Қала мен Сала

Елордалықтар қайда шомылады?

Жаз – суға шомылу маусымы. Әсіресе асыр салып, аулаға сыймайтын ойын балалары суға түсуге әуес. Көпшілік жаздың ыстық күндерінде өзен мен көлдерді жағалайтыны белгілі. Ал жыл сайын 1 маусым қалада шомылу маусымы ашылады. Сонымен елордалықтар мен қала қонақтары қай жерлерге суға түсіп, демалады? Қандай жағажайлар қарастырылған? Судағы қауіпсіздік сақтала ма?

Рұқсат етілген бес жағажай бар

Елордада суға түсуге рұқсат етілген бес жағажай бар. Оның төртеуі ақылы. Біріншісі – Астана саябағындағы жағажай. Ол Есіл ауданы, Тұран көшесінде орналасқан. Екінші рұқсат етілген жағажай Есіл өзені бойындағы «Три Пескаря» қонақ үй кешенінің аумағынан орын тепкен. Аталмыш демалыс орны Сарыарқа ауданындағы Көктал тұрғын алабы, Еңлік-Кебек көшесі, 11 мекенжайында орналасқан. Ал үшіншісі – Есіл өзені бойындағы «Столичный двор» демалыс орны аумағындағы жағажай. Мекенжайы: Алматы ауданы, Күйгенжар тұрғын алабы, Атақоныс көшесі, 20Б. Төртіншісі – «Армина» демалыс аймағы маңындағы жағажай. Атақоныс көшесі, 17А мекенжайындағы бұл жағажай қатарға биыл ғана қосылды. Бесіншісі – көпшілік үшін тегін, Шабал Бейсекова көпірі ауданындағы коммуналдық жағажай. Аталған су айдындарының рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелерінің тізбесі «2gis» картографиялық платформасында орналастырылған. Қала мәслихатының шешімімен шомылуға арналған су айдындарының 21 тыйым салынатын учаскесі (Алматы – 8, Байқоңыр – 4, Есіл – 4, Нұра – 2, Сарыарқа – 3) анықталды.

Жағажайлардан басқа, жекеменшік бассейндер де қалада жетерлік. Мәселен, қала ішінде Ailand, Sky Beach Club және «Оазис» жағажай клубы сияқты жекеменшік иеліктегі демалыс орындары бар. Мысалы, орталық саябақтағы «Оазис» жағажай клубы – ашық аспан астында, таза ауада шомылуға арналған Астанадағы бірден-бір бассейн. Орналасқан жері тиімді болғандықтан, мұнда келушілер қатары қалың. Аталмыш кешенде үш бассейн қарастырылыпты. Оның біріншісі кішкентай бүлдіршіндерге арналған, тереңдігі – 20 см. Ал үлкен балаларға арналған екінші бассейннің тереңдігі – 1,5 метр. Бір уақытта бұл жерге 200 адамға дейін сыяды екен. Келушілерге шезлонгтар, матрастар, сүлгілер және үрлемелі дөңгелектер тегін ұсынылады. Ендігі балалардың сүйікті орындарының бірі – жабық ғимаратта орналасқан Ailand аквапаркі. Үлкенге де, кішіге де ұнайтын бұл жерге келушілердің қатары қалың. Халат, сүлгілер жиынтығы сияқты шомылуға арналған заттар және шезлонг тегін беріледі. Хан Шатыр ойын-сауық орталығының 5-қабатында орналасқан Sky Beach Club демалыс орны келушілерді, әсіресе, Мальдив аралдарының экзотикалық жылы құмымен қызықтырады деседі. Одан бөлек, балалар үшін «Алатау», «Астана» секілді спорт кешенінде орналасқан бассейндер бар.

Астанадан 40-45 шақырым ғана қашықтықта орналасқан Сарыкөл ауылындағы Тұз көлінің емдік қасиеті бар көрінеді. Бірақ бұл көлдің суының құрамын мамандар әлі анықтамапты. Сонымен қатар, қала іргесіндегі «Чистые пруды», «Алтын қырғауыл» («Золотой фазан»), «Бейбарыс», «Балқарағай» сияқты және басқа да шипажайларға, демалыс орындарына баратындар қатары аз емес. Әлбетте, бұл орындардың барлығында да жанға жайлы жағдай жасалған. Бірақ оның бәрі ақылы болғандықтан, оны біреудің қалтасы көтерер, ал айлығы шайлығына жетпей жүрген ортанқол отбасылардың шамасы келе бермейді. Сондықтан олар шомылуға арналған тегін жерлерді қарастырады.

Суға түскенде сақ болыңыз!

Қала іргесіндегі өзен-көлдерге бүкіл қала жұртшылығының аяғы жете бермейді. Сондықтан олар рұқсат етілмеген су арналарына шомылуға мәжбүр. Суға шомыламын деп қызық қуған балалардың көпшілігі қауіптің қайдан келерін естен шығаратыны да түсінікті. Араларында қауіпсіздік ережелерін қаперіне ілмейтіндер де бар. Соның салдарынан суға кетіп, өлім құшып жатқандар да жоқ емес. Еске салсақ, былтыр қалада 7 адам суға батып кеткен. Оның біреуі – жасөспірім. Әрине, оқыс оқиғалардың барлығы қарапайым ережелерді сақтамағандықтан туындайды. Немқұрайдылық пен салғырттықтың салдары қайғылы жағдайларға әкеліп соқтыратыны анық. Елордалық құтқарушылар да жағажайға келген қала тұрғындары тиісті белгілерге құлақ аса бермейтінін, белгіленген аймақтан асып шомылатынын, қауіпті орындарда шомылуға әуес екенін баса айтады. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың қайталануына жағажайларда алкогольді ішімдік ішу, өз күшін бағаламау және ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы себеп болады.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Құсайынов шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Шомылу маусымы кезеңінде Астана қаласы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары» әзірленіп, қала әкімдігімен бекітілгенін айтады.

– Елордалық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мектептерде мұғалімдермен, оқушылармен «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша түрлі конкурстар, вебинарлар, сабақтар өткізеді. Рейдтік іс-шараларға құтқарушылар, полицейлер, Ұлттық ұлан сарбаздары, жұмыспен қамту орталығының қоғамдық қызметкерлері жұмылдырылады. Олар шомылуға рұқсат етілген орындар және судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау туралы азаматтарды, әсіресе балаларды хабардар етеді. Шомылу маусымында күнделікті патрульдеуге 40 сүңгуір-құтқарушы, 2 бірлік сүңгуірлік жарақтары бар жедел-құтқару техникасы, 8 бірлік жүзу құралдары тартылады, – деді А.Құсайынов.

Қауіпсіздік ережелері демекші, әрбіріміз қауіпті жағдайларда не істеу керегін білгеніміз абзал. Атап айтқанда, ең әуелі суға шомылатын жерді, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз. Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз. Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыз. Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып, қалтырауға дейін жеткізбеңіз. Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпаңыз. Келе жатқан катерлерге жақындап жүзбеңіз. Оларда ескіш винтіне тартып әкететін ағыс бар. Онымен қоса, суда аяқ-қолды ұстап, қимылды тежейтін ойындар ойнауға болмайды.

Қауіп қашан да аяқ астында. Ойын қуған бүлдіршіндер үшін аса мән беру керек. Ал кез келген апатты жағдайдың алдын сақтық шараларын қатаң түрде ескеру арқылы алуға болады. Сондықтан суға барсақ, сақ болайық.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button