Руханият

Кісілік келбеті

Республикаға белгілі тарихшы, тарих ғылымының кандидаты, профессор, мәдениеттанушы, ондаған кітаптың авторы Әміржан Әлпейісов Ақмола облысының Бестөбе кенішінде 1954 жылы 13 маусымда дүниеге келді.

Бала тәрбиесінде қанмен берілетін қасиеттермен бірге оның тұлғалық өсуіне ата-ананың көрсететін өнегесінің орны бөлек. Атасы Қабылуақит аты барда желіп жүріп жер таныған, асы барда беріп жүріп ел таныған, басқаға үлгі жол көрсетер ақсақал болды. Әжесі Мүгілсім «Әміржаным ғалым, жазушы болады» деп немересін үй шаруасына араластырмай, тек сабақ оқуына жағдай жасайтын. Әке – асқар тау, ана – ағар бұлақ. Әміржанның әкесі Қабылқайыр сол кездегі азаматтарға тән тұрмыс кейістігі жүрегін сыздатса да сыр бермей, мойымай, еңселерін түсірмей жүретін, мұсылманшылығынан арылмаған тынымсыз жан болатын. Барға қанағат, жоққа сабыр ететін Қабылқайыр әкеміз қай салада қызмет етсе де елдің алғысын алған абыройлы адам еді. Анамыз Айтжан Балғабайқызы екеуі елге сыйлы, есіктері жабылмай, дастарқандары жиылмай қонақ күткен, көпшіл, кеңпейіл, ақжарқын болатын. Сол елдің батасы балаларын ғана емес, немерелерін де жоғары оқу орындарында оқытып, еңбектерінің жемісін көріп кетті.

Әміржан оқу бітірісімен жолдамамен Целиноград қаласына келіп, облыстық комсомол комитетіне жауапты қызметке орналасты. Бір жылдан аса еңбек етіп, жоғары лауазымды қызмет ұсынылғанына қарамай, өзінің көңілі сүйген тарих ғылымымен айналысу үшін Алматы қаласына қайтып келді. Алматы халық шаруашылығы институтының тарих кафедрасына жұмысқа орналасып, аспирантураға түсті, тарих ғылымының кандидаты атағын қорғады.

Әрқашан өзінің білімімен, белсенділігімен көзге түсіп жүретін Әміржанға да басшы органдардан жауапты қызметтер жиі ұсынылатын. Осыған байланысты біраз уақыт партия ұйымдарында, Астана қалалық әкімдігінде, Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық мекемелерінде жауапты қызметтер атқарды. Бірақ қайда жүрсе де, ғылыммен, жазушылықпен айналысуға аса көңіл бөліп отырды. Соның нәтижесінде арасына жылдар салып, оннан астам кітапты дүниеге әкелді.

Әр адамның туып-өскен жері өзіне ыстық, себебі өмірінің ең шуақты, берекелі, мерекелі балалық шағы осында өтеді. Әміржанның ең алғашқы туындылары туған жерге, өскен елге деген сағынышы, махаббатына толы болды. 1994 жылы орыс тілінде шыққан кітабы «Ностальгия» деп бекер аталмаған. Бұл кітапта әр жылдары жазылған қысқа әңгімелер топтастырылған. Автор Бестөбе жерінде өскен жастардың арман-тілектерін, өмір сүру деңгейлерін шынайы суреттей алған. Қатар өскен неміс ұлтының жастары 1990 жылдары туған елді қинала тастап, заман құбылысына орай Германия еліне қоныс аудару кезіндегі қиналыс сезімдерін шебер жеткізген.

Ә.Әлпейісов өз еңбектерінде қоғамның даму заңдылықтары, оның елдің салт-дәстүрімен, мәдениетімен тығыз байланыста болған уақытта ғана еліміздің болашағына жақсы әсері болатынын ашып отырады. Жастайынан зерек, алғыр болып өскен Әміржан елге жақсылық жасап жүрген ағаларының өткенді саралап, бүгінгіні даралап, болашақты болжай алған қасиеттерін де бойына сіңірді.

Ә.Әлпейісовтің 1995 жылы шыққан «Тағдыр тағылымы» повесінде қатар өскен достардың өмірдегі есею жолдары, жақсылық пен қиындықтан алған әсерлері автордың өз өмірінің жолдарымен ұштасып жатқандай. Он жыл мектепте бірге оқып, құлын-тайдай жарасып бірге өскен сыныптас достары Қияш, Төлеген, Жамбыл, Рамазан, Бағдат, Жамал, Ләззат, Рая тағы басқаларына арнаған жүрек сырлары секілді.

