Басты ақпаратЕл тынысы

Елордадағы кәсіпорындарды аралады



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше елордадағы маңызды нысандарды аралап, зауыттар мен мектептердің ұжымымен кездесті.

Өндіріс орындарымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың маңызды нысандарын аралауды, алдымен, №1 Индустриялық парктен бастады. Мұнда Мемлекет басшысына елорданың инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлімет берілді. Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың баяндауынша, алғашқы жартыжылдықта елорданың аймақтық жалпы өнімінің көлемі 4,7 триллион теңгені құраған. Өсім көрсеткіші – 4,1 па­йыз. АЖӨ құрылымындағы үлестің басым бөлігі, яғни 73 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі. Ал инвестицияның үлесі – 11,5 пайыз.

Инвестиция тарту ісінде №1 Индустриялық парк айрықша рөл атқарады. Мұнда жалпы инвестиция сомасы 322 миллиард теңге болатын 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Парк өндіріс ауқымы жағынан республикада бірінші орын алады. Іске қосылған сәттен бері өндіріс алаңында 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарылған.

Президент елорданың дамуына ірі өндіріс орындары аса қажет екенін айтты.

«Астана халқының саны өсіп келеді. Таяу жылдары 1,5-2 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысына арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Тау-Кен Алтын», «Stadler Kazakhstаn», «DSS», «ЭНКО», «DUYQAZ», «ВМП Астана» және «MFA International» секілді жетекші кәсіпорындардың жетістіктері таныстырылды. Құрамында қымбат металдар бар шикізатты өңдеумен және аффинаж­даумен айналысатын «Тау-Кен Алтын» зауыты – «Самұрық-­Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқаруындағы табысты кәсіпорындардың бірі. Зауыт іске қосылғалы бері 10 жыл ішінде Ұлттық банк үшін 200 тоннадан астам таза алтын өндіріп, 80,5 тонна қымбат металға толлинг қызметін көрсеткен.

Президентке таныстырылған тағы бір өндіріс орны – «Stadler Kazakhstаn» ЖШС. Кәсіпорынның негізі биыл швейцариялық Stadler Rail AG холдингімен инвестициялық келісім нәтижесінде қаланды. Теміржол көлігін шығаратын әлемдегі көшбасшы компания Қазақстанда жолаушы вагондарының өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Ең алдымен, зауыт өнімі отандық жылжымалы құрамды жаңартуға бағытталады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін әртүрлі типтегі 500-ден аса вагон құрастырылмақ.

Индустриялық парктегі кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, олардың шығаратын өнімдері ішкі нарықта да, одан тысқары жерлерде де сұранысқа ие.

Мәселен, «ВМП Астана» зауыты шығаратын коррозияға төзімді әрі өрттен қорғайтын лак-бояу жабындылары өнеркәсіптің түрлі секторында кеңінен қолданылады. Өнімнің 90 пайыздан астамы Ресейге экспортталады, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан нарықтарына да шығарылады.

Елорданың құрылыс индустриясындағы жоғары сұраныс «ЭНКО» компаниясының жылумен және сумен қамтамасыз етуге арналған құрылғыларға қызмет көрсететін өндіріс-сервис кешенін ашуына ықпал етті.

Түркиялық «MFA MASKE TİCARET SANAYİ A. Ş» компаниясымен бірлесе шығарылатын FFP1, FFP2 және FFP3 санатындағы респираторлар да эпидемиялық қауіп күшейген кезеңде сұранысқа ие бұйымға айналды. Қазіргі таңда №1 Индустриялық парктің резиденті – «MFA International» компаниясы технологиялық өндірістік желілердің санын беске дейін арттырды. 2027 жылға дейін 10 өндіріс желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл компанияға жылына 20 миллион респираторға дейін өндіруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев «DUYQAZ» ЖШС шығаратын әскери киім, «Cuman Digital System Servis» ЖШС өндіретін телекоммуникация құрылғыларының үлгілерімен, сондай-ақ басқа да компаниялардың өнімдерімен танысты.

60 млрд теңге салынған кәсіпорын

Президент пластмасса ­бұйымдарын шығаратын «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС зауытына барды.

Астана қаласының №1 Индустриялық паркін аралап көру барысында Мемлекет басшысы «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС-тің жұмысымен танысты. 2018 жылы негізі қаланған компания резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіреді. Кәсіпорын жыл сайын 72 миллион бақылау-индикатор пломбалары мен өздігінен жабысатын лейблдер, сондай-ақ мал шаруашылығында қолданылатын 24 миллион дана сырға шығарады.

«Универсал» ЖШС компания­лар тобына кіретін «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» полипропилен қаптарын шығаратын зауытты, сондай-ақ Қазақ­станның өзге де өңірлерінде крахмал және крахмалдың қантқа айналып үлгермеген түрін өндіретін ірі өндіріс орнын басқарады. Қазіргі уақытта Түркістан облысының Шардара қаласында жүгері дәнін терең өңдеу жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Зауыттың қуаты жылына 150 мың тоннаны құрайды. Компаниялар тобы 80-нен астам өнім түрін шығарады. Мұнда 3400 адам жұмыс істейді. Салынған инвестиция көлемі – 60 миллиард теңге.

