Елорда тынысы

Гүл шоқтарын қойды



Астанада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументалды кешенінің «Қайғы қабырғасына» гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Аталған іс-шараға Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, қалалық мәслихат депутаттары, «Ауыл», «Аманат» партияларының өкілдері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары және елорда тұрғындары қатысты.

Миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық құрбанының тікелей ұрпағы, республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Көпболсын Бекмағанбеттің айтуынша, кеңес билігінің солақай саясаты салдарынан қазақ даласында болған зұлмат заманда елімізде 100 мыңнан аса адам нақақтан жазаланып, қуғын-сүргінге ұшырады, соның 25 мыңы атылған екен.

– Бүгін – біздің бүкіл халқымызға айтулы қаралы күн. Оның ішінде мен де репрессияға ұшырағанның туған жиенімін. Өзім осы мәселеге көп көңіл бөліп, архивті біраз ақтардым. Оққа ұшқандардың дені қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайықты Алаш ардақтылары еді. Бұл бір сұмдық, жантүршігерлік кезең болды. Жас ұрпақ тарихымызды, өткенімізді білуі, аталары­мызбен мақтануы керек, – деді Көпболсын Бекмағанбет.

Жыл сайын мамырдың соңғы күні ашаршылық жылдарында құрбан болғандарға тағзым етіп, гүл шоғын қоюға партия өкілдері де қатысады.

– Ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буын атынан тағзым еттік. Біздің міндетіміз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасы мен оның жазықсыз құрбаны болған Алаштың ардақты ұлдарының қазақ тарихында атқарған игі ісін мәңгі есте сақтау. Келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруі қажет, – деді «Ауыл» партиясы қалалық филиалының төрағасы Мейрамбай Оралов.

Іс-шараға қатысушылар гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button