Қала мен Сала

«Joltap» жобасы: мол мүмкіндіктер

Астанада «Joltap» жобасының арқасында тұрақты жұмыс тауып, жағдайын жақсартып, жаңа мамандық игеріп жатқандар бар. Мұнда қатысушылар цифрлық және жұмысшы мамандықтарын оқып, жаңа жұмыс таба алады.

Қалалық әкімдіктің бастамасымен және «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының қатысуымен жүзеге асып жатқан ауқымды жобаның аясында 18 бен 50 жас аралығындағы астаналықтар жұмысшы мамандықтары бойын­ша қысқамерзімді оқытудан тегін өтіп, сертификат алады.

Осы уақытқа дейін жобаға қатысушылардың бір бөлігі техникалық мамандықтарды игерсе, енді бір бөлігі цифрлық саланың тілін меңгерді. Солардың бірі – 30 жастағы елордалық Абылбек Садықов. Ол біраз уақыт құрылыста жұмыс істеген. Алайда кейін жұмыссыз қалған соң, осы жобаның оқыту курсына қатысып, жаңа дағдыны дамытты.

– Бір күні көшеде кетіп бара жатқанымда «Joltap» жобасы туралы жарнама көзіме түсті. Содан қаладағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінің біріне барып, дәнекерлеуші саласы бойынша тегін оқыту курсына жазылдым. Бұл қаңтар айының ортасы болатын, ал оқыту ақпан айының бас кезінде басталды, – деді Абылбек Нұрсейітұлы.

Айтуынша, сабақ күн сайын өткен. Ол бір айдың ішінде бұл мамандықты меңгеріп шыққан. Курс барысында көптеген сұраққа жауап алып, біршама жаңа нәрсені үйренген. Жалпы ол дәріс алған топта адам көп болмағанын, сабақтар өте қызықты және мазмұнды өткенін жеткізді. Қазіргі кезде ол қаладағы зауыттардың бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.

– Бұл жобаның көпке тигізер пайдасы мол. Себебі «Joltap» арқылы әр адам өзі үшін жаңа мамандықты игере алады, болмаса біліктілігін арттырады. Бастысы, бұл – жұмыс істеймін деген әр адамға жақсы мүмкіндік, – деді Абылбек Садықов.

Бұған дейін дүкенде сатушы болып жұмыс істеген 50 жастағы елордалық Элеонора Нахипова «Joltap» бағдарламасы туралы кездейсоқ білді.

– «Joltap» мүмкіндігі туралы мен бағдарлама павильонының жанынан өтіп бара жатқанда білдім. Кеңесші маған бағыттар мен шарттар туралы айтып берді. Мен оқуға жазылуды шештім. Сонымен қатар дүкенде сатушы болып жұмыс істедім және жаңа дағдыға ие болғым келді. Сөйтіп бұл жерде кассамен жұмыс істеуді үйренуді көздедім. Сондықтан мен кассир-сатушы мамандығын таңдадым. Жалпы «Joltap»-та оқу маған ұнады. Курста өз саласының мамандары сабақ береді, бәрі оңай және түсінікті болды. Біз жаңа білім мен дағдыны тез меңгердік, – деді астаналық әйел.

Оның айтуынша, курсты аяқтағаннан кейін оның алған білімі көп көмектесті, өйткені ол жұмыс істеген дүкенге касса орнатылды. Қазір Элеонора кассада сатушы-кассир болып жұмыс істейді. Әкімдікке және осы жобаны енгізгендердің барлығына алғысын жеткізді.

Талай адамға мүмкіндік беріп, жұмыс істеуге жағдай жасаған бұл жоба астаналықтардың табысын арттыруға жағдай жасаумен бірге, елордалықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда. Қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Түлектердің кандидатуралары «Jumys tap» Telegram-ботында тегін көрсетіледі. Консультация күн сайын «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде өтеді.

Елорда тұрғындары осы мекенжайларда орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері ұсынатын барлық мүмкіндікті пайдалану арқылы тегін оқып, жаңа кәсіпті меңгере алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button