Басты ақпаратСараптама

Елорданың туристік әлеуеті қандай?

Өткен жыл отандық туризм үшін оңтайынан келіп, жаһандық туризм рейтингінде өз орнын жақсартты. Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) саяхат пен туризмді дамыту индексіне сәйкес, Қазақстан туристік бағыт тізімінде 117 мемлекет арасынан 66-орнын артқа тастап, 119 ел арасынан 52-орынды иеленді.

Бәсекеге қабілет (2-орын), туризмнің әлеуметтік-экономикалық әсері (5-орын), денсаулық сақтау және гигиена (23-орын), табиғи (30-орын) және мәдени ресурс­тар (48-орын), адами капитал мен еңбек нарығы (43-орын), туристік инфрақұрылым мен сервис (47-орын) сияқты негізгі санаттар бойынша ең жоғары баға алды. Осылайша Әзербайжан (56-орын), Өзбекстан (78-орын), Қырғызстан (102-орын) сияқты елдерді басып озып, Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке ие мемлекет болды. Шетелдік саяхатшылар саны екі есеге жуық артты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 53 пайызға өсіп, 787,3 миллиард теңгені құрады. Ел ішінде 9,6 миллион қазақстандық турист демалды. 2022 жылмен салыстырғанда олардың саны 11,6 пайызға өскен. Осы жылдың қорытындысы бойынша елорда туризмі айтарлықтай ілгерілеген. Яғни 2022 жылмен салыстырғанда елордаға ағылған туристер легі 12,3 пайызға артып, 1324047 адамды құрады. Соның ішінде 1036921-і – отандық турист, 287126-сы – шетелдік турист.

Бір тәулікте көрікті жерлерді аралап көре аламыз ба?

Уақытыңыздың кеңдігіне қарай 24 сағат ішінде Астананың бірқатар көрікті жерін аралап, қазақ дастарқанынан дәм татып, кәдесый сатып алып, жақсы әсермен қайтуға болады. Арнайы турды таңғы сағат 9:00-де ЭКСПО аймағынан бастап, «Нұр әлем» сферасын, одан өзге нысандарды аралап, түске таман «Мәңгілік ел» салтанат қақпасына жетесіз. Одан соң Қазақстан тарихы ұлттық мұражайына соғып, «Нұржол» бульварын бойлап «Бәйтерек» монументіне көтеріліп, астананың көз жетер жиегін тамашалай аласыз. Әрі қарай жаяу көтеріліп, «Астана Операға» жетесіз. Шаршамасаңыз, қол созым жерде «Хан Шатыр», таяқ тастам жердегі Орталық саябақ ауданындағы Есіл өзені арқылы өтетін «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірін кесіп өтіп, биіктігі 65 метр және салмағы 270 тонна «Ailand» – Қазақстандағы ең үлкен шолу дөңгелегіне мініп, құс қанатынан қаланың көрінісін тамашалайсыз. Сіз үшін түнгі қаланың керемет көрінісі ашылады. Заңғар биіктен қала үстінен қарап, күндіз жүріп өткен жерлерді тауып, сәнді ғимараттарды жаңа қырынан тамашалауға мүмкіндік болады.

Қытайдың Jumway Group компаниясы Астанада ауданы бір миллион шаршы метрді құрайтын көпфункционалды кешен салуды жоспарлап отыр. Бұл туристік, іскерлік және мәдени ­әлеуетті дамыту тұрғысынан елорда ­туризмінің жаңа белесі болмақ

Астана – туристерге тартымды қала. Биік ағаштардың аясында жанға жайлы жылу сыйлайтын ескі шаһардың өзіндік тарихы бар. Бұл – өткен ғасырлардың қолтаңбасы қалған, тарихымен ерекшеленген, әсем ғимараттар бой түзеген еңселі жер.

Саяхаттың басын қалалық әкімдіктің алдынан бастасаңыз тіпті жақсы. Ілгерілей жүрсеңіз, М.Горький атындағы орыс драма театрының көрікті ғимараты көзге түседі. Үлкен жолдан қалтарыста, жасыл желектің арасында Қазақ хандығының негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіш, одан қол созым жерде Абай ескерткіші, ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайы назарыңыздан тыс қалмайды.

«Әділет монументі» деп аталатын қазақтың үш биінің ескерткішін айналып өтсеңіз, Әскери сот ғимаратына өтесіз. Тарихтың бір тізбегін «Көпестер үйі» толтырады. С.Сейфуллиннің ескерткіші орналасқан тұста ақынның музейі бар. Доктор Ф.Благовещенскийдің тұрғын үйі, «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі, Б.Қосшығұлов мектебі, П.Моисеевтің үйі, көпес В.Кубриннің үйі, көпес М.Кубрин сауда үйінің ғимараттарын артта қалдырып, Есілдің оң жағалауындағы Арбатты бойлап, Кенесары ханның ескерткішіне жетесіз. «Атырау» көпірімен Есілді кесіп өтіп, тербеліп аққан өзенді тамашалап, қаласаңыз, кемеге мініп сейілдеңіз. Міне, қаланың ең көрікті ғимараттары мен тарихи жерлерін ескі шаһардың бейнесі де ашады.

