Ел тынысы

Елордалық полицейлер «Астана-есірткісіз қала» атты велошеру өткізді

Нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында, сондай-ақ, «Нашақорлыққа қарсы күрес және нашақорлықтың алдын-алудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру аясында елордада «Астана – есірткісіз қала» атты ұранымен велошеру өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Велошеруге полиция департаментінің қызметкерлері, қалалық әкімдік, спорт секцияларының, ҮЕҰ жастар қозғалыстарының өкілдері, сонымен қатар, қатысуға ниет білдірген азаматтар қатысты. Велошеру Тұран даңғылының бойындағы «Қазақстан Күні» монументінен бастау алып, Қорғалжын тас жолына дейін жалғасып, Тұран даңғылының бойындағы демалыс саябағында аяқталды. Бүкіл сапар барысында велошабандоздарды полицияның патрульдік көліктері мен эскорд взводы ілесіп жүрді. Велошеруге 700-ден астам адам қатысты.

Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың жетекшілігімен қатысушылар он шақырымды бағындырды.
Спорттық шара – өскелең ұрпақ арасында есірткі қылмысымен күресу, сондай-ақ, жастардың есірткіге әуес болмай, психоактивті заттарды қолданбай, бос уақытын дұрыс пайдаланып және бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мен дамыту мақсатында өткізілді.

«Велошеру – ең алдымен нашақорлық мәселесіне қоғамның назарын аударуға бағытталған. Бұл – бүкіл қоғам үшін проблема және онымен бәріміз бірге, жұмыла күресуіміз қажет»-деп елордалық Полиция департаментінің басшысы атап өтті.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңсыз есірткі айналымынан жалпы салмағы 60 келіден астам есірткі затын тәркіледі. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында нашақорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, сондай-ақ, оларды осы зиянды тәуелділіктен қорғауға бағытталған. Велошерудің барлық қатысушылары қашықтықтан сүрінбей өтіп, ал олардың достары мен әріптестері мәре сызығында күтіп тұрды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button