ӘлеуметБасты ақпарат

Ел үміті – жастарда

Халықпен тікелей байланысатын, көпшіліктің көңілін күпті еткен жайларды шешуге өкілетті тұлғаға қойылатын талаптар өлшемі уақытқа сай жаңа сатыға көтерілді. Мемлекеттік қызметші келбеті қандай болуы керек, оған қажетті адами, кәсіби қасиеттер қандай? Мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – мемлекет үшін, қоғам үшін маңызды мәселе. Міне, сондықтан елімізде мемлекеттік қызмет халыққа барынша ашық болып, заманауи цифрлық технологияларды қолдану арқылы бюрократияны болдырмайтын, жаңашыл ойлайтын жас мамандарды тартуға баса назар аударылады. Бұл жастардың мақсатты бағытын айқындап, мансаптық өсуіне, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметшілерге мүмкіндік

Бүгінде мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасуын жеңілдетуге, ашықтықты қамтамасыз етуге, конкурстық үрдіс­терді қысқартуға бағытталған. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке қабылдауды оңайлату үшін жаңа мүмкіндіктер жасалды.

Отандық жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен, жоғары үлгеріммен аяқтаған жастарға конкурссыз кіру мүмкіндігі берілді. Бүгінде 172 үздік түлек конкурссыз аудандық (121) және ауылдық (51) жерлердегі мемлекеттік қызметке қабылданды. Тағайындалған жастар – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлектері. Бұл жас мамандардың өңірлерге, алыс ауылдарға барып, жергілікті жерлердегі қызметшілердің сапалық құрамының білімді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр.

Қанатқақты жоба жастарға жол ашты

«Мамандық таңдау бір қарағанда оңай боп көрінуі мүмкін, бірақ ол бүкіл саналы ғұмырыңның айнасы. Жүрек қалауыңмен таңдалған мамандық бойынша жұмыс істеу – өмір сүрудің материалдық қана емес, моральдық қолдаудың нағыз өзі. Оған белгілі бір дайындық пен жауапкершілік талап етілсе, оған үлкен ынтамен, шығармашылықпен бар ғұмырыңды арнайсың» деген пікірді қолдайтын жастың бірі – Астанадағы Алматы ауданы әкімі аппараты тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Ислам Ибраймов.

Мемлекеттік қызметте бұл лауазымға дейін Теміртау қаласындағы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясында 2 жылдай бас маман болған ол ағымдағы жылы мемлекеттік қыз­метке іріктеудің жаңа қанатқақты жобасы іске асып жатқанын естіп, қызығып, бірден өтінім берді.

– Мен «e-Qyzmet» порталына кіріп, Алматы ауданы әкімі аппараты тіршілікті қамтамасыз ету бөлімі бас маманы ла­уазымына өтінім бердім. Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жобасы 3 кезеңнен тұрады екен. Олар – жеке қасиеттерін бағалауға арналған тес­тілеу, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, сұхбат. Бұл кезеңдерді бо­йыңыздағы тапқырлығыңыз бен біліміңіздің көмегімен алып шығасыз. Қанатқақты жобаның ерекшелігі – адами фактордың болмауы, яғни барлығы өзіңіздің қолыңызда, қалай тапсырасыз – солай алып шығасыз, әлемнің кез келген жерінде жүрсеңіз онлайн тапсыра аласыз, бастысы ­компьютер мен интернетіңіз болса жеткілікті, сонымен қатар өзіңізге ыңғайлы уақытты таңдап, қалаған кезіңізде кіріп тапсыра берсеңіз болады. Мемлекеттік қызметке келудегі мақсатым – халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Мемлекеттік қызметші атану адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді.

«Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп бекер айт­паса керек халқымыз. Білімді, еңбекқор, елге қызмет етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты қозғаушы күші.

Жаңашыл жүйе

Мемлекеттік қызметке тең қол жеткізуді жүзеге асырудағы пәрменді құралдың бірі – іріктеудің жаңа жүйесі. 2023 жылы мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімін жеңілдету үшін «e-Qyzmet» жүйесін жаңғырту аясында сыртқы портал әзірленіп, конкурс­тық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Қазіргі таңда ол 22 мемлекеттік органда іске қосылды. Іріктеудің автоматтандырылған жүйесі әрбір азаматқа конкурстың барлық кезеңіне онлайн қатысуға мүмкіндік беріп, адами факторларды азайтады. Анонимділікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ мүдделер қақтығысын болдырмау үшін үміткерлерге ID-нөмір беріледі. Осылайша, конкурс рәсімінің ашықтығын тә­уелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етуде және конкурс жеңімпазы барлық кезең қорытындысы бойынша ақпараттық жүйемен дербес айқындалуда.

