Ел тынысы

Ет бұзамын деп, сөзді бұзбайық

Мейрамбек Русланов деген жас жігіт ғаламторда (Facebook) қой етін мүшелеуден көпшілікке бейнесабақ өткізіп жатыр. Сабақтың атын «қой жіліктеу (қазақша қой бұзу), ет бөлшектеу» деп бадырайтып жазып қойған. Тақырыбын көріп, дүрегей тіркестерге тіксіне қарасақ та (өйткені қазақта қой жіліктеу, қой бұзу деген тіркес жоқ қой), жап-жас жігіттің ыспарлығына риза болып қалдық. Алайда мақтаған қыздың тойында «жел шығаратыны» сияқты сөйлеу сиқына келгенде күлдік. Күліп қана қоймадық, тілімізге теріскен шығарған түсіндірмесін естіп, қайран тілім қалай азып барасың деп налыдық.

Сонымен Мейрамбек өзінше сөйлесін, біз қазақ мақамын естеріңізге салайық: келесі қолын аламыз, аламыз емес, бұзамыз ғой. Масқара болғанда оған коментарий жазған бір «білгіш» «малда қол болмайды, алдыңғы аяғы» деп айды аспанға шығарыпты.

«Төсті жамбас жағын бастап аламыз, қарынның еті – іштің етін аламыз» дейді Мейрамбек. Бұл қазақша, төстің етегі. Шеміршектің үстінен аламыз, қабырғаның үстімен кесеміз. Дұрысы шеміршектің үстімен емес, шеміршекті жағалап тіледі. Қабырғаның үстімен кеспейді, етегін жағалай тіледі. Келесі кезекте қабырғаны аламыз дейді. Қабырғаны алу емес, сөгу. «Қабырғаны жамбас жақтағы етінен бастап аламыз». Онысы – төстің етегін бөлектеп алу. Қарап отырмыз, төстің етегін аламын деп белдеменің майлы етін төстің етегіне жіберіп, белдемені шолтитып тастады. Мейрамбек қабырғаны санап жатыр. Бір жағында 12, екінші жағында 13 қабыр­ға болады? Қош, әдетте бір жағында 12-ден екі жағында 24 қабырға болатын табиғи жаратылысты бұзып жіберді. Ол мұнан соң қабырғаның басын омыртқадан пышақтың ұшымен үңгіп шығарудың орнына өткір лөкет пышақпен шорт кесіп алды да, «сүйектің ұшы өзі кесіліп кетеді, жұмсақ сүйек болғандықтан» деп қойды. Әдетте мал сойған адам пышағын ешқашан сүйекке тигізбей бунау керек қой. Әрі қарай, «мынау беломыртқа… беломыртқадан соң самолет болады». Екі жағына қарай самолет дейді. Айтуын айтса да, «самолет» сөзіне өзі де күдіктеніп қалды. «Бұрын аталарымыз «самолет» деп айтты ма, айтпады ма, білмеймін» деп күледі. Бұл – беломыртқаның (кей жерде белдеме) қанаттарын түсіндірген түрі. Жағы деп отырғаны – қанаты. Өзі тағы білгірсіп, шешенсіп: «қазақ тілге бай ғой» деп қояды.

Мұнан соң белдеме мен омыртқаның (арқаның) айыр­машылығын түсіндіріп: «біреуін­де екі қанат болады. Ал мынада бір-ақ қанат болады. Екеуін де омыртқа дейді» деп қояды. Омыртқаның (арқаның) ұзын тұрқын қанат қойып алған. Шын мәнінде омыртқада (арқада) қанат болмайды ғой. Әрі қарай, «кейбіреулер беломыртқаны пышақпен бөлмей, балтамен шауып тастайды. Мұны үлкен кісілер көрсе, оқтаумен басыңнан бір қояр еді» дейді (жанында тұрсақ, өзінің басына қойып кететін қылық). Әрі қарай, «омыртқалар жиырма үш болады» дейді. Бірақ табиғи жаратылыстағы 12 арқа (омыртқа), 6 белдемені санап-санап, 23-ке толтыра алмады.

Мейрамбек: «ендігі кезекте шабын айырамыз» дейді. Онысы қазақша – шатын айыру. Жамбасқа құйрықты міндетті түрде қалдыру керек. Жамбас­тың майы құйрыққа кетіп, жамбас сымпиып қалмасын дегені. Жамбастың қалақ басы мен құйымшақтың беттесіп біткен жеріне келгенде, «мынау жамбастың ұшы» деп тағы бір атау шығарды. Біздің шаруашылықтың әр саласындағы қазақша қатынас тіліміз осындай. Ғаламтор бізге не үйретіп жатыр? Дүрегей тіл қайдан шығады?

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,
журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button