Ел тынысы

Елорда архивінде «Зұлмат жылдар ұмытылмайды» атты дөңгелек үстел өтті  



Астана қаласы мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Зұлмат жылдар ұмытылмайды» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға тарихшы ғалымдар, Астана Халықаралық университетінің тарих факультетінің студенттері, архив қызметкерлері қатысты. Шараға қатысушылар 1920-1930 жылдардағы зұлмат заман қасіретін айғақтайтын архив құжаттарының көрмесімен танысты. Сонымен қатар, Астана қалалық мемлекеттік архивінің кітапхана қорына түскен, 2023 жылы жарық көрген «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары (XX ғасырдың 20–50 жылдары)» көптомдығының 34-52 томдарының таныстырылымы болды. Бұл жинақтың 48 томы Астана қаласы мемлекеттік архивінің құжаттары бойынша дайындалған.
Алғашқы сөз кезегін алған Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Астана қаласындағы филиалының директоры, PhD докторы Қозыбаева Махаббат Мәлікқызы 2020 жылы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің 2021-2023 жылдардағы атқарған жұмысы туралы жан-жақты баяндап өтті. Жобалық кеңсе жетекшісі, «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымовтың жетекшілігімен өңірлік комиссиялар құру, олардың жұмыс топтарымен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру тәжірибесіне тоқталды. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Халықаралық қатынастар факультетінің аймақтану кафедрасының профессоры Даркенов Құрманғали Ғазезұлы 1920-1930-шы жылдардағы қазақ ауылының ахуалы, сол жылдардағы ашаршылықтың себебі туралы шетелдік ғалымдардың пікірі және қазақ зиялыларының тағдыры туралы баяндамасы қызығушылық тудырды.
Тарихшы ғалым қазақ жерінде аштықтың тууына, халықтың тоз-тоз болып, бас қамы үшін босып кетуіне ет және астық дайындау науқанымен қатар бірнеше субъективті факторлар,  1925-1933 жылдары Қазақстанда қызмет істеген Голощекиннің саясаты, Голощекинмен бірге билікте болған қазақ большевиктері, ұлт мүддесін ойлайтын қазақ зиялыларының қуғын-сүргінге ұшырауы әсер еткенін атап өтті. Президенттің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 қаулысымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия және осы комиссия аясында құрылған өңірлік комиссиялар кешенді зерттеулер жүргізіп, өзекті мәселенің қайта көтерілуіне ықпал еткенін, қазақ жеріндегі аштықты шынайы бағалау, таразылау маңыздылығына назар аудартты.
Бұдан кейін т.ғ.к., Алаштанушы, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері Сүлейменова Дәметкен Досмұханқызы, Еуразия гуманитарлық институтының профессоры Есқалиев Самат Амангелдіұлы, ҚР Ұлттық Қорғаныс университетінің аға оқытушысы, философия (PhD) ғылымының докторы, полковник    Спатаев Ербол Даулетбекұлы тақырып төңірегінде өз ойларын ортаға салды.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Архив ісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тажина Жангүл Құдабайқызы қазақ еліне орны толмас шығындар әкелген өткен ғасырдың қаралы беттерін зерттеу, зерделеу ісіндегі архивтердің орны туралы сөз қозғады. Дөңгелек үстелді Астана қаласы архивінің директоры Ж.Б. Бимолдин жүргізіп отырды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, ұлттық жадыны жаңғырту және тарихи тәжірибені болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен шараға астаналық студенттер қатысып отырды.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button