Руханият

Ел болып ескеруіміз керек еді…

12 маусым күні «Қазақ білімпаздары тұңғыш съезі» ашылғанына тұп-тура 100 жыл толады. Қазақстан Халық ағарту комиссариатының ұйымдастыруымен 1924 жылы 12-18 маусым аралығында Орынбордағы ағарту қызметкерлері ұйымының үйінде өткен бұл жиын қазақ халқы үшін ғасыр бөлгіш сипат алатын елеулі оқиға болды. «Қазақ – қазақ болғалы бұдан бұрын мұндай съезд болмаған» деп жиналыстың ашылу салтанатында сол кездегі Халық ағарту комиссары, төраға Нұғыман Зәлиұлы айтқандай, бұл съезд қазақ-қырғыз халқы үшін аса мағыналы, маңызды жиналыс болды.

Жиналысқа Мәскеудегі Күншығыс баспасөз тарататын кіндік ұйымнан – Әлихан Бөкейхан мен Нәзір Төреқұлов, Бұхарадағы қазақтар атынан – Мырза Наурызбаев, Түркістаннан – Халел Досмұхаметов мен Ишанғали Арабаев, Қазақстанның аймақтық партия комитетінен – Аспандияр Кенжеев, Жалпыресейлік кәсіпшілер кеңестер ұйымының қазақ аймағы бөлімінен – Мұхтар Саматов, Орынбордағы қазақ институтынан (КИНО) – Мұхтар Мырзаев, Қазақстан халық ағарту комиссариатынан – Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Нұртаза Ералин, Нұғман Зәлиев, Молдағали Жолдыбаев, Қостанай губернелік оқу бөлімінен – Ерғали Алдоңғаров, Семей губернелік оқу бөлімінен – Мәннан Тұрғанбаев, Орал губернелік оқу бөлімінен – Нығмет Шағиев, Бөкей губернелік оқу бөлімінен – Рүстем Ағыбаев, Қазақ аймағын зерттеп, ғылым жиятын қауымнан – Міржақып Дулатов, Орынбордағы газет-журнал басқармаларынан Рақым Сүгіров сынды Алаш арыстары қатысты.

7 күнге жалғасқан жиналыста «Жазу ережелері», «Әліпби мәселесі», «Қазақша пән сөздері», «Ауыз әдебиетін жию шаралары», «Оқу, ғылым кітаптарын көбейту шаралары», «Бастауыш мектептердің программасы», Халел Досмұхамедұлы ұсынған «Бастауыш мектептердің түрі мен оқытушылар дайындайтын ғылым ордаларының программасын тексеру» сынды тақырыптар талқыға салынып, ортақ шешімдер қабылданды. Әсіресе тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, күн тәртібіндегі негізгі 6 мәселенің 3-еуі тіл тақырыбына арналды. Яғни қазақ тілі мен әдебиетінің ғылыми жүйесі, қазақ әліпбиі, орфография, терминология, оқыту әдістемесі, ономастика, т.б. салалар бойынша маңызды қаулылар қабылданды.

Жиналыста жазу ережелері мен пән сөздері бойынша Е.Омарұлы, әліпби туралы А.Байтұрсынұлы, ауыз әдебиетін жинау жөнінде Х.Досмұхамедұлы, оқыту, білім мектептерін көбейту тақырыбында М.Мырзаұлы арнайы баяндама, Н.Төреқұлұлы қосымша баяндама жасады. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы ұсынған әліпби жобасы, Н.Төреқұлұлының латын жазуы хақындағы ұсынысы кең көлемде талқыланып, қызу пікірталас болды. Түркі тілдес халықтар арасындағы әліпби мәселесі, артық-кем тұсы, ереже мен емле, дыбыс жүйесі, бұл әліпбилерді оқып үйрену мен жазу, баспа ісінде пайдалану жайы да қозғалды. Осы 7 күндік жиналыста айтылған, талқыланған мәселелер, жасалған негізгі және қосымша баяндамалар, сондай-ақ жиынның қаулысы 1925 жылы төте жазумен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезді» деген атпен кітап болып шықты. Аталған жиналыс жайлы біздің қолымыздағы құнды дерек осы ғана. Бірақ ол өте аз таралыммен шыққандықтан көптің қолына толық жеткен жоқ.