Импорт алмастыруға назар аударды

Мемлекет басшысы «Metal Former» зауытын аралап көрді. Президент жабындылар мен қаптама материалдарын шығаратын «Metal Former» ЖШС-тің өндіріс желісімен танысты. Ішкі нарыққа шығарылатын зауыт өнімі шетелден импортталатын алюминий профильдерді 15 пайызға дейін, ал шатыр жабындылары мен фиброцемент панельдер импортын 40 пайызға дейін алмастыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысына өндіріс цехы мен дайын өнімдер көрсетілді. Қасым-Жомарт Тоқаев импорттан келетін құрылыс материалдарын өзіміздің отандық өнімдер алмастыруы керек екеніне назар аударып, мұндай кәсіпорындарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Президент зауыт жұмысшыларына табыс тіледі.

Көпсалалы кешенді көрді

Мемлекет басшысы YDA Industrial Park біріккен өндіріс кешенінің жұмысымен танысты. Көпсалалы өндіріс кешенінің құрамына медицина және кеңсе жиһаздарын, медициналық жабдықтар, модульді құрылыстар мен металл конструкцияларын, терезелер мен витраждар шығаратын бес кәсіпорын кіреді.

Аталған бес кәсіпорын өзара тығыз байланысты, сол арқылы ортақ жобаны жүзеге асыруға бірлесе атсалысады. Бұл – кешеннің өзіндік ерекшелігі. Ал өндірілетін өнімдер импортты алмастырады. Тауарлардың құны да, сапасы да шетелдік баламаларынан кем түспейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның өндіріс цехтары мен өнім түрлері қойылған шоурумды аралап көрді. Жоба инвесторы, түркиялық YDA Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хуссейн Арсланның айтуынша, біріккен өндіріс алаңы жеке инвестиция (30%) мен қарыз қаражаты (70%) есебінен 2021-2022 жылдары іске қосылған. Жалпы құны 22 миллиард теңге болатын жоба аясында 300 адам жұмыспен қамтылған.

Мемлекет басшысына YDA Group өнімдерімен толық жабдықталған және компанияның қаржысына салынған «Harmony Steam School» мектебі таныстырылды. Балалар мұнда нақты ғылымдарға басымдық бере отырып, STEAM (Science, Technology, Engineering, Arts, Math) технологиясы бойынша оқиды. Мектепті бітірген түлектер инженерлік мамандық алып шығады.

– STEAM – физика, математика сияқты техникалық пәндерге баса мән берілетін ерекше бағдарлама. Сапалы білімге қатысты барлық бас­тамаға оң көзбен қараймын. Біз сіздерді қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамыту және ірі жобаларды іске асыру кезінде жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін арттыру маңызды екенін атап өтті.

 Инновациялық технология қолданылады

Қасым-Жомарт Тоқаев MODEХ Astana темірбетон ­конструкцияларын шығаратын зауытқа барды. MODEХ Astana – BI Group холдингінің еншілес кәсіпорны. Компания 2020 жылдан бастап жұмыс істейді және онда 360 адам еңбек етеді. Жобаның құны – 16 миллиард теңге. Кәсіпорында индустриялық-модульдік құрылыстың инновациялық технологиялары қолданылады.

BI Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтың айтуынша, модульдік үйдің құрылысы әртүрлі ғимарат салу уақытын едәуір қысқартуға, олардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл халықтың басым бөлігі үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуына ықпал етеді. Аталған технологияны үйлердің, коттедждер мен тұрғын үй кешендерінің құрылысы кезінде ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу барысында да қолдануға болады. Компания құрылған күннен бастап осы технология бойынша жалпы ауданы 200 мың шаршы метр­ден астам нысандар салды.

Озық елге айналуымыз керек

 Мемлекет басшысы Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназияны аралап көрді. Президентке білім ошағындағы оқу-тәрбие жұмыстарының барысы таныстырылды. Бұл мектеп жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынды. Биыл пайдалануға берілген гимназия елорданың сол жағалауындағы басқа мектептердің жүктемесін азайтуға септігін тигізді. Қазір мұнда 1466 оқушы білім алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім беретін мектеп-гимназияның оқу үдерісі туралы баяндалды. Оқушыларға ағылшын, француз тілдерімен қатар, қытай тілі де оқытылады. Мектеп директоры Сәуле Теменованың айтуынша, мұнда инклюзивті білім беруге баса назар аударылған. Бұл ретте әр оқушыға жеке оқу бағдарламасы әзірленген. Сондай-ақ инклюзивті қолдау, емдік дене шынықтыру және бейіналды даярлау кабинеттері бар.

Бүгінде мектеп-гимназияда арнаулы білім беруді қажет ететін 28 бала оқиды. Сонымен қатар мектепте цирк, қыш өнері, балет үйірмелері жұмыс істейді. Мемлекет басшысы мектеп-гимназияның спорт залын, роботты техника кабинетін аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті.

«Роботты техника – ­перспективті сала. Мен сіздерді қолдаймын. Қазір әлем жасанды интеллектіге баса мән беріп отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл – өте маңызды бағыт. Жасанды интеллект келешекте әрбір салада пайдаланылады. Сондықтан Қазақстан осы істе озық ел болуы керек деп ойлаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент №96 мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымымен жүздесіп, мемлекет ұстаздардың мәртебесін одан әрі көтеруді жалғастыра беретінін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына елорданың білім беру жүйесі жайында баяндалды. Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев биыл 16 мың оқушыға арналған 12 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бүгінге дейін 7 мектеп ашылған. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп іске қосылмақ. Сонымен қатар басқарма басшысы Президенттің Астана қаласында педагогикалық жоғары оқу орнын ашу жөніндегі тапсыр­масы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп ұжымын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button