Ел тынысы

Елордалық 10 870 түлек ҰБТ тапсырады



16 мамырда еліміздің 14 аймағында негізгі ҰБТ басталды, тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады. Ал төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде, яғни Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

-Биыл Астана қаласы бойынша мектеп бітірушілердің саны 11 мыңнан асады адамды құрайды. Олардың  ішінде 10 870 мектеп бітіруші тестілеуге қатысуға өтініш берген. Күн сайын 638 оқушы екі кезеңмен ҰБТ тапсыруда. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды, – дейді  Астана қаласы Білім басқармасының Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы  Асыл  Амангелдиева.

Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.

Тестілеудің  жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады, ал көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді. Білім басқармасымен психологтар қызметі және мүгедектер мен мүгедек балаларға тестілеу тапсыруға жағдай жасау мақсатында (пән мұғалімі болып табылмайтын) педагог-ассистенттердің сүйемелдеуі қамтамасыз етіледі.

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар, калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, оларға кестелердің қағаз нұсқасы беріледі.

Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляциялық комиссияның  шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Шекті балл өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл (ұлттық жоо үшін); ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.

Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен  тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және т.б.) алып өтудің алдын алу үшін қажет. Тестілеу барысында аудиторияның және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады.

2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады. ҰБТ кезеңінде ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жоспар-тапсырмасы бойынша, тест өткізу пунктерінде тиісті жұмыстар (қоғамдық тәртіп, өрт қауіпсіздігін сақтау, ғимараттың терроризмге қарсы қорғалуын тексеру, үздіксіз электрмен жабдықтау, жедел жәрдем кезекшілігін ұйымдастыру, пункт аумақтарын жинау, мемлекеттік комиссия мүшелерінің кезекшілігі) жүргізуде.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button