Басты ақпаратҚала мен Сала

Көлік кептелісі: шешімі қандай?

Кептеліс – көптеген ірі қалалардың басты проблемасы. Оқу жылы аяқталып, балалар демалысқа шыққанына және көлік пайдаланушылар қатарының азайғанына қарамастан, жаз шыға басталған маусымдық жөндеу мен таңбалау жұмыстары елордада жүріп-тұруды қиындатты. Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жол инфрақұрылымын және көлік ағындарын реттеу­ді жақсарту қажет. Елордада осы бағытта қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы төмендегі материалдан оқыңыздар.

ЖҮЙЕЛІ ІС-ШАРАЛАР

Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы елордада көше-жол желісін жақсарту және жолдардағы кептеліс­тер санын азайту бойынша тұрақты іс-шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылы Айтматов көшесінің ашылуы Тұран, Қабанбай батыр, Сығанақ көшелері бойынша көлік жүктемесінің 12%-ға төмендеуіне алып келді. Бұл көшедегі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады.

Басқарма өкілдері сондай-ақ өткен жылдың қазан айында Тәуелсіздік даңғылында жаңа көпірдің ашылуы Мәңгілік ел даңғылына жүктеменің 15%-ға азайғанын және азаматтардың оң және сол жағалаулар арасында жылдам қозғалуын қамтамасыз еткенін атап өтті.

2023 жылы Момышұлы – Сарайшық, Тәуелсіздік – Нәжімеденов және Әнет баба – Сығанақ көшелерінің қиылысында үш ауыспа жол пайда болды.

Астана әкімінің айтуынша, биыл 50-ден астам көше­ні жөндеу жоспарланып отыр. Тағы 200-ден астам көше ағымдағы жөндеумен қамтылады

Ведомствоның мәліметінше, биыл Тілендиев даңғылы мен Бейсекова көшелерінің қиылысында екі деңгейлі көлік айрығының құрылыс жұмыстары жалғасатын болады.

Сондай-ақ басқарма мамандарының болжамы бойынша, Қабанбай батыр даңғылына шыққанға дейінгі әл-Фараби даңғылының құрылысы қаланың жаңа бөлігінің – Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдарының барлық орталық көшелеріне жүктемені айтарлықтай төмендетеді. Бұл жолдардың құрылысы жыл соңына дейін басталады және оны 2025-2026 жылдары толық аяқтау көзделіп отыр.

БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫ   

Елордадағы көлік ағындарын реттеуде басты рөлдердің бірін City Transportation Systems ЖШС атқарып келеді.

– Компания интеллектуалды көлік жүйесі арқылы көлік ағындарының қарқындылығы мен жылдамдығы бойынша деректерді талдайды және жинайды, сондай-ақ жолдардың максималды өткізу қабілетін қамтамасыз ету үшін қаланың магистральдық көшелеріндегі бағдаршам нысандарының жұмысына онлайн мониторинг жүргізеді, – деді CTS трафикті басқару орталығының бас менеджері Руслан Абдуалиев.

Сонымен қатар, компания көліктік талдау негізінде трафикті жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлейді.

– Жол қозғалысын ұйымдас­тыру және инфрақұрылымды енгізу алдында дамыту жөніндегі ұсыныстар Aimsun бағдарламасында модельденеді. Бұл ұсынылған инновацияның іс жүзінде қалай көрінетіні туралы нақты виртуалды түсінік береді. Біздің міндетіміз – әсерді болжау және өзгерістің қаншалықты ақталатынына, мәселен, егер бір немесе басқа көшеде bus lane енгізілсе, қандай нәтиже болатынына жауап беру, – деді маман.

Компанияда 24/7 режимінде трафикті басқару орталығы жұмыс істейді. Мұнда CTS операторларымен бірге Полиция департаментінің қызметкерлері жолдағы штаттан тыс жағдайларға жедел әсер ету үшін қыз­мет атқарады.

– Орталықты жабдықтау бейімделу режимінде жұмыс істейтін көлік ағындары мен бағдаршамдардың бейнемониторингін онлайн жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл бағдаршамдар қиылыста көлік құралдарының қарқындылығы жоғары бағытқа басымдық береді. Сондай-ақ біз жедел жәрдем машиналары мен басқа да арнайы көліктер үшін басым жол жүруді қамтамасыз ету, маршруттық көлік құралдарын диспетчерлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл – автобустарды желіге шығару, кестелерді сақтау және олардың жүру уақытын реттеу, – деді Руслан Абдуалиев.

Трафикті басқару орталығының жұмыс тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі көлік ағынының жылдамдығы және оның қарқындылығы болып табылады.

ЖҮКТЕМЕ НЕГЕ АРТТЫ?

– Елордада көлік құралдарының жыл сайынғы өсуі жолдардың сол учаскелеріне жүктемені арттырады. Осыған байланысты көшелердің қазіргі өткізу қабілетін сақтау үшін қаладағы көлік құралдарының ағымына тікелей әсер ететін бағдаршам объектілерінің жұмыс режимдерін өзектендіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. Жол қозғалысын ұйымдастыру схемаларын өзгерту арқылы қаланың көше-жол желісіне жүктемені азайту бойынша іс-шаралар жүргізілуде, – деді CTS өкілі.

Маманның айтуынша, барлық аталған іс-шаралар іске асырылған жағдайда биылғы жылдың соңына дейін зияткерлік көлік жүйесімен реттелетін учаскелерде көліктің орташа жылдамдығын 25 км/сағ-тан 30 км/сағ-қа дейін арттыруға болады.

– Бұл өз кезегінде осы учаскелердегі көліктің орташа қарқындылығын сағатына 26 мыңнан 30 мыңға дейін арттыруға ықпал етуі тиіс, – деді маман.

CTS ақпаратына сәйкес, көлік кептелісі санының өсуінен басқа, қарқынды құрылыс, агломерация аумағынан келетін трафик, жол жұмыстары, жол-көлік оқиғалары және басқа да факторлар болып табылады.

Сонымен қатар, жылдамдықтың айтарлықтай төмендеуіне елорданың басты көшелеріндегі жолдардың өткізу қабілеттілігінен 30%-ға асатын ағынның артуы себеп болып отыр. Бөлінген автобус жолақтары жеке көліктің өткізу қабілетін төмендетеді, бірақ қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын халықтың санын бірнеше есе арттырады.

Кептелістер Астананың сол жағалауында орналасқан көшелерде көп болады. Мысалы, Сығанақ көшесінде LRT құрылысына байланысты қозғалыс ішінара шектеліп, көлік ағыны оған параллель орналасқан Достық, Сарайшық, Қонаев көшелерінде жиі орын алады. Сондай-ақ қалаға Үркер, Талапкер, Қоянды және Қосшы жағынан кіру де қиын.

Мансия СӘКЕНОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button