Денсаулық

Дұрыс тамақтануды сәнге емес, әдетке айналдыр!



Адам денсаулығын сақтау мен нығайту – қоғамдағы тұрақтылық пен игіліктің кепілі. Кез келген өркениетті мемлекетте әр азаматтың саулығы ел әлеуеті мен ұлттық қауіпсіздіктің көрсеткіші екені рас. Сондықтан соңғы жылдары салауатты өмір салтын, дене шынықтыру мен дұрыс тамақтануды насихаттауға үлкен ден қойылған.

Астана қаласы салауатты өмір салты орталығының нутрициологы, медицина ғылымдарының кандидаты Жанар Толысбаева дұрыс тамақтану мәселесімен 15 жылдан бері айналысып келеді. Оның ойынша, жан мен тәннің саулығы тек спортқа ғана байланысты емес, дұрыс тамақтанудың да өз үлесі зор. Пайдалы тағамдарды тұтынудың маңызы жайында түсіндіру балабақша, мектептен бастау алуы тиіс дейді маман.

– Әдетте, дастарханымызда құрамында тұз бен қанты көп, зиян майлардан тұратын, қайта өңделген ас түрлері кездеседі. Осылардың барлығы адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сол себепті тұтынып отырған ас өнімдері ауру тудырып, халықтың денсаулығына зақым келтіреді. Көп адамның тамақ өндірісіндегі агрессивті маркетингтің айласына түсетіні өкінішті. Сәнге айналған бургер, газды сусындар, түрлі құрғақ снектер мен қытырлақ чипсы сынды
зиянды өнімдердің жарнамасы жер жарып, денсаулыққа зардабын тигізеді, – дейді дәрігер.

Құнары шамадан тыс тағамдар артық салмаққа әкеліп, ақырын­да түрлі ауруға ұласады. Бұл – ғылыми дәлелденген пікір. Та­биғи таза өнімдердің пайдасы ғылыми тараптан мақұлданған.

– Табиғи таза ас өнімдерінің жарамдылық мерзімі қысқа болғандықтан, оларды уақытылы әрі күнделікті қолдану керек. Дәл осындай таза өнім ағзаға қажеттінің барлығын сіңіртіп, бойға қуат береді. Батыста junk food деп зиянды тағамдарды атайды. Қандай өнімдермен тамақтанып жүрсіздер – соған мән беріңіздер. Тамақтануда салғырттық танытпай, талғап жеген абзал, – дейді маман.

Оның пайымдауынша, көп­шілік дұрыс тамақтануды артық салмақтан арылу үшін ғана маңызды деп санайды. Шындап келгенде, адам саулығы үшін оның мәні әлдеқайда кең. Дұрыс тамақтануды біртіндеп әдетке айналдыру керек. Уақыт өте келе адам пайдалы тамақтан қуат алып, жақсы көңіл күйде жүргенін аңғарады. Ең бастысы, бұл әдет созылмалы аурулардың алдын алып, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Дұрыс тамақтану да спорт тәрізді уақытша сәнге емес, өмір салтына айналуы тиіс!

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button