Әлеумет

Этнолагерь дәстүрді жаңғыртады

Астанада мектепішілік лагерлердің екінші маусымы ашылды. Осыған орай, пресс-тур ұйымдастырылды. Оның аясында №79 мектеп-­лицей мен №32 мектеп-гимназияға ат басын бұрдық.

Астана қаласы Білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова оқушылардың жақсы демалып, ой өрісін кеңейтуге, лагерде әр күнді көңілді өткізуіне тілектес екенін жеткізді. Салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген №79 мектеп-лицей директоры Құралай Мұқұшева балдырғандарға сәттілік тіледі.

– Қадірлі оқушылар, сіздер лагерде қазақ халқының мәдениетімен, дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен, ана тілінің төл ерекшелігімен танысасыз­дар. Сонымен қатар мұнда сіздерді жарқын әсерлер, жағымды эмоциялар, экскурсиялар мен жорықтар күтіп тұр. Оған қатысу арқылы интеллектуалдық және шығармашылық қабілетті дамытасыздар. Сондай-ақ актерлік шеберлік, модельдеу, мобилография және блог жүргізу сабағы да оқытылады, – деді Құралай Балғабайқызы.

Аталған мектепте «Жұлдыз» лагері, «Дарындылар жазы» лагері, IT лагерь, туристік лагерь, этнолагерь орналасқан.

Балалар ағылшын тілі, ән-күй, қазақ тілі, дизайнер-модельер, шығармашылық, STEM мамандықтар сияқты үйірмелерге қатысады. Әр үйірменің берер тәрбиесі мен үйретері мол. Мысалы, қазақ тілі үйірмесіне барғанымызда, балалар қазақ тілінің құндылығы туралы сабақ алып, ертегі жаттап, мақал-мәтел айтып, жұмбақтар шешеді. STEM үйірмесіндегі оқушылар технология тілін меңгеріп, робот құрастырып, компьютермен жұмыс істейді. Ән әлемі үйірмесінде балалар қазақтың қара домбырасын сайратып, халық әндерін қалықтатса, этнолагердегі балдырғандар қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, әдет-ғұрып, салт-санасымен танысады. Шын мәнінде, салт-дәстүрлеріміздің жас ұрпақ санасында қайта жаңғыруы болашағымыздың нұрлы екенін көрсетеді.

Ал №32 мектеп-гимназия лагерінің өзгешелігі сол, балаларды спортпен айналысуға шақырады әрі осы бағытта ойындар ойнатып, жаттық­тырады.

Жалпы биыл қалалық білім беру ұйымдарының базасында мектеп жанындағы 97 лагерь, оқушылар қызыққан әртүрлі бағыт бойынша 75 бейіндік лагерь жұмыс істеп тұр. Қалалық Білім басқармасының мәліметінше, бұл лагерлер 1-10-сыныптың 200 мыңнан астам оқушысын қамтып отыр.

Шапағат Әбдір

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button