Басты ақпаратРуханият

Германия сапарының салдары

Тұрар Рысқұлов Түркістан Автономиялы Республикасы Үкіметінің басшысы ретінде 1923 жылдың күзінде Германияға сапармен барғаны белгілі. Бұл сапар БК(б)П Орталық Комитетінің келісімімен жоғары деңгейде ұйымдастырылған ресми сапар болатын. Сапардың басты мақсаты – Түркістан мен Бұхарадан Германияда оқып жүрген студент жастардың жағдайын білу және екі ел арасында осындай жұмыстарды жалғастыру мүмкіндігін қарастыру еді.

Сапар барысында үкіметтік деңгейде қабылдаулардың, кездесулердің болғандығы жөнінде дерек жоқ. Т.Рысқұловтың өзі де түрлі жазбаларында ондай қабылдаулар жөнінде дерек қалдырмаған.

Германияға жастардың оқуға жіберілуі, олардың кейінгі тағдыры жайлы өзбекстандық ғалым Шералы Турдиев Ташкенттегі және Германиядағы архивтердің деректері негізінде «Улар Германияда уқиған эдилар» деген көлемді еңбек жазған еді. Зерттеуде Тұрар Рысқұловтың есімі жалпы мәселелер қатарында айтылып кеткендігі болмаса, оның осы сапардағы атқарған қызметі толық ашылмаған. Мәскеу архивінен қолымызға ілінген құжаттар тақырыпты деректік негізде тарқатуға мүмкіндік береді.

Түркістан Республикасы үшін аса қажетті мамандықтар бойынша шетелге оқуға студенттер жіберу мәселесі Ағарту халкомы деңгейінде бірнеше рет көтерілген. Бұхара Халық Республикасының басшылары Файзулла Қожаев, қайраткер, оқымысты профессор А.Фитрат тарапынан да осындай бастамалар көтеріліп, соңында Түркістан Республикасымен бірге осы мәселе шешімін табады. Нәтижесінде 1922 жылдың соңында Түркістан мен Бұхарадан 70-ке жуық әртүрлі жастағы жігіттер мен қыздар Германияның түрлі қалаларына оқуға аттанады. Олардың таңдаған мамандықтары өлке үшін маңызды салаларды қамтыды. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы, тоқымашылық, химия, электротехника, былғары өңдеу, фалсафа, педагогика, медицина мамандықтары еді.

Ф.Қожаев шәкірттерді Германияға алып баруды бұхаралық зиялы Абдувахид Бұрханов пен Германиядан келген татар зия­лысы Әлімжан Идрисиге және А.Ф.Каменскийге тапсырады. Бұхарада медресе бітіріп, Түркия, Германияда болып келген Әлімжан Идриси Германияға баратын шәкірттердің басшысы болып тағайындалады.

Бұхара мен Түркістаннан Германияға оқуға барған жастарға Сыртқы істер халкомының орынбасары Чичерин және басқалар арқылы стипендия, сәлем-сауқат жіберіліп тұрған. Сонымен бірге олардың тұрмыс­тық жағдайы, оқу барысымен қатар саяси идеялық көңіл-күйлері де кеңестік билік тарапынан жіті қадағалауда болған.

