Басты ақпаратРуханият

Дүлдүл ақын, ­жампоз журналист

Кеш үйірілген сайын қаршадай ұлдың үрейі ұша бастайды. Анасынан төрт жасында айырылған ол қамкөңіл, жетімек. Елдің қас-қабағын бағып, жасық боп өсіп келеді. Ымыртқа қарай мазасы қашатыны – әкесі Жансүгір алдына жүрелетіп отырғызып қойып, май шамның жарығымен қаріп танытты. Тұсында шыбығы қоса жатады, қате айтып немесе сөзді ұға қоймаса, жауырынына шып ете қалады. Әйткенмен ондай сәт өте сирек, бала құймақұлақ еді.

маншарт пен құран сүрелерін қағазға түсіретін қабілеті бар Жансүгір мүршит боп, мүрит оқытқан адам емес. Алайда бар білгенін ұлына үйретіп, саңылауын ашуға құлқы құлаған. Ондағысы «бұл дүние үшін қолында қой-серкештік хаты болса, о дүние үшін ауызында иманы, бес мезгіл намазы болса» деген байлам. Осылай ұлының келешегін ойлап, ескіше сауатын ашуға кірісті. Қаршадай Ілияс әліпті қағазға сызды, жеке сөздерді ежіктеп оқыды.

Осы зәрезап еткен бәле кеш бата басталады, қас қарая кішкентай жүрегі шімірігетіні сондықтан. «Анам тірі болғанда бүйтіп азаптанбас па едім?» деп ойлап қояды. Уақыт озған сайын әліптің таяқ емес екенін, онда көп сыр мен құпия жатқанын біле түсті.

Әке дәрісінің соңы ақыл-кеңес­ке, жөн-жоба үйретуге ұласады. Ол батырлық дастандар, тарихи оқиғалар мен аңыз-ертегілерді нәшіне келтіре айтады. Әрі он саусағынан өнер тамған ісмер кісі-тін, сол кәсібіне баулыды. Кейде көрші-көлем, қонақ келсе, үлкендердің әңгімесін Ілияс ықыластана тыңдайды. Бір кездегі ел арасындағы ахуал, шапқыншылық, шаруа қамы сияқты жайттар назарын аудартатын. Кейін балалар жасыратын жұмбақ, жүн түтіп не иіріп отырған кемпірлердің аузындағы татымды ләм, қыз-жігіт айтысындағы қара өлеңдер көкейіне сыздықтап құйыла берді.

Уақыт ілгерілеген сайын қара тануы жақсарып, енді бұрынғыдай жазу-сызуға құлықсыз қарамады. Хат білген соң, өлең-кітап оқуға құмары артты. Талапты бала 1912 жылы күзде өз ауылынан 50-60 шақырымдай жердегі, Қарағаштағы «Мамания» мектебіне қабылданды. Әйткенмен онда небәрі 4,5 ай ғана оқыды. Тұрмыс жайындағы түрлі себепке байланыс­ты оқуын тастап, Ақсудың төменгі арнасындағы ауылы Белтоғанға оралды. Ол кезде әлгі елді мекен Талдықорған уезі Ақсу болысының «Төртінші ауылы» атанатын.

Қарағашқа барып ел жақсыларын көрген, білім ордасын байқастаған бала өмірді танып, ашыла түсті. Үнемі қолына кітап ұстап, әуендетіп оқып отырады. Әлгі жүн түткен, жіп иірген қатын-қалаштар «әй, Ілияс, бері келші» деп шақыртып алып, «Қыз Жібек», «Сейфіл-Мәлік» сияқты қиссаларды оқытып, құмарта тыңдайтын.