Бес бақ – қаланың басты бағыты

Орталық бақты араласаңыз, атақты «кәрі терекке» соқпай кетпеңіз. Оның да кішігірім аңызы бар. Қазақстандағы ең кәрі қара терек – қаладағы ең көне ағаш. Көктем сайын жапырағы желбіреп көктегеніне 130 жылдан асты. Оны Астана саябағының кіреберісінен тауып алуға болады. Қара терек Қазақстанның болашақ астанасында XIX ғасырдың аяғында пайда болған деген болжам бар. Оны жергілікті көпес­тер мен зиялы қауым Есілдің арғы бетіндегі саябақ­тың іргетасын қалау кезінде отырғызған. Содан кейін қала Ақмола деп аталды және керуен жолдарының тоғысқан орталығы болды. Мұрағатта осы ағаштарды отырғызуға қатысқан фармацевт П.Путилов, көпес Х.Нигматуллин, дәрігер Чигловскийдің есімі жазылған құжаттар сақталған.

Елордалықтардың ең жақсы көретін, бос уақытында демалатын әрі қаланың жасыл өкпесі – Ботаникалық бақ, Президент саябағы, «Жерұйық» саябағы, «Жетісу» саябағы мен Орталық қалалық саябақпен қосқанда алғашқы бестігін құрайды. Бұл – елордалықтар мен қала қонақтары үшін тартымды туристік сүрлеу.

Биыл Ботаникалық бақтың шығыс қақпасындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монуметінің маңайын абаттандырып, жақсы демалыс орны ашылды. Айнала ағаштар егіп, жол төсемдерін ауыстырып, жайлы орындықтар қойды. Бұрыннан Жезқазған облысы тұрғындары тарту еткен сквер түрленіп шыға келді. Жезкиіктердің алтын мүйізінен ұстап жүгендеген балалар, қол арбасын тербеткен жас аналарды осы жерден көп кездестіресіз.

Әрине, қаланы түгел аралап, танып-білудің ең жақсы тәсілі – оның көшелерімен серуендеу және көрікті жерлерді көзбен көру. Жолсерігіңіз болса, көрікті жерлер, ескерткіштер мен оларға қатысты оқиғалар туралы айтқаны тіпті жақсы. Таңдауыңызға жаяу экскурсия­ның бірнеше түрін ұсынады. Туризмнің тиімді тәсілі – сізге әрдайым жол бағыттап, аудио­нұсқаулықты көрсететін карта. Онда 500-ден астам көрікті жер, 2,5 мыңдай тамақтану нысаны, жатын жерлер туралы ақпарат қамтылған. Оны туристерге арналған қызмет түрлерін жақсарту мақсатымен жасалған visitastana.kz ақпарат жүйесінен таба аласыз. Сондай-ақ бұл жүйеде мынадай қызмет түрлері бар: aviata.kz қызметімен интеграциялаудың нәтижесінде әуе билеттерін оңай сатып алуға мүмкіндік бар; booking.com халықаралық жүйесімен кіріктірілген сервис қонақүйдегі бөлмелерді алдын ала броньдауға қолайлы; ticketon.kz платформасы Астанадағы барлық мәдени, спорттық, рухани іс-шаралардың афишасымен алдын ала танысуға, киноға я болмаса футбол ойынына баруды жоспарлауға жол ашады. Ал барлық қалада бар 2GIS іздес­тіру жүйесі турис­тік нысандарға адаспай жетуге мүмкіндік береді. Visitastana.kz брендін әлемге танымал ету және осы сервисті пайдаланушылар ағынын ұлғайту мақсатында visitastana.kz брендтік киім өндірісіне жәрдемдесу бағытында қызу жұмыс жүруде. Жалпы алғанда, Астананың туристік индустриясын дамытудың әлеуеті зор. Сол себептен бас қаламыздың тартымдылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар үздіксіз атқарылып келеді.

Туристерге қолайлы шаһар

Ресми мәліметтерге сүйен­сек, қазіргі кезде Астанада 17,5 мың төсек/орынға (9439 бөлме) арналған 257 қонақүй жұмыс істейді. Олардың бәрі eQonaq жүйесіне қосылған. Соның ішінде бес жұлдыздысы – 8, төрт жұлдыздысы – 11, үш жылдыздысы – 5. 205 қонақүй ешқандай санатқа жатпайды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне үңілсек, 2023 жылдың ІІІ тоқсанында елордадағы қонақүйлердің орташа толымы 30,1 пайызды құраған.

Астана қаласының әкімдігі туристік инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Қалаға келген туристерге ең алдымен керек нәрсе – көлік пен ақпарат. Осындай мақсатпен Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында және «Астана-­Бәйтерек» монументінде туристерге арналған ақпарат дүңгіршектері жұмыс істейді. Сонымен бірге izi.travel халықаралық платформасында Астана қаласы бойынша аудио­турларға қолжетімділіктің болуы әрбір туристке ыңғайлы. Оған елордадағы 164 танымал нысан бойынша экскурсия жүктелген. Бас қалада жаяу жүргіншілерге бағыт-бағдар сілтейтін бірыңғай жүйе бар. Онда 15 афиша тұғыры, 139 бағыт сілтегіш, 108 пилон бі­ріккен.

«Astana City Pass» туристік карта жобасының көмегімен кез келген турист қаланың көрікті жеріне лезде бара алады. Өйткені туристік карта 11 мәдениет нысанына 70 пайызға дейін жеңілдікпен баруға мүмкіндік береді. 1 картаның құны 24 сағатқа – 9990 теңге, 72 сағатқа – 13990 теңге. Сондай-ақ шетелдік туристерге «Red Bus» экскурсия автобусы қызмет көрсетеді. Бұл автобус­тардың барлығы аудиогидпен жабдықталған. Онда туристерге экскурсия 8 тілде: қазақ, орыс, ағылшын, қытай, неміс, түрік, француз, испан тілдерінде ұсынылады.

 

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button