Басты ақпаратДенсаулық

Инсульттан кейін күтім керек

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы әлем бойынша шамамен 15 мил­лион адам инсульт алған. Қазақстанда да жағдай мәз емес. Елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық инсульт тіркеледі.

Қарапайым тілмен айтсақ, инсульт миға қан келу тоқтаған кезде болады. Салдары өлімге немесе мүгедектікке әкеледі. Бұған дейін инсульт 55 жастан асқан науқастарда кездессе, бүгінде 50 жасқа дейінгі адамдар да бұл аурумен бетпе-бет келеді. Астана қаласы №2 қалалық көпсалалы аурухананың инсульт орталығының меңгерушісі Әлия Иманованың айтуынша, елордада инсульт орталығы 2018 жылы Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен ­неврология бөлімшесінің негізінде құрылды. Инсульт орталығы инсультпен ауыратын науқастарға шұғыл неврология­лық көмек көрсетеді.

«Қазақстанда жыл сайын 40000-ға дейін инсульт тіркеледі, оның ішінде 5 мыңы 24 сағат ішінде, 5 мыңы 1 айдың ішінде қайтыс болады. Инсульттан аман қалғандардың 70-80 пайызы мүгедек болып қалады, ал олардың шамамен 20-30 па­йызы тұрақты сырттай күтімді қажет етеді. Жалпы алғанда, инсульт – жіті жүрек ауруынан кейінгі өлімге әкелетін дерттің негізгі себебі. Әйел­дерге қарағанда ерлерде өлім деңгейі жоғары» дейді инсульт орталығының меңгерушісі Әлия Асылбекқызы.

Оның айтуынша, мүгедектік бойынша инсульт алғандар алғашқы орында тұр. Статистикаға сүйенсек, тек 10 пайызы ғана жұмысқа қайта орналасады, 37 пайызы 6 ай ішінде қайтыс болады, 53 пайызы мүгедек болып қалады екен. Науқастардың орташа жасы – 41 жастан 65 жасқа дейін. Бұл, өкінішке қарай, халықтың ең жұмысқа жарамды бөлігі. Айта кету керек, инсульттан кейін адамның өмір сүру сапасы төмендейді.

«Адамдарға ең алдымен инсульт деген не екенін айтуымыз керек. Инсульт – ми қан айналымының жедел бұзылуы, нәтижесінде мидың әртүрлі бө­лігінің жұмысы бұзылады. Осы ретте FAST сынағы инсульттің алғашқы белгілерін тану үшін қолданылады. Яғни күлімсіреу. Ол бойынша инсульт кезінде күлімсіреу қисық болуы мүмкін, еріннің бір жағындағы бұрышы жоғары емес, төмен бағытталады. Сөйлеу. Науқасқа қарапа­йым сөйлем айтқызыңыз. Мысалы, «Терезенің сыртында күн жарқырап тұр». Инсульт кезінде айтылу жиі бұзылады, бірақ ұдайы емес. Екі қолды көтеру. Егер қолдары бірдей жылдамдықпен көтерілмесе, бұл инсульттің белгісі болуы мүмкін. Тиісті емдеу үшін «уақыт-ми» тұжырымдамасы, инсультті ерте анықтау және нақты терапия алу үшін науқасты жақын маңдағы инсульт орталығына жылдам жеткізу өте маңызды. Біз невропатологтың қан ағымын қалпына келтіру үшін бар болғаны 6 сағаты бар екенін есте сақтауымыз керек. Дәрігер қан ұйығышын еріту үшін арнайы препаратты пайдаланады немесе хирург мидың тамырларына операция жасайды және қан ағынын қалпына келтіреді. Егер науқас ауруханаға 6 сағаттан кешіксе, дәрігерлер нақты терапияны жүргізе алмайды, себебі асқыну пайда болуы мүмкін» дейді Әлия Иманова.

Жалпы инсульттан кейін адамға үлкен күтім керек. Оңалту маманы, невропатолог, кар­диолог, нейрохирург, реаниматолог, күтім медбикесі, ЛФК нұсқау­шысы және құрамына психолог кіретін мульти­дисциплинарлық топтың қатысуымен жеке оңалтуды қажет етеді.

Аурудың алдын алу үшін әр адам өз денсаулығына жауапты болғаны абзал. Дәрігерлердің пікірінше, инсультпен ауыратындар жиі профилактикалық шараларды сақтамайды және емхана мен скринингтен уақытылы өтпейтін көрінеді.

Алдын алу үшін не істеу керек?

Темекі шегуге болмайды!

Темекі шегу атеросклероздың дамуын, жүрек пен ми тамырларында қан ұйығыштарының пайда болуын тездетеді. Шылым шегетін адамдарда инсульт қаупі темекі тартпайтындарға қарағанда 6 есе жоғары. Темекі шегуді тоқтатқаннан ке­йін 5 жылдан кейін инсульт қау­пі темекі тартпайтындармен бірдей болады.

Алкогольді ішімдік ішпеңіз!

Этанол қан қысымын төмендететін препараттардың әсерін төмендетеді. Этанолдың өзі қан қысымын арттырады.

Дене шынықтыру жаттығуларын орындаңыз!

Өзіңізді жақсы сезінген кезде шамадан тыс жұмыс жасамай, аптасына кемінде 4-5 рет 30-40 минутқа дейін серуендеңіз.

Тұзды азайтыңыз!

Тұзды тұтыну мөлшерін күніне 1 шай қасықтан асырмай азайтыңыз. Инсульт қаупі 23 пайызға, жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітім 16 пайызға төмендейді.

Көкөніс пен жеміс жеңіз!

Күнделікті тұтыну инсульттің алдын алады, антиоксиданттық механизмдер белсенді бола түседі, калий деңгейі жоғарылайды. Аптасына кемінде 2 рет майлы теңіз балығын жеңіз. Инсульт қаупі 48 пайызға төмендейді. Атеросклероздың дамуына жол бермейтін көптеген полиқанықпаған май қышқыл­дары бар.

Қан қысымын тұрақты бақылаңыз!

Күніне 2 рет тексеріп отырыңыз. Қандағы глюкоза деңгейін, қан липидтерін мерзімді бақылаңыз. Осы ұсыныстарды орындау қайталанатын инсульт қаупін 40 пайызға төмендетеді. Жеке таңдалған дәрілерді үнемі қолдану инсульт қаупін тағы 40 пайызға төмендетеді.

 

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button