Басты ақпаратҚала мен Сала

Гүлге оранған Астана

Әлем елдері астаналарының әрқайсысының өзіне тән сипаты бар. Олардың бірі көне ғимараттарымен әйгіленсе, екіншілері тарихи нысандарымен, үшіншілері қайталанбас ескерткіштерімен ерекшеленеді. Ал біздің елорда көздің жауын алатын алуан түрлі гүлдерімен көрген жанның жанарында ұзақ сақталары сөзсіз.

Қала көшелерінде жайқалған қызыл-жасыл гүлдер елордалықтармен бірге сырттан келетін қонақтарды да тамсандыруда. Әсіресе Есілдің сол жағалауындағы бүкіл елорданың бетке ұстар демалыс орны саналатын Ботаникалық саябақта, Нұржол бульвары мен «Бәйтерек» монументі алаңында, «Қалалық романс» тұрғын үй кешеніне қарама-­қарсы саябақта, ­Дипломатиялық қалашықтағы алаңда, қаладағы басқа да тынымбақтарда құлпырған гүлдер көздің жауын алады.

«Астана көгалдандыру құ­рылысы» АҚ мекемесінің бас агрономы Бахтияр Шаймұханбетовтің айтуынша, елорданың жасылдануына жауапты мекеменің жұмысшылары әдемі гүлдерді отырғызып қана қоймай, оны баптап-күтумен айналысады екен. Жүктелген міндетті орындау үшін мекеме құрамында көгалдандыру құрылысы, күрделі құрылыс, тәлімбақ, жылыжай шаруашылығы, ландшафтық жобалау шеберханасы, бас инженер қызметі сияқты қызмет түрлері іске қосылған.

Биыл қалаға шамамен 3,5-4 миллионға жуық бір жылдық гүл көшеттері отырғызылады

– Биыл қалаға шамамен 3,5-4 миллионға жуық бір жылдық гүл көшеттері отырғызылады. Қазірдің өзінде мекеме жұмысшыларының күшімен 3 миллионнан астам гүл егіліп қойды. Алдағы уақытта әлі 150 мыңдай гүл отырғызамыз, 3-4 күнде бітіреміз. Гүлдердің түрлеріне келсек, Астанада олардың шамамен 14-15 түрі және гүлдердің 30-дан астам түсі бар, – деді бас агроном.

Жылдағы дәстүр бойынша бас қалада гүл егу, қоғамдық саябақтарды, скверлерді және аудан көшелерін гүл-ландшафтпен безендіру арқылы қаланы көгалдандыру бойынша жұмыс мамыр айынан бері белсенді жүргізіліп келеді. Елорданы көгалдандыру жұмысына бас шаһардағы Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарыарқа аудандары атсалысуда.

Алматы ауданы әкімдігі өндіріс-техника бөлімінің бас маманы Нұрберген Нұрмұхамбетұлы қазіргі таңда аудан аумағында бас қаланы көгалдандыру, айналаға гүл отырғызу жұмысы қызу жүріп жатқанын айтып берді.

– Елорданы көркейтуге көбіне біржылдық өсімдіктер қолданылады. Сол гүлдердің тамыры жайқалғанға дейінгі күтімі бірнеше кезеңді қамтиды, төзім мен сабырды, ұқыптылықты қажет ететін бұл жұмысқа биыл 40-қа жуық адам жұмылды. Бүгінгі таңда ауданымыздың 8434 шаршы метр аумағына әртүрлі гүл егілді. Жыл соңына дейін 9220 шаршы метр аумаққа гүл отырғызу көзделіп отыр, – деді бас маман.

Аудан аумағындағы Б.Мо­мышұлы ескерткішінің жанындағы саябақтарда, «Отан қорғаушылар», «Жерұйық», Оқушылар сарайының алдында, әл-Фараби көшесінде, Абылайхан және Р.Қошқарбаев даңғылдарында, Қ.Мұңайтпасов көшесінде, Қазақ елі алаңында және т. б. көрнекі жерлерде гүлдендіру жұмысы жүргізілуде.

Расында, бүгінде көздің жауын алатын қырмызы қыз­ғалдақтар, шырайгүлдер және басқа да өсімдік түрлері қаламыздың барлық ауданының халық көп жиналатын жерлеріне көрік беріп тұр. Мәселен, Нұра ауданында өткен жылы 10800 шаршы метр аумаққа бір жылдық гүлдер отырғызылса, осы жылы 7117 шаршы метрді құрайтын аумақта гүл отырғызу жоспарлануда. Аудан аумағында барлығы 5071 шаршы метр жерге гүл егілген.

Есіл ауданында қазіргі күнге дейін 35675 шаршы метр аумаққа біржылдық гүлдер отыр­ғызылған. Жыл соңына дейін 45672,8 шаршы метр жерге гүл егу көзделуде. Сондай-ақ ауданда ағаштарды формаға келтіріп қырқу жұмысы жалғасуда. Көгалдарды біркелкілеу және қылқан жапырақты ағаштарды зиянкестерден химиялық өңдеу жүргізілуде.

Бүгінде бас шаһар, шынымен де, гүлге оранып тұр. Елорданы ерекше сұлулыққа бөлеп, Астананың ажарын аша түскен осынау әсемдіктің бәрі адамдардың қолымен жасалатыны қуантады. Қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше қуаныш сыйлау үшін Есілдің сол жағалауындағы «Нұрлы бульвар» жанында жұмыс істеп, аптап ыстыққа қарамастан, гүл отыр­ғызып жүрген жанның бірін әңгімеге тарттық.

«Астана көгалдандыру» АҚ ­мекемесінің жұмысшысы Бота­көз Талғатқызының айтуынша, олар қала жылыжайларында өскен дайын гүлдерді жұмсақ жерге отырғызумен айналысады.

«Көздің жауын алатын әдемі­лікті жасау оңай шаруа емес. Біз нұсқаулық бойынша бригада жетекшісінің айтқанымен жұмыс істейміз. Әкелген гүлдерді отырғызып болғаннан кейін өзіміз де тамсанып қалатын кезіміз болады. Гүл деген әдемі ғой, айналадағыларға әдемілік, қуаныш сыйлау – мен үшін зор мәртебе» деді Ботакөз Талғатқызы.

Астанада тұқымдық құрамы бойынша петуния, тагетес, ­виола, люпин, панси, портулак, алиссум, лобелия, цинния, сальпиглоссис және т. б. тамыр жаяды. Жалпы елімізде біржылдық гүлдердің 50-ден астам түрі кездессе, бас қала көшелерінде жыл сайын олардың 15-ке жуық астам түрі егіледі екен.

Мамандардың мәлімдеуінше, астананың аумағын безендіруге көбінесе шырайгүл, бархат гүлдері көп қолданылады. Бояуы қанық бұл өскіндер ою-өрнекті анық етіп бедерлеуге қолайлы көрінеді. Жасыл желекті мүсіндер де көз қуантып, текеметтей түрленген гүлалқаптар елорданың ажарын ашып, көркіне сән қосуда.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button