Өлең-жырға тым ықыласты көрінгенмен, аз ғана дәулеті бар әкесі Жансүгір қалағандай, Ілияс бір үйдің шаруасын жайғаған тындырымды азаматы болды. Көктемде атыздағы арық-тоғанды тазалап, жазға салым егін-пішенді жайғап, жаз жұрт қатарлы тіршілік етті. Сөйтіп, отбасын асырау мен бірлі-жарым қара-құраны қыстан аман алып шығу міндеті мойнында еді. Сондықтан жұмысқа да жанын аямай жегілді. Әкесінің тізеге салып қара танытқаны, есеп-қисапты үйреткені септігін тигізді. Әйткенмен күнбе-күнгі тіршілік шырмауында қалып қойды. Оқуға, білуге деген талабы зор болғанмен, күйкі тірліктің шыршуынан басын арашалай алмай үміті семіп бара жатты. «Оқысам» деген ниеті тасынғанмен, көзсіз көбелектей қайда бет аларын, білімді қайдан іздейтінін білмеді. Оның үстіне әкесі аяғына тұсау салып, жергілікті бір байдың Жәмила деген қызын айттырып, алып берді. Әрі сол кездегі дәстүр бойынша балаға әуелде өзінен 5-6 жас үлкен қыз әперетін, ол әпкесіндей бас-көз болып жүретін.

Талапты жеткіншек өзіне ұнаған сөзді көшіріп ала беретін әдет шығарды. Бір күні сәтен ораған сары қағазға ұшырасты. Онда қауырсын қаламмен жазылған бірер шумақ өлең бар екен. Әлгіге шұқшия қадалды.

…Енеді жаздың көркі жыл құсымен,

Жас күлер жайраңдасып ­құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай ­кемпір мен шал,

Жалбаңдасар өзінің тұр­ғысымен.

«Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал» деген теңеуі көз алдына тірі суретті алып келді. Қыстай сыртқа аттап баса алмай отырған шал мен кемпір күн жылынса ілмиіп, жұрын-жұрын киімімен көрден тұрған аруақтай есіктің алдына шығатынын, бір-бірімен қауқылдай амандасатынын көріп жүр. Соны дәл тауып, бейнелепті. Бірден көңіліне ұнай кетті. Отыра қалып, көшіріп алды. Иесі кім екенін білген жоқ, білуге құмартқанмен, ақы иесін айтатын адам да жоқ. Бірақ осы бір шумақ өлең Ілиясқа көп өзгеріс әкелді.

Сөйтіп жүргенінде Абайдың кітабы 1916 жылдың күзінде қолына тиді. Абайдың кім екенін, ондай адамның барын да білмейтін, атын да естімеген. Өлеңдері қатты әсер етті. Оған дейінгі көрген, оқыған әдебиетінің бәрі мына кітаптың қасында олпырайды да қалды. Жаңа үрдісте жазылған жыр жас жеткіншектің ойын түртпектей бастады. Хакім өлеңін қанбай, қайта-қайта оқи беретін болды. Кітапты жанынан тастамайды, түнде басына жастанып жатады. Кейбір өлеңдерін жаттап алды. Бойында бір түрлі сергектік, жан дүниесінде сілкініс, жүрегінде жаңалықтың лебі сезілгендей байқалды. Жазуға құштарлығы артып, Абайша ой түйіп, жаңаша жырлауға талабы оянды. Қиюы келсе де, келмесе де жер үстелде шұқшыңдап, өз-өзінен ыңылдап, өмірді өлең қыла бастады. Бірақ сарыны жыламсақтану, айнала тіршілікке наразылық, торығу, өзін өзгеден бөлектенген адам санау сияқты бірдеңелер жазылып қалып жүрді. Мұнысы ақынның көкейіне қонбады. «Басқаша жырлау керек» деп шешті.

Әйткенмен Абаймен алғаш жақынырақ танысуы ойлау жүйесін, сөз саптау қалыбын өзгерте бастады. Абай кітабы қалам мен қағазға итермелеп, шығармашылық еңбектенуге жетеледі. Жақсы болсын, жаман болсын өлеңдерін өзі «Бал­дырған» деп атаған жинағына жиыстыра берді. Міне, хакімнің ақынға еткен әсері. Бірақ жабайы тұрмыс пен тәукеншік шаруаның қамынан шыға алмай, күнбе-күнгі уақыты тіршіліктің соңынан өтті.

