Басты ақпаратЕл тынысы

Иванның жарық жұлдызы



Осыдан жеті жылдай бұрын питерлік Иван Червинскийді біздің елде ешкім білмейтін. Қазақстан туралы оның да білгені аз болатын. Алайда қазақтың көкжиегінде жарқырап жанған жұлдыздарының жарығы Неваның жағасында жүрген Иванның жолын ашып, жұлдызын жаңаша жарқыратты.  

Ертегіге ұқсас осы оқиғаның екінші бір кейіпкері бар. Ол – Димаш. Оқырманға түсінікті болуы үшін 2017 жылға оралайық. Қытайдың «I’m a singer» жобасының қызған тұсы. Өнерпаздар додасында Димаш та бар. Иван  өзінің немере ағасы Михаил Пойловпен бірге Димаштың бір әніне әртүрлі видеолар қосып, фильм жасап ғаламторға қосты. Ондағысы питерліктерге Димаштай әнші барын айтып, насихаттамақ ойы болатын. Бір қызығы, ертесіне Димаштың әні әлемді аралап кетті. Шекара асып, Латын Америкасынан жанкүйерлер легін тапты. Ізін суытпай тағы бірнеше ролик жасап тұрақты көргендер саны 500 миллионнан асқан кезде жаңа белестің биігі жақын қалғанын түсінді.

Иван айтады: «Дүние жүзіндегі шетелдіктердің Қазақстанның мәдениеті мен өнерпаздарына қаншалықты қызығушылық танытып отырғанын байқаған соң Латын Америкасы, Австралия, Индонезия, Португалия, Еуропа елдері және әртістері өнер көрсеткен онлайн-концерттер сериясын ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Арасында қазақ әндері де шырқалды. Біздер күніне әртүрлі форматта сегіз роликке дейін шығаратынбыз. Бұл концерттер топтамасы «Алға, Димаш» деп аталды. Осылай жүргенімізде белгілі бір себептермен ғаламтордағы біздің арналар жоғалып кетті. Үш арнамыздан айырылып, аңтарылып қалғанымызда қазақ достарымыз жақсы қолдау көрсетті. Қандай шығарылым жасасақ та, олар бізді ынталандырды, қолдады. «Достар, алаңдамаңыздар», «Алға, Петербург» деп жазды. Қазақ мәдениетінің адамдарды өз төңірегіне топтастыратын ғажайып қабілеті бар».

Одан кейінгі фильмдерде мен қазақстандықтардың феномені қандай деген сұраққа жауап табуға тырыстым. Мен қазақ халқының интеллектуалды әлеуетіне таң қаламын. Қарап отырсаңыз, бүгінде Америка президенті әкімшілігінде бір қазақ жұмыс істеп жүр, Илон Масктың жанында да  қазақ бар, әлемдегі мықты диджей – Иманбек, әлемнің атақты әншісі – Димаш. Жалғастыра берсем, бұл тізім кете береді. Аяқ астынан жарқ етіп шыға келгенде бір құдіретімен бүкіл әлемді мойындатып, өзіне қаратып алады. Математикадан, шахматтан жеңімпаз кім? Қазақ. Жақында Ұлыбританияда мектеп оқушылары арасындағы ағылшын тілінен өткен жарыстан қазақ оқушысы бірінші орынды жеңіп алыпты. Осыншама қоғамға ашық, жаңалықтарды тез меңгеретін интеллектуалды сана қалай біткен? Елде әу демейтіні жоқ, домбырашылардан бөлек, классикалық аспаптарда ойнайтын виртуоздар жеткілікті. Ел аралап қарапайым қазақпен аралассаңыз, ар жағында еш қулығы жоқ, аңқылдаған ақ жүрегі көрініп тұрады.

Осы жасыма дейін бірнеше жыл Финляндияда, Кореяда, Түркияда тұрдым. Жан жылулығын халықтардың бір-біріне деген риясыз жанашырлығын осы жерде көрдім. Жасандылық жоқ. Қолында бар болса, аямайды.

Жақында ақын Олжас Сүлейменовпен сұхбаттасудың сәті түсті, атақты әнші Бибігүл
Төлегенова да кездесуге келісті. Осындай аңыз адамдардың назарына түскен мен кіммін деп кейде таң қаламын.

Осы жылулық мені қазақ жеріне алып келді. Отбасыммен бірге көшіп келіп, қызымды бірінші сыныпқа мектеп-лицейге бердім. Таныстарым жеке мектепке  беруге кеңес берген. Оған келіспедім. Қызым бір сыныптағы отыз баламен бірге жүрсін, бірге оқысын. Қазақ мектептерінде біліммен бірге тәрбие беріледі. Барша адамзатқа ортақ құндылықтарды да осы жерде үйренеді. Қазақ болып қалыптасады.

Алғаш рет қазақ шапанын сыйға тартқан достарымның көңілі үшін киіп жүрдім. Байқаймын, көшеде менен басқа ешкім шапан киіп жүрген жоқ. Бірді-екілі адамды кездестіріп қалсам, олар да қазақ емес. Сөйтсем, шапанды мұндай киюге емес, сыйлық үшін тартулайды екен. Оны кейіннен достарым айтты. Бірақ мен шапанымды шешпедім. Бұл тренд ұлттық шапан кию үлкен айналым алып келеді. Мәселе киімде ғана емес, оның күнделікті жұмысқа, жылдың қай кезеңдерінде болсын иығыңнан тастамай киюде тұр. Жеке басымнан айтайын, маған өте қолайлы. Қазір мен үшін арнайы модельер тігіп береді. Қалтасы қай жағында болуы керек, ұзындығы қалай, тағы басқа өлшемін келісіп шешеміз. Бұл туралы бізде миллиондап қаралған бейнежазбалар бар» деп атап өтті Иван Червинский.

Иванның шығармашылық өмірбаянындағы елеулі кезеңі Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысына қатысты фильм түсіргеннен кейін жаңа сипат алды. Және оның қоғамдық өмірі басталды деуге болады. Ол ҚХА-ның ХХХІІ сессиясының қонағы болып, Мемлекет басшысының алғысын алды. Иван Қазақстанның әр өңірінде жиі болып, жастармен жиі кездесіп, өзінің басынан өткен ғажайып сәттердің қиындығы мен қуанышын бөлісіп, жастарға жігер береді. Өзінің көрсетілімдері миллионнан асып жығылатын бейнебаяндарында жас қазақстандықтардың жетістіктерін сүйіншілеп, спорт пен шығармашылық әлеміндегі жаңа есімдерді барша ғаламға танытып, қазақ есімінің асқақ айтылуына бар күшін салып жүр.

Иванның қазақ тілін оқып жүргеніне көп бола қойған жоқ екен. Бірақ тұрақты түрде, күніне бір жарым сағаттан бөліп сабақты жібермеуге тырысады. Ауызекі сөйлесе алады. Жақсы түсінеді. Ал «қазақ тілін толық меңгеру үшін  алдымен  ниет керек» дегені біздің де көңілімізден шықты.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button