Ел тынысы

Ерекше балалар елорданы туристік автобуспен аралады



Астанада Сарыарқа ауданы әкімдігінің бастамасымен  мүмкіндігі шектеулі балалар елорданың көрікті жерлерін қосқабатты туристік автобуспен аралады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған экскурсияға мүмкіндігі шектеулі 25 бала ата-анасымен бірге шақырылған.

– Аудан әкімдігі әр мереке сайын балаларға көңіл бөлуге тырысады. Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ерекше балалар екіқабатты қызыл автобуспен қаланың тарихи және мәдени жерлерін аралайды. Оған мүмкіндігі шектеулі 25 бала ата-анасымен бірге жиналып отыр. Сонымен қатар бүгін бір топ бала АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніне экскурсияға кетті, – деді Сарыарқа ауданы Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бибігүл Жақсыбай.

Бас маманның айтуынша, ауданда 1 маусым – Балалар күніне арналған бірқатар іс-шара жоспарланған. Соның бірі осы экскурсия – мерекелік шаралардың бастауы. Сарыарқа ауданында Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде «Көктал» және «Қорғалжын» саябақтарында және Есіл өзені жағалауында мерекелік концерттер өтеді.

Елорда тұрғыны Айгүл Бектаева да экскурсияға баласымен бірге шақырылып, топпен бірге қаланың көрікті жерлерінде болды. Ол экскурсияны ұйымдастырған Сарыарқа аудан әкімдігіне алғысын білдірді.

-Менің балам ерекше балалар қатарында. Дегенмен әрқашанда әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі. Бүгін де балалар демалысқа шыққан соң, бос уақытты пайдалы өткізуге септігін тигізіп жатыр. Бүгінгі экскурсия барлық балаларға қызықты өтіп жатыр, – дейді қала тұрғыны.

Экскурсия барысында ерекше балалар шаһардың көрікті жерлерін аралады. Атап айтқанда, «Бәйтерек» монументі, туристер көп жиналатын ЭКСПО қалашығы, Бейбітшілік және келісім сарайы мен Тәуелсіздік алаңында және Есіл өзенінің жағасында орналасқан Орталық саябақта серуендеді.

 

Зарина Сәрсенбайқызы


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button