Қапал, Ақсу өңірі 1918 жылдары апалаң-топалаң майданның астында қалды. Ақ пен қызыл соғысты. Егін себу, пішен шабу деген сияқты науқандық шаруалар атқарылмай қалды. Соның залалынан жұрт жаппай қысында жұтқа ұшырады. Аштыққа шалдықты. Жүдеушілік, жоқшылық қысып, жаны жаншыла азаптанды. Бұл кездерде жазу жазып, қалам ұстаудан қол үзіп, байтал түгіл, бас қайғы хал кешті. Оның үстіне әйелін – өзінен ересек Жәмиланы қоя берген.

1920 жылы ақтар жеңіліп, кеңес өкіметі орнады. Ел аш. Жеті ағайынды жұтқа ұшыраған жұрт тым әлсіз еді. Осыны көргендіктен жер-жерде ревизиялық комитеттер жасақталды. Жәдитше ептеп сауатының барынан Ілияс аштарға бидай үлестіретін ауылдағы комитеттің мүшесі болып қызметке ілікті. Әкесінің сонау ертеде алдағы уақытты ойлап, баласына қара танытқан еңбегі ақталды. Ұлының алғашқы әлеуметтік-көпшілік қызметі осы болды. Жергілікті шолақ етектер де Ілиястың тындырымды ісі мен ұйымдастырушылық қабілетін аңдады. Олардың көзі түзу екенін байқаған жас жігіт Алматыда ашылып жатқан қысқа мезгілде оқытушылар дайындайтын курсқа сұранды. Оның өтініші қабылданып, кешікпей Алматыға аттанды.

Оқытушылар дайындайтын курстың дәрісі басталып та кетті. Дәл осы арада Түркістан ағарту комиссариаты тарапынан ­Жетісу-Сырдариядан ел ­әдебиетін жинауға комиссия құрылып жатты. Комиссия мүшелері әуелгі жұмысын қысқа курсқа ауылдан келгендерден бастап, мақсат-мұратын түсіндірді. Ел ішіндегі әңгімешіл-шежіре қариялардың аты-жөнін, тұратын жерін сұрастырды. Ілияс осы уақытқа дейін жинастырып жүрген «Балдырған» жыр топтамасын әлгілердің қолына ұстатты. Олар оны текке алмай, Тәшкен ақшасына сатып алды. Бұл жүдеу-жадау Ілияс үшін үлкен көмек болды. Әрі әлеуеті зор талантты жігітті Жетісу әдебиетін жинасуға курстан шығарып әкетті. Сөйтіп, кіл шығармашыл адамдардың арасында үлкен өмірдің баспалдақтары басталды. Жаздай Жетісудың Лепсі, Қапал уездерінен ел әдебиетін жинастырумен болды. Жас жеткіншектің өзі де ел, жер, тарих жайындағы көп мағлұматқа қанықты. Күзде осы комиссиямен еріп, оқу іздеп, Тәшкенге бірақ тартты.

Дәл сол мезетте Тәшкенде алғаш қазақ-қырғыз оқу инс­титуты ашылған екен. Бірден әлгіге түсуге ниеттенді. Тиісті құжаты мен белгілі білімі жоқ жас талапкер көп қиындықпен соның оқытушылар дайындайтын екі жылдық курсына әзер ілікті. Тұңғыш рет ана тілін, орыс таңбасын сол жерден бастап оқыды. Алғаш қалалы жерде қайнаған өмірді көргені, білімдар қауымның ортасында болғаны – осы. Қазақтың газетін оқыды, театрын тамашалады, бірлі-жарым жазушысын кездестірді.

Әрі-беріден соң айналасынан үйреніп, қоғамдағы белсенді азаматтарға қарап бой түзей бастады. Оқушылар жиналысында өз төтелі пікірін білдіріп, мінберден сөз сөйледі. Былайша айтқанда, өркениеттің лебімен жан кіріп, бойына қан жүгіріп, тірілуге бет бұрды. Театрға барып, рөл алып ойнап та көрді. Оқумен қатар «Ақ жол» газетіне корректор боп кірді – онысы тұрмысына біраз септігін тигізді.

