Ел тынысы

Елордалық байкерлер «Таза Қазақстан» экоакциясын қолдады



 Астанада жылда осы уақытта мотомаусым ашылуын ресми түрде өткізетін елордалық байкерлер биыл оны «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында ұйымдастырды. Республикалық акцияға осылайша қолдау білдіруді жөн көрген олар мотошеру басталар алдында табиғат аясында сенбілікке шықты. Іс-шараның өтуіне қала әкімдігі, қалалық ішкі саясат басқармасы, қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау білдірді.

Мәңгілік ел және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы №24 Gas energy жанар-жағар май бекеті жанынан бастау алған іс-шара Орталық парктегі «Сағат» ескерткіші жанында жалғасын тапты. Үш бөліктен тұрған акция бойынша оған қатысушылар алдымен Нұра өзені аумағындағы жерді қоқыстардан тазартты. Одан әрі Қазақстанның және аталған акция аясындағы «Таза Қазақстан» туларын желбіретіп, өздерінің көліктеріне отырып, Тұран көшесін бойлай паркке дейін шерулетіп өтті, сөйтіп биылғы мотомаусымды ашты.

-Біз қаламыздағы мотоқауымдастықтың белсенді өкілдеріміз. Әдетте дәстүрлі түрде көктемде күн жылынғанда «екі аяқты тұлпарымызды» шығарып, мотомаусымның ашылуын өткіземіз. Осы арқылы салауатты өмір салтын, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыруды насихаттап, жастарды спортты серік етуге шақырамыз. Ал биылғы ерекшелік – «Таза Қазақстан» акциясынан тыс қалмай, Мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдіруді жөн көргеніміз. Қазіргі тұрған жер – жылда осы мотомаусымды ашу үшін жиналатын тұрақты орнымыз. Жалпы қалада байкерлерге қолайлы, ешкімге кедергі келтірмейтін бірнеше нүкте бар. Ұсынымызды қала әкімдігі қолдады, міне қазір елордалық байкерлер Нұра өзені маңайын қоқыстан тазалап, оларды арнайы қаптарға салуда. Жалпы біз өзімізді үлкен бір мото әулетпіз деп санаймыз. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Бүгін ашылуына тек елордалық қана емес өзге қалалардан да мотоцикл айдағанды жақсы көретіндер келіп, қатысуда, – дейді ұйымдастырушы, 𝗥𝗢𝗔𝗗 𝗕𝗥𝗢𝗧𝗛𝗘𝗥𝗦 𝗠𝗖𝗖 𝗞𝗔𝗭𝗔𝗞𝗛𝗦𝗧𝗔𝗡 клубының президенті Серік Шаланбаев.

Астана қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарманың бас маманы Ерлан Айдар елордадағы мотоклубтардың экологиялық акцияға осындай жолмен қолдау білдіргеніне алғысын білдірді.

-Жыл сайын өтетін мотомаусымның ашылуы кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуге тиісті мекемелер жұмылдырылды. Мото шеру кезінде Орталық паркке дейін полиция патрулі еріп отырады. Басқа да тәртіп сақшылары, денсаулық сақтау мекемелері өкілдері іс-шараның дұрыс, тәртіппен өтуіне атсалысуда, – дейді ол.

Мотомаусымның ашылуына арналған іс-шараның үшінші бөлігінде аталған паркте қала тұрғындарына, балаларға арналған көңілді анимациялық ойындар, байқаулар, музыкалық шоу ұйымдастырылып, байкерлер өнер көрсетті, белсенді қатысушыларға сыйлықтар ұсынылды.

-Жасым отызда, жеке кәсіпкермін. Байкерлікпен үш жылдан бері айналысамын. Мотомаусымның ашылуы өте жоғары деңгейде өтуде. Әкімдіктің қолдауы сезіліп тұр. Екі аяқты көлігіммен басқа күндері де шаруаларымды бітіруге шығамын, себебі өте ыңғайлы, – дейді елордалық байкер Серік Байгонишев.

  


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button