Басты ақпаратЕл тынысы

Іргелі ұйымның биік белесі

Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін өткізу кезеңінде елорда әуежайында күшейтілген және тәулік бойғы жұмыс режимі қамтамасыз етіледі, деп хабарлады Elorda.info.

Тұрақты рейстердің ұшуы кесте бойынша жоспарланған. Саммитті өткізу кезеңінде жұмысқа сала мамандары мен диспетчерлік құрам тартылды. Жүзден астам қызметкер резерв ретінде жұмылдырылып, елорда әкімдігімен бірлесіп, шет тілдерін білетін еріктілер тартылып жатыр.

Астаналық теміржол вокзалдары штаттық режимде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда теміржол көлігі Астана-1 станциясынан 23 бағыт бойынша тәулігіне 11 мыңға жуық жолаушыны, ал «Нұрлы жол» теміржол вокзалы бойынша тәулігіне 8 мың жолаушыны 19 маршрут бойынша тасымалдауда. Вокзалдар кешенді қауіпсіздік жүйе­лерімен жабдықталған, – делінген Көлік министрлігінің ақпаратында.

БҰҰ ресми сайтының ақпаратына сүйенсек, Антониу Гутерриш елімізге ресми сапармен келеді. Ол 3-4 шілдеде елорда мен Алматыда болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен, басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен және БҰҰ қызметкерлерімен кездеседі. Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің мәліметінше, бас хатшы 4 шілдеде Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне шақырылған. Ол ШЫҰ Плюс сессиясында сөз сөйлемек.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) – 2001 жылы 15 шілдеде Шанхай қаласында алты мемлекеттің шешімімен құрылған үкіметаралық халықаралық ұйым. Шанхай ынтымақтастық ұйымы қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок немесе жабық альянс емес, ол – кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған, құрамы кеңейтілуге ашық ұйым. «Шанхай бестігі» ШЫҰ-ның ізашары болды, Оған алғашында 5 мемлекет – Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан елдері мүше болды. 1996 және 1997 жылдары бес мемлекеттің басшылары Шанхайда және Мәскеуде кездесіп, шекара аумағында әскери сенім шараларын күшейту келісіміне, сондай-ақ шекарадағы әскери күшті қысқарту, сенім шараларын нығайту келісіміне қол қойды. Осыдан кейін бес мемлекеттің аумағында кезегімен кездесу ұйымдастырылып, талқы тақырыбы да кеңейіп, саяси, қауіпсіздік, сыртқы байланыс, экономика және сауда салаларындағы әріптестік дәрежесіне дейін көтерілді. 2001 жылы Өзбекстан ұйымға ресми түрде қосылғаннан кейін ұйым атауы «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» (ШЫҰ) деп аталды. 2017 жылы Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға толық мүше атанса, 2023 жылы оған Иран қосылды.

Қазіргі кезде ШЫҰ жасыл шардағы 3,5 млрд халық өмір сүретін (әлемдегі халық санының 44 пайызға жуығы) елдердің басын қосқан іргелі ұйымға айналып үлгерді. Ұйымның құрамына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің екі тұрақты мүшесі (Қытай және Ресей), әлемдегі халық саны ең көп екі мемлекеті (Үндістан және Қытай), БРИКС тобына мүше елдердің үшеуі және G-20 тобының жиырма үш мемлекетінің үшеуі (Үндістан, Қытай және Ресей) кіреді

Осылайша қазіргі уақытта ұйымға 9 ел мүше. Олар: Қазақстан,  Үндістан, Иран, Қытай, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Бұдан бөлек, қазір Ауғанстан, Беларусь және Моңғолия елдерінің бақылаушы-мемлекет статусы бар. Биыл Астанада өтетін саммитте Беларусь елін мүшелікке қабылдау жоспарланып отыр. Ұйымның диалог серіктесі ретінде 14 ел тіркелген. Олар: Әзербайжан, Армения, Бахрейн, Мысыр, Камбоджа, Катар, Кувейт, Мальдив, Мьянма, Непал, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия және Шри-Ланка. Ал ұйымның ресми тілі – орыс және қытай тілі деп бекітілген. Ұйымның жоғарғы органы – Мемлекет басшыларының кеңесі. Ұйымның хатшылығы – Қытай астанасы Бейжің қаласында болса, ШЫҰ-ның аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымының бас кеңсесі Өзбекстанның елордасы Ташкент қаласында.