Мызғымайтындай көрінген Кеңес Одағының шаңырағының ортасына түсуіне, социалистік жүйенің қирауына қазақ жастарының қосқан үлестері зор. Бұл жағдайларды көзімен көріп, жүрегімен сезінген ­Ә.Әлпейісов те қалыс қала алмай, «Қашқын суыр» повесінде Желтоқсан көтерілісінен кейінгі қазақ жастарының қилы ғұмыры мен тұрлаулы тағдыры, рухани-адамгершілік қасиеттерінің ашылуын сипаттайды. «Азаттық аңсаған Сарыарқа» повесінде Алматы қаласы студенттерінің астыртын құпия ұйымының іс-әрекеттері көрсетіледі. Бұл ұйымның жұмысына автордың да қатысы болғандықтан, ондаған жылдар бойы қауіпсіздік комитетінің бақылауында болып, кейін ақталып шықты.

Ал сол жастардың санасын серпілтіп, болмысын оятқан, Алаш зиялыларының күрес жолын жалғастырған «Жас тұлпар» қозғалысы болды. Ә.Әлпейісов өзінің «Жас тұлпар» дүбірі повесінде ХХ ғасырдың 60-70- жылдарындағы жастардың Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресі, ұлтына деген сүйіспеншілігі туралы баяндайды. «Өткенді білмесек болашаққа қалай барамыз, кеткенімізді қадірлемесек, жаңа ұрпаққа не дерміз» дейді автор.

Сол қозғалыстың белсенді мүшелерімен кездесіп, халқымыздың бостандығы, еліміздің тәуелсіздігі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, ұлтым деп отқа түскен боздақтардың атқарған игі істерін толық ашып береді. Ар-намыс тазалықтың биік шыңы ғана емес, адамгершіліктің мәңгілік өзгермес символы ғой. «Жас тұлпар» қозғалысының ұйымдастырушыларының бірі Мұрат Әуезовпен көп араласып, туыс аға-інідей сыйласып кетті. Қоғамда болып жатқан өзгерістер, болашақ туралы ой-толғаныстарымен бөлісіп, дәуір алмасуының аз уақытта заманды адам танымастай өзгерткеніне ой жүгіртті.

Мұрат Әуезовтің өскен ортасы, ата-анасының тағдыр толқынының қиын-қыстау кезіндегі көрген азаптары, соның бәрін жеңіп шығу жолындағы адамгершілік қасиеттері, махаббаты жайлы көп мағлұмат алған Әміржан осы әулет туралы өз ойларын ортаға салды. «Ана жүрегі» әңгімесінде қазақтың үш алыбы; Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтің жары болған қоғам қайраткері, Мұраттың анасы Фатима Ғабитованың басынан кешкен қиын да, қызықты тағдыры туралы нағыз деректермен баяндайды. Бұл еңбекте сталиндік зұлматтан жапа шегіп, қанша қиындық көрсе де мұқалмаған Ұлы дала аруының өмір жолы бейнеленген. Бұл шығарма тарихи оқиғаларға негізделіп, тұтас бір күрделі кезеңді қамтығаны себепті жылдың үздік әңгімесі деп танылып, «Алтын қалам 2017» әдеби сайысының бас жүлдесін жеңіп алды.

Былтыр баспадан шыққан «Мұрат» атты кітабында қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов­тің өмір жолы, Алаш қозғалысы кезіндегі атқарған қызметтері, балаларымен қарым-қатынасы, оларды өмір жолына бағыттап айтқан ақылдары баяндалады. Мұраттың жастық шағы, студенттік кезеңдері, «Жас тұлпар» қозғалысын ұйымдастырудағы ерекше еңбегі толықтай берілген. Кітаптың «Мұрат» аталуының символикалық себебі бар сияқты. Тарихты, мәдениетті, саясатты ұштастыра отырып, Ә.Әлпейісов өзінің мұратының биік баспалдағына көтерілді. Бірақ, Әміржан қашан да арманшыл…

Әміржан Қабылқайырұлының өмір жолы жастарды әділдікке деген терең танымға тәрбиелей алатын сара жол. Отанды сүю, оған адал қызмет ету бүгінгі күнге ғана емес, болашаққа керек. Үлкен қыздары Эльмира, Әсем бүгінде бақытты жанұя болып қуантса, кішісі – Айым студент. Әміржан жан жары Кәусармен немерелерінің тәрбиелеріне көңіл бөле жүріп, өздерінің сүйікті жұмыстарымен айналысуда.                                                                                Мыңжылдық тарихы бар Бестөбе кенішінде дүниеге келіп, бүгінде ел ағасы болып жүрген Әміржан Қабылқайырұлы жетпістің сеңгіріне шықса да көңілі ақ, жаны жайдары қалпында. Жастарға берері, үйретері көп, әлі де сол жолда қызмет істеп жүр.

Өмірсерік ЕРЖАНОВ,

Астана

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button