Ел тынысы

Елордада мүгедектігі бар адамдардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Елордада «Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың еңбек құқықтары мен мүмкіндіктері» тақырыбында диалог алаңы өтті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині), ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, ҮЕҰ және бизнестің өкілдері ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру және инклюзивті саясатты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин өзінің алғы сөзінде Қазақстан инклюзивті қоғам құруға ұмтылатынын, онда әрбір адам, дене мүмкіндіктеріне қарамастан, тең құқықтар мен еңбекке қол жеткізе алатынын атап өтті.

«Мүгедектігі бар адамдар жұмысқа орналасу және өзін-өзі жүзеге асыру жолында бірқатар кедергілерге жиі тап болады. Бұл физикалық кедергілер ғана емес, сонымен қатар стереотиптер, алалаушылық және ақпараттың жетіспеушілігі болуы мүмкін. Біздің міндетіміз – әрбір азамат қоғамның дамуына өз үлесін қосып, өз әлеуетін іске асыра алатын жағдайлар жасау.

Елімізде жағдайды жақсарту үшін маңызды қадамдар қабылдануда: жұмыспен қамтуды қолдау бағдарламалары әзірленуде және енгізілуде, арнайы жұмыс орындары құрылуда, заңнамалық база жақсаруда. Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық және еңбек өміріне толыққанды қатысуы үшін жағдай жасауға бағытталған Инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеу болып табылады», – деді ол.

Өз кезегінде Еңбекмині Жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Елімізде 725 мың мүгедектігі бар адамның ішінен еңбекке қабілетті жастағы азаматтар саны 385,8 мың адамды (53,6%) құрайды. Ал жұмыс істеп жатқан мүгедектігі бар адамдардың саны 138,8 мың адамды, яғни еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтардың 36%-ын құрайды.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтудың қажетті шарасы ретінде әкімдіктер штат саны 50 адамнан асатын кәсіпорындардағы жұмыс орындарына 2-ден 4% – ға дейінгі квотаны бекіту жөнінде шаралар қабылдайды. Квотаны орындамағаны үшін заңнамада айыппұлдар қарастырылған.

Бұдан басқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына көзделген қаражаттың 3,7%-ы немесе 3,5 млрд теңге мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге жұмсалады», – деді Асқар Ниязов.

Жалпы, азаматтарды жұмыспен қамту жөніндегі шаралар ұлттық жобаларды іске асыру аясында, бос жұмыс орындарына, Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына, сондай-ақ мемлекеттік гранттар беру жолымен жүргізіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 28,2 мың мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналастырылды.

«Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін жергілікті жұмыспен қамту органдарына барып та, enbek.kz немесе eGov онлайн порталы арқылы үйден шықпай да жүгінуге болады. Бизнес-процесс өте қарапайым: мансаптық орталықтар жұмыс іздеушілерге бір жұмыс күні ішінде жолдама береді, одан әрі әңгімелесу жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің қатысуымен өтеді, оң шешім қабылданған жағдайда тиісті шарт жасалады», – деп толықтырды Асқар Ниязов.

Іс-шара барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру тәжірибесі және инклюзивті саясатты дамыту бойынша ұсыныстар қаралды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button