Осында жүріп, жалынды жастардың ұйытқысы Мұратбай ұлы Ғанимен танысты. Ғанидың жетекшілік етуімен әрі ұйымдастыруымен «Жас алаш» газетін шығаруға атсалысты. Басылымның алғашқы нөмірінің бас мақаласын Ілияс жазды. Сонымен қатар дәл сол санында «Жалпы жасқа» деген үгіт өлеңі жарияланды. Ақынның алғашқы тасқа басылған өлеңі – осы. Айта кету керек, «Жыл құсы» деген журналдың алғашқы санында Бәйділдә ұлының Ілиясты «ұлтшыл» деп бетіне салық ете көлденең тартатын өлеңі де сол.

Қоғамға белсене араласып, әр саланы бір байқап көрген талантты жас институттан қол үзбей қыстай оқып шықты. Жазда аса қапырық ыстық Тәшкенде қалуға онсыз да дімкәс денсаулығы көтермеді. Каникул уақытын пайдаланып, 1921 жылы Наркомземнің шөп шаптыратын үгітшісі болып Жетісуға ауылына аттанды. Қолына «институт мұғалімі» деген бір жапырақ қағаз берген. Ақырында қаражат тапшылығы, тағы басқа да себептермен қайта Тәшкенге жете алмай қалды. Сөйтіп, екінші курсты жалғастыру мүмкін болмады.

Сол жылы Жетісуда қазақ-­қырғыз жарлы-жалшыларын ұжымдық шаруашылыққа ұйыс­тыру шаралары қауырт жүріп жатты. Ілияс осы науқандық іске қызу араласып, ауылдағы жарлы-жалшыларды артелге жұмылдыру жұмысына жең сыбана кірісті. Көп адамға әрқилы мағынада өтініш-қағаз жазып берді. Негізгі қызметі – мұғалім. Қыстай бала оқытты. Осы сабақ беріп жүрген кезінде екінші жары Аманшаны кездестірді.

Қазақ елінің пұшпақ-­пұш­пағында кеңес билігін орнату, елге теңдік әперу сияқты насихат жұмысы қарқынды әрі жауапкершілікпен қолға алынды. Алматыда «Кедей еркі» деген газет шыға бастады. Әлгі басылымға Ілияс жергілікті тілші міндетіне кірісті. Мақалаларымен қатар бір-екі өлеңі жарияланды. Жазғасалым посевкомның өкілі болып бекіді.

1922 жылдың соңына қарай жұбайын ертіп, Алматыға табан тіреді. Бар мақсат-мұраты оқуға кіру еді. Іліге алмады. Есесіне Жетісу облысының Қосшы комитетіне ағарту ісі жөніндегі нұсқаушы лауазымына жұмысқа қабылданды.

Әлгі тұста «Тілші» газеті ел ішіне көптеп тарайтын. Негізгі қызметімен қатар сол басылымның ептеп тапсыр­маларын да атқара жүрді. Жазумен айналысты. Газетке өлең-әңгіме жариялай бастады. Сөйтіп, ақынның қалам-қағазды жанына ұдайы серік еткені, аумай қалам тербеуі осы 1923 жылдан, «Тілші» газетінен бастау алды.

Газеттен бөлек, «Жетісу ­әйелі» деген журналда бір өлең, бір әңгімесі басылды. Одан ке­йін Тәшкендегі «Жас қайрат», «Сана», «Шаншар» сияқты қазақ басылымдарына оны-мұны түртіп, жібере бастады. Бұлардың ішінен бірлі-жарымы жарық көрді.