Қазіргі кезде ШЫҰ жасыл шардағы 3,5 млрд халық өмір сүретін (әлемдегі халық санының 44 пайызға жуығы) елдердің басын қосқан іргелі ұйымға айналып үлгерді. Ұйымның құрамына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің екі тұрақты мүшесі (Қытай және Ресей), әлемдегі халық саны ең көп екі мемлекеті (Үндістан және Қытай), БРИКС тобына мүше елдердің үшеуі және G-20 тобының жиырма үш мемлекетінің үшеуі (Үндістан, Қытай және Ресей) кіреді.

Қазақстанның ШЫҰ бойынша әріптес елдермен тең дәрежедегі диалогқа сындарлы және мақсатты қатысуы Қазақстанның өңірдегі ұстанымын күшейтіп, ықпалын арттырды. 1996 жылы Шанхай үдерісі басталғалы бері Қазақстан – ШЫҰ аясында жан-жақты өзара іс-қимылдың белсенді қатысушысы болып келеді. Қазақстан Ұйымның аясында өтетін лаңкестікке қарсы әскери жаттығуларға, ғылыми конференциялар мен форумдарға тұрақты қатысып, ШЫҰ құқықтық базасының нығаюына үлкен үлес қосты. 2006 жылы 15 маусымда Шанхайда өткен саммитте Қазақстан ШЫҰ Азия энергетикалық стратегиясын жасауға бастама көтерді. Бұл ШЫҰ-да сауда-экономикалық салада тәжірибелік ынтымақтастықтың басталуына түрткі болды. Қазақстанның ұйым аясындағы сауда-саттық істері де өркендеп келеді. Мәселен, ШЫҰ елдерінен былтыр Қазақстанға 4,6 млрд АҚШ доллар көлемінде инвестиция тартылса, тауар айналымы 66 млрд АҚШ долларын құрап, 7,5%-ға өсті.

2023 жылғы 5 шілдеден 2024 жылғы маусымға дейін Қазақстан Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Осы уақытта еліміз ШЫҰ Төрағасы ретінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында Ұйымды жаңғыртуға және оны одан әрі тиімдірек көпжақты платформаға айналдыруға бар күш-жігерін салды. Осыған дейін аталған ұйымға бірнеше мәрте төрағалық еткен еліміз осы реткі төрағалық кезінде ұйымға мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін төмендегі салаларға бағыттауға ден қойды.

–  ШЫҰ-ны жетілдіру және оны одан да тиімді платформаға айналдыру;

– ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша әлеуетті нығайту;

– Экономика және сауда саласындағы байланыстарды тереңдету;

– Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдету;

– ШЫҰ-ны кеңейту және оның халықаралық байланыстарын дамыту.

Еліміз ұйымның төрағалық тізгінін қолға алған кезде Мемелкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға төрағалық аса маңызды әрі өте жауапты миссия екенін ерекше атап өткен еді. «Ұйымның негізін қалаушылардың бірі және көпжақты диалогты дамытудың белсенді қолдаушысы ретінде Қазақстан Ұйымды өзінің теңгерімді сыртқы саясатындағы тұрақты басымдық ретінде қарастырады. Төрағалығымыздың қағидаттары мен кең ауқымды күн тәртібін әзірлеу кезінде де дәл осы уәждер басшылыққа алынды. Біздің күш-жігеріміз қауіпсіздік мәселелерін шешудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, экологияны қорғауға жәрдемдесуге және халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталатын болады» деп баса айтқан болатын. Бір жылдан бері атқарылған жұмыстарға үңілсек, Қазақстан осы міндетті де абыроймен атқарғаны байқалады.

Сонымен, Астана саммитінен бастап ШЫҰ толыққанды «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істейді. Енді ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы саясат, экономика және сауда, ғылым-техника, мәдениет, білім, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және басқа салалардағы ынтымақтастық тіпті де кеңейе түспек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button