Мәдениет

Дыбыстар әлемінің ханшайымы



Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрының актерлері ғана емес, қойылымдардың әуені мен актерлер даусының дұрыс шығуын, сахна акустикасын реттейтін дыбыс режиссері де – жас маман. Үш жыл бұрын осы театрға келген Сабина ІЛИЯСОВА – бала кезден әнге жақын, бірнеше бағытта кәсіби музыкалық білім алған ару.

Елорданың өзінде дүниеге келген Сабинаның өнерге құштарлығын байқаған ата-анасы оны музыка мектебінің фортепиано класына оқуға береді. Одан әрі музыкалық жоғары білімін хормейстер, дыбыс режиссері мамандықтары бойынша жалғастырған ол оқып жүріп, «Астана» концерт залында дыбыс жазу студиясында еңбек жолын бастайды. Тәжірибесін арттыра беруді көздеген Сабина жекеменшік «Aevent» компаниясында еңбек етіп, шағын конференциялардан бастап, Президент қатысатын маңызды жиындарға дейін дыбыс жөніндегі маман болады. Ақыры 2021 жылы қазіргі сүйікті өнер ұжымына келіп, бұрынғыдан сәл басқашалау бағытта, яғни театр деген өнер әлемінде жұмысын бастайды.

– Театрдағы дыбысты реттеудің өзіндік ерекшеліктері болса да, бұл театрдың музыкалық деген мәртебесінің болуы менің жаныма жақты. Қызметімді тез меңгеріп, ұжымға сіңісіп кеткендіктен мен әлі де осындамын. Дыбыс режиссері ретіндегі басты міндеттерім – қою­шы режиссердің шығармашылық ойынының негізінде қойылымның музыкалық, шу және дыбыс техникалық безендірілуін ұйымдастыру. Менің театрдағы жұмыс күнім өзім қолданатын аппаратураны, яғни микрофондарды тексеріп қараудан басталады, сосын шығармашылық процесс басталып кетеді. Егер жаңа спектакль болса режиссермен бірге оны музыкалық жағынан әрлеу мәселесін талқылаймыз. Ал қойылым кезекті рет сахналар болса дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Менің жұмысымның бір артықшылығы – шығармашылық пен технологияның бір арнада тоғысуы. Маған жұмысым сонысымен ұнайды, – дейді Сабина Асылханқызы.

Бүгінде дыбыс режиссері мамандығы Қазақстанда екі оқу орнында оқытылады. Мұндай мамандарды оқытудың екі бағыты бар: бірі – кино және телевидение режиссурасы мен музыкалық дыбыс режиссері.

– Дыбыс режиссерінің музыкалық есту қабілеті мен дыбыстарға сезімталдығы мықты болуы аса маңызды. Осы ретте менің алғашқы алған хормейстер мамандығым қазіргі жұмысымда көп көмегін тигізді. Одан бөлек техникалық жақтарын да меңгеру керек, түрлі құрал-жабдықтардың жұмысынан хабардар болуың қажет. Дыбыс режиссері қызметі қойылым үшін үлкен рөл ойнайды, дыбыстық әрленуі дұрыс болмаса, мұны көрермен бірден сезіп қояды, сондықтан біз үнемі ізденісте боламыз, – дейді жас маман.

Музыкалық жас көрермен театрындағы 20-дан астам қойылымды  әуенмен әрлеуде Сабинаның қолтаңбасы бар. Оның міндеттері қойылымның «жанды дауыста» немесе әндерді «жазып алу» арқылы өтуіне қарай өзгеріп отырады. Бірінші жағдайда музыкалық шығармалар оркестр, халықтық ансамбль немесе эстрадалық бэнд қатысуымен сол мезетте орындалады. Бұл ретте жабдықтардың толық және дұрыс қосылуы қатты қадағаланады. Ал екінші жағдайда актерлердің реп­ликасының дұрыс келуін, музыкалық-­шу теңгерімінің сәйкестігін бақылап отыруы керек.

Сабинаның ендігі арманы – шетелдік жетекші дыбыс режиссерлерінен білім алып, біліктілігін арттыру. Болашақта жеке продакшн студиясын  ашуы да мүмкін. Оның айтуынша, қазір музыка, жалпы дыбыс жазу саласына да жасанды интеллект дендеп еніп келеді, театр шоуларына да сол қолданыла бастады. «Әрбір сала маманы заманға сай бейімделіп, білімін үнемі тереңдетіп отыруы керек» дейді кейіпкеріміз.

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button