Шәкірттердің оқуын жалғас­тыруына байланысты Ф.Қожаев, А.Фитрат, Түркістан Үкіметінің төрағасы Т.Рысқұловтар көп көмек көрсетіп тұрған. Әйтсе де, Түркістанда басшылық қызметтерде болған европалық қайраткерлер жастардың Германияда оқуларын жалғас­тыруларына қарсылық жасап, оларды елге қайтаруға мүдделі болды. Мысалы, В.Куйбышев 1922 жылдың соңында Германияға жіберілген жастарды қайтарып, оларды Мәскеуде оқытуды қатты талап еткен, ал оған Ф.Қожаев қарсылық білдірген. Бұл жағдай ресми орындарда да көтеріліп, оның соңы 1923 жылы Түркістан Халкомкеңесінің төрағасы Т.Рысқұловтың түркістандық және бұхаралық студенттердің хал-ахуалымен танысу мақсатында Германияға баруына ұласты. Осы сапарының мақсаты туралы Т.Рысқұлов 1923 жылдың 2 желтоқсанындағы мақаласында «Германиядағы ортаазиялық студенттердің жағдайымен танысу және олардың оқуын жалғастырудың жағдайы мен қажеттілігін анықтау» болғандығын жазады. Осы сапарында Т.Рысқұлов студенттердің таңдаған мамандықтары Түркістан өлкесі үшін аса зәру мамандықтар екендігіне көз жеткізеді және олардың өз оқуын ықыласпен оқып жүргендігін, елге қайтып, алған білімдерін халық пен мемлекеттің игілігіне жұмсауға құлшынып отырғандығын да атап көрсетеді. Тұрардың мақаласынан Германиядағы студенттер арасында 4 қазақ бар екендігі айтылады. Сонымен қатар, Германиядағы елшілікте болған кездесуде елшілік жанынан студенттерге басшылық жасайтын өкілдік ашу қажеттілігін айтып, «осындай құрылымдық өзгерістер іске асса студенттердің әлдеқандай теріс ықпалға еріп кету қаупі жойылады» деген қорытынды жасайды.

Үкімет басшысының осындай қорытындысына қарамастан 1924 жылы Германияға барған Орта Азия Мемлекеттік университетінің ректоры Мейерсон Германиядағы студенттермен кездесіп, оларды саяси сынақтан өткізеді және олардың басшысы Әлімжан Идрисиға сенімсіздік білдіреді. Ал келесі жолғы сапарында ортаазиялық студенттердің оқуын Германияда емес, Кеңес Одағында жалғастыруларын қатаң талап етеді.

Жалпы, осы кезде шетелдерде оқитын түркістандық студенттерге стипендия әртүрлі мекемелер мен шаруашылық органдары тарапынан төленетін тәжірибе болған. Сондай себептермен де студенттерге стипендия уақытылы төленбей қалып жатқандығын Түркатком төрағасының орынбасары С.Қожановтың Орталық Халкомкеңесіне 1922 жылдың 22 желтоқсанында жолдаған жеделханынан да аңғарамыз. Жеделхатта С.Қожанов шетелдегі студенттердің стипендияларының кешіктірілуінің себебін тез арада анықтауды сұрайды.

Тұрар Рысқұловтың Германияға сапары ресми биліктің жоспарына сай орындалғанына көз жеткіздік. Дегенмен, жастарды елге қайтаруға байланысты мәселелер толастамады, олардың үстінен қадағалау күшейе түсті. Қайраткердің осы сапарының салдары өзі үшін өте ауыр болды. Ең алғашқы сынақ, Т.Рысқұловтың Германия сапарының қаржылық есебі түрінде көрініс берді. РГАСПИ қорларында Т.Рысқұловтың Германияға сапарына қатысты бірқатар құжаттар сақталған. Осы құжаттардың дерегінде мынадай мәліметтерге кез боламыз: Т.Рысқұловқа осы сапары үшін 20 мың алтын ақша немесе 2 мың червонец бөлінген. Ол американ долларына ауыстырылғанда 9500 долларды құраған.

Осы қаржының жаратылуы жөнінде Т.Рысқұлов құзырлы органдарға жазбаша есеп береді. Қаржының басым бөлігі студенттерге стипендия ретінде таратылған. Атап айтқанда, түркістандық 11 студенттің әрқайсына 200 доллардан 1923 жылдың соңғы төрт айына және 1924 жылдың қаңтар айларына стипендия берілген. Студенттік Бюро кеңсесінің шығындарына – 100, Д.Битілеуовтың жеке қажеттілігіне – 20, Шығысқа қатысты кітаптар сатып алуға – 67, Халық комиссарлар кеңесіне қажетті кеңсе құралдарына 950, Ағарту халкомы үшін микроскоп сияқты тауарларға 531 доллар жұмсалған. Осы есепке қарап отырып Т.Рысқұловтың фотограф және кинооператорлар жалдағандығын, студенттермен Берлин қаласын аралап, фильм түсірткенін аңғарамыз. Демек, бүгінгі күні аса маңызды дерекке айналып отырған Германияда оқыған студенттер өмірінен түсірілген кино-фото құжаттар архивтерде сақталуы әбден мүмкін.