Съезде қазақ жазуына негіз болатын жүйелер, қазақ тіліндегі дыбыстардың жіктелуі, «у» мен «й» дыбыстарының табиғаты, «х», «ш», «ф», «һ» әріптері т.б. мәселелер баса талқыланды. Әсіресе «у», «й» дыбыстарының табиғаты үлкен талас тудырады. Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров сынды ғалымдар қазақша дыбыстарды дыбыс жүйесіне жіктегенде «у» мен «й» дауысты дыбыстарға жатпай, дауыссыз «р» мен «л»-ға қосылып кететінін, қазақша «тау», «мүйіз» сияқты сөздер бірсыпыра түрік халықтарында «тағ», «мүгіз» түрінде айтылатынын негізге ала отырып, «у» мен «й» дауыссыз екенін дәлелдегенмен, съезге қатысушылар арасында бірауыздылық болмағандықтан, бес кісіден (Ахмет Байтұрсынұлы, Телжан Шонанұлы, Елдес Омарұлы, Мұхтар Мырзаұлы, Халел Досмұхамедұлы) құралған комиссия жасақталып, бұл мәселе арнайы талқыланады. Комиссияға Ахмет Байтұрсынұлы төрағалық етеді. А.Байтұрсынұлы аяғы «ұу», «ыу», «ый» болып аяқталатын сөздерге түрлі қосымша жалғап, оны дауысты дыбыстардың жұрнақ-жалғауымен салыстырғанда да, қай жағынан тексергенде де «у» мен «й» дыбыстарын дауысты деуге болмайтынын, екеуінің де дауыссыз екенін дәлелдейді. Сонымен қазақ тілінде дауысты «у» мен дауысты «й»-дың бар-жоғын дауысқа салған кезде 11 кісі қазақ тілінде дауысты «у», «й» дыбыстары жоқ екенін қолдап дауыс береді, 6 адам қазақ тілінде дауысты «у» мен «и» бар екенін қолдап дауыс береді. Соңында зиялылар «у» мен «й»-дің жазылуы дыбыс жүйесінше болуы керек» деген шешімге келеді. Сонымен қатар, съезде  «х», «ф», «һ», «ч» әріптері қазақша әліпбиден шығарылады, бұрын «ч» әрпімен жазылып жүрген дыбыстың әрпі «ш»-мен жазылатын болды. Қазақ тіліндегі дыбыстардың саны 24 деп белгіленіп, (әліпбидегі реті а, б, п, т, ж, д, р, з, с, ш, ғ, к, қ, г, ң, л, м, н, о, ү, у, е, ы, ш) 24 дыбыс өз ішінен дауысты (а, о, ұ, е, ы); жарты дауысты (р, л, у, и; ұяң: ң, м, н); қатаң (б, п, т, с, ш, қ, к); ымыралы (ж, з); ымырасыз (д, ғ, г) түрінде жіктеледі. «Ы» бітеу буында жазылмайды» деген ереже бұзылып, «ы» бар жерінде қалмай жазылады («ынтық», «бій», «жазыу») деп шешілді.

Бұл жиналыста Әлихан арнайы баян­дама жасаған жоқ, бірақ аралығында жиынға төрағалық етті. Ол 16 маусым күнгі пән сөздері туралы қаулы қабылдарда «Қағаз бетіне кісінің аты-жөнін жазғанда орысшаға еліктеп, әкесінің атына «ов» қосып жазу қалсын» деген ұсыныс енгізеді. Сөйтіп зиялылар «Үкімет орындарының қағазында әуе­лі әкесінің аты жазылып, оған «ұлы» деген сөз қосылып, содан соң өз аты жазылатын болсын» деген ұйғарымға тоқтайды. Міне, сол күннен бастап Алаш арыстары өз аттарын Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзір Төреқұлұлы… деп жазды. Бірақ біз қазір осы есімдерге ов, ев-ті тіркеп, арыстардың аманатына қиянат жасап жүрміз.

1924 жылы білімпаздардың тұңғыш съезі Орынборда өткен соң, араға екі жыл салып Бакуде бірінші түркологтар съезі өтті. Екеуіне ортақ тақырып – тіл мәселесі. Сол басқосуда терминология мәселесіне қатысты Қазақстан тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы негізгі баяндама жасаған. Демек, «Қазақ білімпаздары тұңғыш съезі» тек қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының ғылым-білімге талпынуына жол ашқан ізашар жиналыс болды. Оның үстіне, арада 100 жыл өтсе де, сол съезде талқыланған мәселелер әлі де күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әсіресе, дауысты, дауыссыз дыбыстар, «й», «у» дыбыстарының статусы, емлесі, қазақ жазуына негіз болатын ұстанымдар, қазақ әліпбиіндегі әріптер, т.с.с. мәселелер зерттеушілер арасында әлі талас тудырып келеді.

Қысқасы, 100 жылдың алдындағы бұл жиналыс қазақ тарихында айрықша маңыз алатын жиналыс еді. Бір әттеген-аймыз, осы жиналыстың 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтіп, осы жиында талқыланған, қазір де өзектілігін жоймаған қазақ тілінің, қазақ әліпбиінің мәселесін кеңінен талқылап, келер ұрпаққа 100 жылдық аманат қалдырсақ, бұл тарихқа құрмет, болашаққа бағдар болатын еді. Амал не, Үкімет бұл мәселені ескерген жоқ. Тек баспасөз беттерінде ұшқындап жазылып, шағын көлемде жиналыстар өткені болмаса, ел болып ескере алмадық. Бұл да – барды бағаламаудың, тарихқа жанашырлықтың аздығының белгісі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button