: «Папа, ақын деген дардай атың бар. Біз неге жертөледе тұрамыз, бізге үкімет қашан үй береді?» деп айтқан екен. Сонда Иса ақын қызы Махпуза Байзақоваға (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі): «Қызым, халқым әлі Исасын іздейді, ұмытпайды» деген екен. Өзі «Ақбөпе» поэмасында:

Кім көрді көктің

жерге құлағанын,

Кім көрді күннің

жарық сұрағанын.

Кім көрді Ақбөпедей

ару жастың,

Шомылып қанды жасқа

жылағанын.

Мен өзім көктей ақынмын,

Менің жерге құлағанымды

кім көрген.

Мен өзім күндей ақынмын,

Мен кімнен жыр сұраймын, – дегендей, дауылпаз ақынның күні жарқырап, өлеңдері бізге шуақ шашып тұрғандай. Иә, халқы Иса ақынды ұмытпайды!

 Ғалия БАЛТАБАЙ,

«Құрмет» орденді журналист

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button