1923 жылдың 17 қыркүйегі мен 10 қазаны аралығында Т.Рысқұловқа жолбасшы және аудармашы болып қызмет көрсеткен Ғ.Бірімжановқа 100 доллар төленгендігіне қарап, қайраткердің Германияда болуын осы аралықпен шектеуге болмайды. Ол ресми құжаттарының бірінде Германияда бір айдан астам болғандығын жазады.

Ендігі мәселе, Германияда оқыған қазақ студенттерінің саны ресми құжаттарда төртеу деп жазылса (Ғ.Бірімжанов, Ә.Мұңайтпасов, Д.Битілеуов, Т.Қазыбековтер) «Ақ жол» газетіндегі жарияланымдар олардың бесеу екендігін айтады. РГАСПИ қорларындағы құжаттардан олардың бесіншісі Бөкей губерниясы Теңіз уезінің тумасы, Қазан университетінен Түркістан университетіне ауысқан Сабыр Танашов болып шықты. Ол Берлин ауылшаруашылығы институтының қант қайнату факультетінде оқыған. Оның «түркістандық стипендия алушылар қатарына қосып», өзіне «стипендия тағайындау» туралы өтінішін қанағаттандырған Т.Рысқұлов оған екі айлық стипендия бергізеді.

Дегенмен, ол жастарды елге қайтаруға байланысты мәселелер толастамады, олардың үстінен қадағалау күшейе түсті. Қайраткердің осы сапарының салдары өзі үшін өте ауыр болды. Ең алғашқы сынақ, Т.Рысқұловтың Германия сапарының қаржылық есебі түрінде көрініс берді.

Қысқасы, Германияға сапарына жұмсалған қаржы жөнінде көтерілген даңғазаға наразы болған Т.Рысқұлов 1923 жылдың 18 желтоқсанында Сталин мен Рудзутактың атына хат жазып, өзінің әрбір қадамын аңдыған бұндай әрекетке наразылығын танытады. Т.Рысқұловтың Германияға сапарының ең үлкен салдары «Үлкен террор» кезінде оның шетелдегі пантүркішіл ұйымдармен байланысын айғақтайтын дәлел, дәйек түрінде көрініс тапты. Ол қамауға алынғаннан кейін жүргізілген алғашқы тергеулерінің бірінде, атап айтқанда, 1937 жылдың 3 шілдесіндегі тергеу хаттамасында «Осының бәрі менің Германияға сапарымнан басталды» дей келіп, «шетелге студенттер жіберудегі мақсат эмиграциядағы пантүркішіл ұйымдармен байланыс орнату болғандығын, сол үшін де баратындар қатарына ұлтшыл жастар таңдалғандығын» көрсетеді. Сол студенттер қатарында Ғазымбек Бірімжановтың есімі ерекше аталады.

Мәскеуде биліктің жоғары эшелонында қызмет істеген қазақ ұлттық саяси элитасы өкілдері – Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақовтардың «Үлкен террордағы» айыпталуы 1937 жылдың 8 маусымындағы КСРО Ішкі істер халық комиссариаты Мемлекеттік қауіпсіздік Бас басқармасының «кеңеске қарсы пантюркистік ұлтшылдық ұйымдар туралы» циркуляр хатымен байланысты. Ол хат осы жылдың көктемінде Орта Азия мен Татарстан республикаларында ұлт зиялыларын тұтқынға алу науқаны негіз нәтижесінде жазылды. Циркуляр хатта соңғы кезде шығыс республикалары мен облыстарда кеңеске қарсы астыртын жұмыс жасайтын ұлтшылдық элементтердің белсенділігі артып отыр­ғандығы айтылған. Олардың қызметі танымал «Алашорда», «Муссават», «Милли-Фирка», «Милли-Иттихад» ұйымдарымен байланыстырылады. Осындай айыптаулармен Т.Рысқұлов 1937 жылдың 21 мамырында тұтқынға алынды. Н.Ежовтың жолдама хатымен ұсынылған олардың тергеу хаттамаларымен Сталиннің өзі тікелей танысып, тиісті нұсқаулар беріп отырған. Демек, саяси қуғын-сүргіннің жойқын иірімінен алаштық, ұлтшылдық идеясына тартылған ұлттық элита құрамынан ешкімнің де аман қалуы мүмкін емес еді.

