Мәдениет

Есіңе мені алғайсың

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Есіңе мені алғайсың» атты Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған ән-жыр кеші өтті.

Концерт шымылдығы әйгілі композитор Тұрсынғазы Рахимовтың Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазағым-ай»  әнімен «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы Мұратбек Хайролда ашып берді. Әрі қарай ақынның басқа да сөзіне жазылған әндері орындалып, кештің көркін қыздырды.

Ал кеш қонақтары ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Майра Ильясова, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Света Айтбаева, Арайлым Рахым, Мәдениет саласының үздігі Алтыншаш Мұқатаева, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары Зарина Омарова, Әкімхан Мәженов, Айдын Жұмабай, Қымбат Жамбылбек, Парасат Отан қатарлы әншілер көрерменнің айырықша ықыласына бөленсе, «Alem» заманауи би балеті мен «Айналайын» балалар хоры аса жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ал қатысушылар қазақ ақындарының пайғамбарына айналған Мұқағалидай ақынның артына қалдырған мұрасының игілігін болашақ ұрпақтар да көре беретініне сенім білдіріп, талант иесінің тау тұлғасы ешқашан аласармайтынын айтты.

– Аз ғұмырында жазған 1834 өлеңімен миллиондаған жүректі жаулап алып,  бірде жылатқан, бірде қуантқан Мұқағали әлі күнге дейін халықпен бірге жасап келеді. Небәрі 45 жыл ғұмыр кешкен ақынның 100-ге жуық өлеңіне ән жазылған екен. Ол – шын мәнінде қазақ поэзиясына жаңа леп, жаңа үн қосқан таудай тұлға. Өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, оның мәртебесін өлеңі әлі күнге дейін биікке көтеріп келеді. Оның сөзіне жазылған әндер әлі күнге дейін өз өміршеңдігін жоғалтпай келеді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ бар да, қара өлең патшасы болған Мұқағали мәңгі жасай береді, – дейді халықаралық байқаулардың лауреаты Парасат Отан.

Иә, ұлы ақынның өмірге келгеніне 93 жыл толу қарсаңында өтіп жатқан бұл концерт көрермендердің рухани санасын бір сілкіндіріп тастады.

Шапағат ӘБДІР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button