Жаңа жүйе бойынша конкурсқа қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыс­тағы іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылар саны 2,7 есеге артып отыр.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі алдағы уақытта кадрларды іріктеу үдерісіне жасанды интеллектті енгізуді жоспарлап отыр.

«Жедел цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндігін белсенді қолдануға көшу барысы іріктеудің тиімділігін арттырудың жаңа мүмкіндігін аша түседі» дейді агенттіктегі мамандар.

Жобада – жаңа есімдер

Президенттік жастар кадр резерві еліміздің талапты жастарына зор мүмкіндік береді. Биыл елордада Мемлекет басшысының қатысуымен Президенттік жастар кадр резервінің форумы өткені белгілі. Еліміздің үміт артқан жастары бас қосқан ауқымды іс-шарада ел Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаев: «Көп ұзамай мемлекеттің игілігі үшін ең жауапты шешім қабылдайтын кезеңге тап келесіздер. Үкіметте болсын немесе квазимемлекеттік секторда болсын, ел басқару ісіне араласасыз­дар. Әлбетте, жеке секторда да еңбек етесіздер. Сондықтан мен сіздерге зор үмітпен қараймын. Ең алдымен, осы зор жауапкершілікті дұрыс түсінген абзал. Қай салада болмасын, негізгі мақсат мемлекет мүддесі болуға тиіс. Баршаңызға мәлім, мен жақында Үкіметте кеңейтілген жиын өткіздім. Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға арналған нақты шараларға тоқталдым. Қазір біздің алдымызда өте ауқымды міндеттер тұр» деді.

Форумда Президент мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керегін және оларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты. Мемлекет басшысы біздің жетістіктерімізді бақылап, жастар кадр резервінің әрбір мүшесінен елді өркендету үшін тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс, зор үміт күтетінін жеткізді. Сондай-ақ ел Президенті үлкендердің зейнетке шығатынын, ал жастар олардың орнын басуға, ел үшін маңызды шешімдер қабылдауға дайын болу керегін нықтады. Ол үшін жастар жеткілікті тәжірибе жинақтап, оң өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек.

1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өңірлік кадрлық резервке іріктеу жүруде. Өңірлерде, аймақтарда өңірлік кадрлық резервті құрудың негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптас­тыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы жүзеге асырады. Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурсқа қатыспай-ақ орналаса алады.

Нәзік жандар қатары көбейіп келеді

Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 55,7 пайызын әйелдер құрайды. Олардың басшы лауазымдар арасындағы үлес салмағы – 39,4 пайыз.

Әдеп нормаларын сақтауды қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі аталды. Қазіргі күні әдеп жөніндегі уәкілдердің 38 пайызы – әйел. Жалпы мемлекеттік қызметтегі әйелдер әдеп стандарттарын сақтай отырып, жа­уапкершілік пен құзыреттің жоғары деңгейін көрсетіп отыр.

1981 жылы Ақмола облысында дүниеге келген Сәния Омарова Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті заң басқармасының бас маманы қызметін атқарады. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, мемлекеттің дамуына өз үлесін қосып жүрген білікті маман. Бос уақытында Сәния Өмірсерікқызы Астана қаласы бойынша орталықтандырылған кітапханада балаларға арналған шығармашылық, шеберлік сабағын өткізіп, өз білгенін үйретуден аянбайды. Себебі ол болашағымыз өскелең ұрпақтың қолында екенін терең ұғынып, қолы бос кезде уақытын шығармашылық жұмысқа арнайды, олардың болашағы үшін әркез алаңдайды.

Мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс уақыты форматы белсенді қолданылуда. Бұл жас балаларды тәрбиелеп отырған аналарға өз кәсіби міндетін жеке өмірімен тиімді үйлестіруге мүмкіндік беріп отыр. Осы форматтағы жұмыс кестесін қолданушы 3024 мемлекеттік қызметшінің 63 пайызын әйел­дер құрайды. Ал мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметшілердің саны 847 адамды құрайды, оның 30 пайызға жуығы басшылық лауазымда қызмет атқа­рады.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button