Тергеушілер пантюркистік ұйымдардың Кеңес өкіметіне қарсы іс-әрекеттерін әсірелегендігі соншалықты ол тіпті сандыраққа айналып кеткен. «Біздің пантюркистік ұйым толық мағынасында біртіндеп Герман фашизмінің Кеңес Одағындағы барлау агентурасына айналды. …Менімен және Мәскеудегі Герман елшілігімен байланыс Төреқұлов пен Хакимов арқылы іске асты»  деген сандырақты мойындауға бір басына қайсарлығы жетіп артылатын Т.Рысқұловтың психологиялық және физикалық қысымсыз қол қоюы мүмкін емес еді. Сол кезде қамауға алынған қайраткерлерді тергеудің қатаң тәртібі қалыптасты. Тергеудің адам құқын аяққа таптап, өрескел жүргізілгендігі өз алдына, «қажетті» мойындауын алу үшін тергеуші ұрып-соғу тәсілін қолданды.

Тұрар Рысқұлов 3 шілде 1937 жылғы тергеу хаттамасында Рыковтың Мәскеу мен Орта Азиядағы және Қазақстандағы шетелдік елшіліктермен байланыс орнату туралы ұсынысынан соң бірін-бірі алмастырып, Геджас-Аравияда КСРО өкілетті елшісі болып қызмет істеген Төреқұлов және Хакимовпен кездескендігін, ол екеуінің Германия, Жапония және Түркияның барлау органдарымен ертеден байланыста болғандығын айтады. Саяси қуғындау аппаратының мүлтіксіз және жоспарлы түрде жасаған тергеушілер алдына келген айыпталушының кез келген байланыстарын өз қалауларына сай бұрып алатындығы және мойындататындығы белгілі.

Осы айыптаулардың табан тірейтін дәйегі Т.Рысқұловтың 1923 жылғы Германияға сапарына қатысты болды. Жоғарыдағы аталған Т.Рысқұловтың тергеу хаттамасы барлығы 25 парақты құраған болса, оның үш парағында осы сапарында студенттермен «жүргізген» агентуралық жұмыстары, Германия сыртқы барлау қызметімен кездесулері, Түркістанға неміс өнеркәсібінің концессияларын орналастыру, Кеңес Одағынан бөлінген жағдайда Түркістан мен Қазақстанның Германия протекторатына көшуі және т.б. туралы өзара «келіссөздерді» құрайды.

Т.Рысқұловтың тергеу хаттамасындағы Түркістан мен Қазақстанда жұмыс істеген пантюркистік ұйымдар «неміс барлау агентурасына айналды» деген көрсету тергеушілердің кішкене детальдан үлкен конструкциялар жасайтын «шеберлігімен» үлкен айып болып тұжырымдалды. Т.Рысқұлов пен С.Қожановты пантүркшілдік ұйымның басшылары ретінде 1938 ж. 8 ақпанына дейін Бутырка түрмесінде ұстап, Мәскеуде тергелген қазақ саяси элитасының ең соңынан үкім шығарған. Т.Рысқұловтың Германияға сапарының себептері ізгі мақсаттарды көздегенімен тоталитарлық биліктің қуғындау саясаты барысында оның салдары жеке өз басы үшін ғана емес, өзге тұлғалар үшін де орны толмас қасіретке айналды.

Түркістан мен Бұхарадан жастардың Германияға оқуға жіберілуі – Орта Азия халықтарының мәдени дамуында үлкен құбылысқа айналған еді. Өкінішке қарай, тоталитарлық биліктің кеңестік гуманитарлық кеңістік қалыптастыруды көздеген саясаты бұл бастаманы үзіп тастады.

Хазретәлі ТҰРСҰН,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button