Басты ақпаратЕл тынысы

Көк тудың желбірегені…



Тәуелсіздік күні десе, менің есіме атажұрттан алыс жүрген шақтарым түседі. Өйткені тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан шетелдегі әр қазақтың жалғыз үмітіне айналды. Керек десеңіз, бала біздің өзіміз «шіркін, Қазақстанға қашан жетер екенбіз» деп қаншама күнді армандаумен өткіздік. 

Қытайда 1 қазанды мемлекет мерекесі ретінде тойлайды. Ол күні барлық мекеме, оқу орындары ту шығарады. Оған барлық қызметкерлер, оқушылар қатысуы міндетті. Өз басым, қаншама рет сол ту шығару салтанатына қатыссам да, шын жүректен беріліп, Қытайдың гимнін айтқан емеспін. Керісінше, «Қашан дәл осылай өз туымызды шығарып, қазақ тілінде әнұранымды шырқап тұрады екенбіз» деп іштей қиялдайтынмын. 2011 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне орай Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы шетелден де қонақтар шақырды. Сол шақырылған қонақтардың арасында Қытайдан мен де келдім. Түске дейін «Мәңгілік ел» қақпасының ашылу салтанатына қатысып, түстен кейін Тәуелсіздік сарайындағы салтанатты жиналысқа бардық. Зал толы қонақтар орнынан тұрып, әнұран орындалғанда, менің қандай көңіл күйде болғанымды қазір сөзбен бейнелеп жеткізе алмаймын. Әнұран аяқталғанша қолымды кеудеме қойып, қалықтап тұрғандай күй кештім. Осы күнде ойласам, ол да менің Қазақстанды мінсіз қабылдаған кезім екен. Сол күні кеште Жаңаөзеннен жаман хабар жетті, қазақтың қазаққа оқ ататынын өз құлағыммен естісем де, бәрібір Қазақ елін жамандыққа қиғам жоқ.

Сол жиналыстан мен екі ту алып қайттым. Жиналыс аяқталғанда әлдекім қолындағы туды жерге тастай салса керек, жұрттың аяғының астында қалған туды Ботакөз Уатқанқызы апайым аялай алып, қағып-сүртіп, «мынау саған естелік болсын бауырым, бұл жақтағылар кейде көк тудың қадірін білмейді ғой, тудың қасиетін түсінетін сенің төріңде тұрсын осы ту» деп қолыма ұстатты. Үлкен ілтипатпен қабылдадым. Кеште үлкен үйге барып, жиналыстан екі ту алып қайтқанымды айтып мақтанып, анама көрсетіп едім, інімнің кішкентай қызы «мына тудың біреуін бізге берсеңіз бола ма?» деп қиылған соң, «ала ғой, айналайын» деп қолына ұстаттым. Қуанып кетті, кішкентай туды қолымнан алды да, бесіктің басына апарып шаншыды. «3-4 жастағы бала туға деген құрметті қайдан біледі» деп қайран қалдым…

2014 жылы жазда жеке сапармен тағы да Астанаға келдім. Бұл жолы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне өз мамандығым бойынша магистратураға емтихан тапсырдым. Шетел қазағы ретінде менің де қазақ тілінен емтихан тапсыруыма тура келді. 3 бөлімнен тұратын емтиханның бірінші бөлігі тыңдап-түсіну қабілетін байқау екен, уақытын өткізіп алмайын деп, көрім-ақ дайындалып отырғам, бірақ «мемлекеттік рәміздер» деп басталатын аудиожазба саңқ ете түскенде ойым бөлінді де кетті. Қытайда жоғары оқу орнына түсерде міндетті түрде қытай тілінен емтихан тапсырасыз, қытай тіліндегі сауатың белгіленген көрсеткішке жетпесе, оқу орнына түсе алмайсың, үкімет орындарына жұмысқа да тұра алмайсың. Біз университетте оқып жүрген кезде қытай тілінен кемінде алтыншы деңгейге жету шарт етілді. Бүкіл ұйғыр, қазақ болып қытай тілінен емтихан тапсырдық. Сонда бір ұйғыр сабақтасымның бірнеше рет емтихан тапсырып, бәрінен көздеген межеге жете алмай тарыққан шағында «Әй, Алла, біздің қашан мемлекетіміз болады, біз қашан қытай тілін үйреніп қиналғаннан құтыламыз? Бізге басқа ұлттардан дәл осылай ұйғыр тілінен емтихан алатын күн туа ма?» деп өксіген еді. Қазақ тілі емтиханы басталғанда менің ойыма осы оқиға түсті. «Қазақ елінде қазақ тілінен емтихан тапсырып отырғанымның өзі бір бақыт екен ғой» бір масаттанып, оқу тауысқаннан кейін көп ұзамай ұсталып, 10 жылға сотталып кеткен әлгі ұйғыр сабақтасымды ойлап, «ол бейшара не күйде екен?» деп ойымды жиғанша, тыңдау бөлімінің бірінші сұрағы әлдеқашан өтіп кетіпті. Бірақ оған сасқан да жоқпын, қалған сұрақтарын дұрыстап жазып, елден бұрын тапсырып, емтихан алаңынан шығып кеттім. Алайда қазақ тілінен ең жоғарғы балл жинасам да, әлеуметтану мамандығының жетекші оқытушысы бетпе-бет емтиханда «орысша білмейді екенсің» деп мені өткізбей тастады. Мен алғаш рет Қазақстанда да қазақ тілінің қақпай көретінін түсіндім. Бірақ орысша білмегеніме қорланып, намыстанған жоқпын. Бастысы, ең үлкен байлығым – қазақ тілім бар ғой.

