Қоғам

Гүлсім Асфендиярова кім?

Қазақ десең Алаш зиялылары, жаужүрек батырлар, хандар еске түседі. Алайда медицина саласында ер мен әйелді тең құқылы еткен, қазақ қыздарына үлгі бола алатын Гүлсім ­Асфендиярованың есімі ешқашан ұмытылмауы керек. Ол – тек қазақ қыздарының арасынан ғана емес, барша Орталық Азия халықтары қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дә­рігер әйел. Толық есімі – Үммигүлсім.

Гүлсім қыздарға деген білімді, оқуды шектемейтін ақсүйектер отбасында дүние­ге келген. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы – Әбілқайыр ханның ұрпағы, Айшуақ ханның немересі, анасы Гүландам Қошқарбайқызы – Абылай ханның ұрпағы. Гүлсім – Санжар Асфендияровтың әпкесі.

Осыдан 100 жыл бұрын қазақ қыздары жоғары білім туралы армандамаған кезде Гүлсім Ташкент қаласындағы әйелдер гимназиясының жеті жылдық курсын, Санкт-Петербург әйелдер медицина институтын бітірген. Әрі Ресейдегі жоғары оқу орнын ақтаған алғашқы қазақ қызы. Гүлсім тек дәрігер ғана емес, қайсар қазақ қызы болған. Оны біз университеттегі емтихандарын аяқтап болып, еш қорықпастан Николай патшаға жазған хатынан байқаймыз. Хатында өзінің туған жері Түркістан екенін, ол жердің тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс екенін және өзін маман ретінде атамекеніне жіберуі жайлы өтініш білдіреді. Осылайша Түркістанға оралған Гүлсім большевик билігі тұсында дәрігерлік және оқытушылық қызметін жалғастырып, талай сәбидің өмірге келуіне септігін тигізген. Жоғары білімді маман болғандықтан, түрлі қоғамдық жұмысқа лайық деп саналды. 1917 жылы тамызда Түркістан өлкесі қазақтарының жиыны өткен болатын. Осы тұста Гүлсімге үлкен сенім артылып, депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы 24-27 сәуір аралығында Қазан қаласында Бүкілресейлік мұсылман әйелдерінің арнайы съезі өтті. Ең маңыздысы, Гүлсім бұл жиында да алға суырылып шығып, әйел құқығы тақырыбын басшылыққа ала отырып, ана мен баланың денсаулығын қорғау жөніндегі мәселені көтерген. Әрине, Гүлсімнің осы еңбегінің арқасында қазақ қыздары тек фельдшер, медбике ғана емес, биік дәрежелі дәрігер бола алатынын ұқты. Гүлсім Ташкент қаласындағы перзентханада басшылық етіп, мамандарды даярлау жұмысына белсене қатысты. Газеттерге арнайы үндеулер жария­лап, дәрігер көмекшісі, мед­бике, фельдшер мамандығына қысқа және ұзақмерзімді курс­тарды ұйымдастыруға көмектесіп, курстардың оқу бағдарламасын дайындады. Сол курстарда өзі де дәріс оқып, ұстаздық қызметпен айналыс­ты. Қысқасы, Гүлсім – өз заманында әйел құқығын жалау, білімді қалқан етіп, медицина саласының дамуына білек сыбана атсалысқандардың бірі де бірегейі. Өкінішке қарай, Гүлсім ханымға елеулі еңбегі үшін тек көктас қана қо­йылған екен, одан бөлек мектеп немесе оқу орнының атауы ұсынылса, арнайы ескерткіш қойылса артық етпес еді деп ойлаймын.

Әйел құқығы қай ғасырда да өзекті мәселе болып қала бермек. Оны шешу үшін Гүлсімдей ер мінезді, қайсар жан қайта тууы керек деп есептеймін. Гүлсімнің есімі ешқашан өшпеуі керек. Журналист Әлия Әшім Гүлсімдей бірегей тұлғамыздың жатқан жерін арнайы Ташкент қаласына іздеп барып, Боткин зиратынан тапты. Аты-жөні, туған жылы мен қайтыс болған уақыты өшіп кеткен көктасын жаңарту туралы бастама іске асып, бүгінде Гүлсім Асфендиярованың көктасы жаңарып, суреті қойылды. Бұл – көпке өнеге болар іс. Жақсының жолын қуған осындай ұлтшыл мамандарымыз көп болса, тарихымыз өшпейді, керісінше, жаңарады, насихатталады деп сенемін.

Аружан ЕСЕНГЕЛДІ, Астана қаласындағы

 №8 мектеп-лицейдің түлегі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button