Қызылордаға орныққан «Лениншіл жас», «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» сияқты газет-журналдарға ара-тұра хат-хабар жолдады. Бірақ мақала жазу барысында оқымағаны, білімінің жетіспейтіні жиі тығырыққа тіреді. Әлеумет қызметіне араласып кетуіне де, жалпы, білімсіздігі көп қиындық тудырып, кедергіге ұшыратты. Қоғам ауаны мен саясатты тап басып тани алмауы, білімі жоқ қаражаяулығы діңкесіне тиді. Сарайын саңғыратып ашып жіберетін үлкен оқу орнына түсуді аңсады. Басшылыққа ниетін білдіріп, қолдауын сұрады. Аяғында жазу-сызуға бейім, іске талапқой жігіттің табандылығын байқаған партия ұйымы губернелік ағарту бөлімінің басқарушылық қыз­метіндегі оны оқуға жіберді. Өйткені мемлекет құру ісіне идеология мен насихат шаралары және оны атқаратын кадрлар тым қажет еді. 1925 жылы Ілияс Мәскеу­дің Мемлекеттік журналистика институтына қабылданды.

Ол үш жылдық оқуға аттанғанда, Аманшаның аяғы ауыр болатын. Оны өзімен ертіп кете алмады. Ақыры келіншек баладан қайтты. Жолдастары ақылдаса келіп, қаралы хабарды айтпауға келісті. Келесі жылы жазғы каникулда Ілияс әйелі мен сәбиіне асыға отарбаға отырды. Вокзалдан күтіп алған Сәкен, Бейімбет бастаған достары Аманшаның дүние салғанын Алматыда естіртті. Алыстан жан жарын сағынып жеткен ақынға бұл жайт өте ауыр тиді. Мойылдай жанары жәудіреген Аманшаның атжақты аппақ өңі, сүмбіл шашы, зипа бойы, жібектей мінезі көкейінен кетпеді. Қамкөңіл күйі елге барып, сүлесоқ қалпы Мәскеуге аттанды.

Ілияс 1928 жылы оқуын бітірісімен тікелей ел астанасы Қызылордаға тартты. Келісімен «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке тұрды. Сол жылы «Сағанақ» деген алғашқы кітабы жарық көрді. Үшінші жұбайы Фатима Төребаеваны сонда жолықтырып, танысты. Бұлықсыған бойжеткен әдемі ән салады екен, екеуі көп ұзамай бас құрады. Келесі жылы астана мәртебесі Алматы қаласына беріліп, отбасымен Алатаудың етегіне көшті. 1930 жылы тұңғыштары Саят өмірге келді. Ал 1932 жылы ерлі-байлы екеуі­нің дәм-тұзы жараспай, ажырасты. Арада біраз уақыт өткенде Ілияс Фатима Ғабитовамен қосылады.

І.Жансүгіров шығармашылық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне белсене араласты. 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағалығына сайланды, кейін Жазушылар одағына басшылық етті. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына осы жылдары ересен еңбек сіңірді. Қаламгерді Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі етіп бекітті. 1935-1937 жылдар аралығында көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарды. Ақырында 1937 жылдың тамыз айында Ілияс Жансүгіров саяси қуғын-сүргін құрбанына айналды.

Алатау бөктеріндегі алқапта демалып жатқан Ілияс Жансүгіров бір күні НКВД-ның шақыру қағазын алды. Ол кезде көптеген шығармашыл адам жаз айларында қаланың шуынан алыстап, Алматының сыртына қарай, тау қойнауына киіз үй тігіп, жайлауға шыққандай қоныс жаңалап кететін. Ақынның жары Фатима бұл шақыртудың текке емес екенін сезді. Ілиясқа қалаға түспей, Ыстықкөл асып із жасыруын өтінді. Бірақ қашатындай еш себебі жоқ ақын НКВД-ның шақыруына бару керек деп шешкен. Сөйтіп Алматыға жол тартқан ол сол кеткеннен оралмады.

Күйеуі ұшты-күйлі жоғалған соң Фатима балаларын ертіп, жайлаудан қалаға түскен. Қызыліңірде НКВД жендеттері үйге басып кірді. Әй-шай жоқ, бөлмелерді тінтіп, ақын кабинетіндегі кітаптарын, қолжазбаларын арбаға тиеді. Ілиястың шығармаларын, басқа да заттарын әкетіп бара жатқан жауыздарға әлдекім тұтқиылдан тап беріп, көше бойында жұлмаласып жүріп, қолдарынан бір қалың дәптерді тартып әкетеді. Қараңғыда оны қуғанмен, қалың ағаштың ішінде ізінен адасып, дәт дейді.

