Руханият

Көрнекті ғалымның тағылымын таразылады

Астанадағы Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінде қазақтың біртуар азаматы, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ҒА корреспондент мүшесі, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) академигі Кәрім Мыңбаевтың қоғамдық-саяси және ғылыми қызметіне арналған «Кәрім Мыңбаев: мұра және тағылым» атты конференция өтті.

Жиын барысында Жабай Қалиев пен Сейітқали Дүйсеннің «Кәрім Мыңбаев» кітабының салтанатты таныс­тырылымы және Кәрім Мыңбаев атындағы мұражай-кабинетінің тұсаукесер рәсімі өтті. Сонымен қатар конференция қонақтарына мектепте ашылған жаратылыстану пәндерінің мектеп зертханасы таныстырылды. Зертханада ұстаздар оқушыларға шағын ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуді үйретіп, болашақ жастарды Кәрім Мыңбаевтай үлкен ғалым болуға баулиды.

Маңдайға жазылған 42 жыл ғана ғұмырында қазақ ауыл шаруашылығы ғылымының сағасында болып, қы­руар іс тындырып кеткен Кәрім Мыңбаев кезінде 5 ғылым докторын, 40 ғылым кандидатын дайындаған. Бетпақ даланы берекелі жерге айналдырмақ арманына қол жеткізе алмаған ғалым, негізінен, өсімдіктер генетикасы мен селекциясына арналған 200-ден астам ғылыми еңбек жазып қалдырған. Ол жөнінде тұлғатанушы ғалым Сейіт­қали Дүйсен баяндады.

К.Мыңбаевтың негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер генетикасы мен селекциясына арналған. Көксағыздың биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны сұрыптау әдісін тапты. Дәнді дақылдар, оның ішінде бидайдың өнімін арттыру үшін оны тек суармалы жерлерде ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарының жерлерінде де егуге болатынын дәлелдеді. Ол – Қазақстанда қант қызылшасы мен кендірді биология-селекция жағынан ғылыми тұрғыда сипаттаған алғашқы ғалым. Республикада мал басын арттыру жолында жайылымдық жерлерді көбейту үшін зерттеу жүргізді. Кәрім Мыңбаев өзінің ғылыми қызметіне кіріскен шақта елде химиялық жолмен синтетикалық каучук алу онша дамымаған еді. Резина жасау­дың негізгі шикізаты саналатын көксағыз өсімдігін зерттеп, оның ғылымға беймәлім сырларын ашуға ұмтылды.

Ғалымның бұл күнде АҚШ-та тұратын, 1939 жылы туған, Ленинград политехника ­институтының түлегі, өз саласында кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, әке жолын қуған ұлы Джафар Кәрімұлы видео арқылы байланысқа шығып, жиналған қауымға ықыласын білдірді.

Басқосуға арнайы келген Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылының Кәрім Мыңбаев атындағы орта мектеп, Қарағанды облысы Нұра ауданының Мыңбай ауылындағы Кәрім Мыңбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің, Мемлекет тарихы институтының, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалым­дары елде болып жатқан жаңа­лықтармен бөлісіп, ғалым есімін ұлықтаудағы игі істерімен таныстырды.

Кәрім Мыңбайұлының немере інісі, журналист Нұрхан Мыңбай қазақ ғылымына ауыр соққы болып тиген 1948 жылы 30 қыркүйекте болған әуе апаты туралы естелігін айтты. Алматыдан шыққан ұшақ Балқаш қаласынан жанармай құйып, әуеге көтерілген соң 15 минуттан кейін жарылып кетеді. Ұшақтың ішінде Мәскеуге, Сталин қолдан жасаған академик Т.Лысенконың 50 жасқа толған то­йына шақырылған Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымының бетке шығатын тұлғалары – академик Кәрім Мыңбаев бастаған ғалымдар Қылыш Бабаев, Сапар Нұғыманов, Хасен Наурызбаев, Федор Солодников бар еді. Қазақ ғылымының бетке ұстар бүтіндей бір буыны қыршыннан қиылған еді.

Осы күндері ғалым есімін ұлықтауда үлкен жұмыс атқарылды. Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицей директоры Алма Жұмабекова Кәрім Мыңбаевтың өмір жолын зерттеп, насихаттап жүрген тұлғалар мен қоғам қайраткерлеріне «Кәрім Мың­баев» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады. Қалалық Ботаникалық саябақта «Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейі түлектерінің аллея­сы» ашылып, балалар көшет отырғызып, тақта орнатты. Іс-шара Құрбан айт мерекесі қарсаңында өткендіктен, қазақы дәстүр бойынша шек беріліп, рухына бағышталып құран оқылды.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button