Мен жұмыс істеген «Шыңжаң» газетінде Әбділдабек Тершин деген ақсақал болды. Сол газетте 40 жыл жұмыс істеп зейнетке шыққан. Бірде бас редактор сол кісі жайлы көлемді эссе жазуға бұйырды. Бардым, сұхбат алып болып енді жүрейін деп ыңғайланып едім, «балам, кідіре тұршы» деп бөлмесіне кіріп кетті де аздан соң шүберекке түйілген бір нәрсені алып, қайта оралды.

– Саған бір құпияны айтайын, менің туған жерім Жүңго (Қытайды ол жақта солай атайды) емес, Қазақстан. Ақсуатта туыппын. Қызылдардың қырғыны кезінде әке-шешеме еріп бері ассам керек. Ес білгелі сол туған жерімді бір көрсем деп армандаумен жүрдім. Қазақстан тәуелсіздік алғанда, «ол менің туған елім» деп ешкімге айта алмай, қуанышымды бөлісе алмай қатты қиналдым. Дегенмен, екі күн үйде жатып жалғыз тойладым. Туған жерге баруға, атажұртты аралауға осыдан оншақты жыл бұрын сәті түскен. Мынау сол сапарда Ақсуаттан алып келген топырақ еді, – деп қолы қалтырап түюлі орамалды ашты. Кәдімгі қара топырақ. Қарт көзі жасаурап топыраққа телміре қарап тұрды да, басын еңкейтіп құшырлана иіскеді, одан соң басын шалқайтып көкірегін кере ауыр тыныс алды. Туған жерінің топырағын құшырлана иіскегенде көкірек сарайы ашылып, алпыс екі тамыры иіп кеткендей күй кешкенін қасында отырған мен де сездім. Бірақ Әбекең құмары қанбай қалған адамша тамсанып аз тұрды да, топырақтан оң қолының үш саусағының ұшымен шымшып алып, сол жақ алақанына салды да, насыбай ататын адамша аузына салып, құрғақ топырақты қылғынып жұта салды. «Мұныңыз не?» дейін деп ұмсына беріп едім, «айтпай-ақ қой» дегендей ишарат жасап, сөзді өзі бастады. «Тоқсанға таядық, өлмейтін сайтан емеспіз ғой, қазақша айтқанда, төрімнен көрім жуық балам. Саған айтайын дегенім, мен өлгенде осы топырақты астыма жаймалап шашып қойсын. Қаратаудың етегінде жатсам да, Ақсуаттың асыл топырағын иіскеп жатайын. Қанатқа тапсырып қойдым, бірақ ол атасы өлгенде жылап-сықтап жүріп ұмытып кете ме деп алаңдап, саған да құлаққағыс қылғаным, Қалиакбар балам. Есіңде жүрсінші, – деді. «Жарайды ата, бірақ 100 жасқа келгенше топырақты жеп қойып, біз Ақсуатқа шапқылап жүрмейік» деп қалжыңдап едім, ақсақал көзінен жас аққанша күлді. Біршама жылдан кейін Әбең өмірден озды. Жаназа алдында Қанаттан «топырақты алдың ба?» деп сұрап едім, «иә» деп басын изеді…

Осыдан бес жыл бұрын атажұртқа біржола көшіп келуге әзер мүмкіндік туды. Бастабында бәріне таң қалып, тамсанып, қазақ пен қазақтың орысша сөйлесетініне ренжіп жүрсек те, қазір бәріне бойымыз үйренді. Бірақ көк туға деген махаббат баяғыдай. Өз еліңнің әнұранын жаныңмен түсініп, сезініп тұрып айту да үлкен бақыт қой. Ең бастысы, аспан түстес сол көк туымыз төбемізден түспесін. Күллі қазақтың ең үлкен тілеуі – осы!

 

 

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button