Қызыл жағалылар ұзағанда, Фатима верандадағы сары шкафқа ұмтылды. Жайлаудан түскен бетте буылып-түйілген жүкті сол шкафтың алдына тастай салған еді, әлгі сеп болып, тінтушілерге сары шкаф көрінбей қалыпты.

Жарының еңбектерін қалайда сақтауды көздеген Фатима дереу НКВД қызметкері Оспан Жылқыбаев деген туысына хабарласты. Қарындасының жағдайын түсінген ол түнделетіп жетіп, ақынның барлық қолжазбасын алып кетті. Сөйтіп Жансүгіровтің еңбектерін 11 жыл бойы қорасында сақтайды. Кейін Ілияс ақталған соң қайтарып береді. Әлгі жендеттер айырылып қалған дәптер де Фатиманың қолына тиді. Ол «Құлагер» поэмасы екен. Ал оны жауыздардан тартып алып, сақтап жүрген Сапарғали Бегалин болып шығады.

1938 жылы 26 ақпанда Ілиясты, Бейімбет Майлинді және тағы басқа көптеген азаматты түнде Алматының түбіндегі «Жаңалыққа» апарып атты. Мүрделерін тозығы жеткен көне үйлердің іргесіне тастап, сосын шым қабырғаларды үстеріне құлатып кете барған. Сөйтіп Ілияс пен Бейімбет кемеліне енді келіп, толайым дүние беретін уағында – 1938 жылы 44 жасында қызыл жендеттердің қолынан қыршынынан қиылды.

Жыр дүлдүлі І.Жансүгіров өз дәуірінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш зиялыларымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болды. Жансүгіровтің шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектенді. Шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы өмір шындығы, тарихи оқиғалар арқау болған.

Ақынның лирикалық өлеңдерімен қоса «Жетісу суреттері», «Күй», «Күйші» сынды классикалық шығармалары – ешқашан ескірмейтін, қайталанбас туындылар. Ал «Құлагер» поэмасын оқымаған қазақ баласы кемде-кем шығар. Осы шығарманың желісімен ақынның 125 жылдығына орай ашық аспан астында стадионда қойылған «Құлагер» спектаклін көрген жұрттың көзіне жас алмағаны қалмады.

Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. Пушкиннің «Евгений Онегин» романын алғаш қазақшаға толық аударған адам. Сондай-ақ Лермонтовтың, Горькийдің, Некрасовтың, Маяковскийдің көптеген туындысын қазақ тіліне тәржімалады. Бірақ ол өзін «Мен әдебиетке келдім!» деп ешқашан айтқан емес, керісінше, «Жалпы жазушылықты өзімнен дәме етпеген едім. Сондықтан жазғаным аз. Тек анда-санда шұқыма сияқты. Соңғы уақытта кейбір жолдастарым сенен бірдеңе шығады деген соң, енді жазушы болғым келеді. Білмеймін, ақтай алар ма екем?» деп үлкен жауапкершілікті сезіне үн қатады.

Қалың көпшілік оны ақын, жазушы атағанмен, негізінде, Ілияс Жансүгіров – Мәскеуде білім алып, арнайы ­дипломға қол жеткізген, қазақ халқынан шыққан тұңғыш кәсіби білікті журналист. Ол – Мәскеудің Мемлекеттік журналистика институтын бітірген. Сондықтан қайраткер қаламгердің биылғы 130 жылдығында Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығына» Ілиястың есімін берсе, әбден орынды әрі қонымды болар еді. Астанада бір қиырда шойынжолмен, жылу трассасымен жарысқан ақын атында көше бар. Адам аяғы сирек барады, ел Ілиястың атында көше бар екенін де біле қоймайды. Ақын есімін көрнекі көшелердің біріне ауыстыру да әбден қисынды, лайықты шара.

 Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

жазушы, ­халықаралық «Алаш» әдеби ­сыйлығының лауреаты

 

Суреттер

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынды

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button