Мәдениет

Композитордың астанаға арнауы



Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеуғали Қышқашбайдың елорданың 25 жылдығына арналған «Астана – бас қала» атты шығармашылық кеші өтті.

Бірқатар басшылық қызметті атқарған кеш иесі осыдан ширек ғасыр бұрын Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалды. Екі жыл осы қызметті атқарып, сол уақытта Алатаудан Арқаға енді көшіп келген жаңа астана мәдениетінің аяққа тұруына атсалысты. Сол жылдары белгілі ақын Жеңіс Қашқыновтың өлеңіне «Астана – бас қала» атты ән жазды. Бұл туындыны Астананың көшіп келген күні – 1997 жылдың 10 желтоқсанында «Жастар» сарайында Ақжол Мейірбеков пен Баян Есентаева алғаш рет орындады. Сәл кейін ресейлік «На-На» тобы репертуарына қосып, Астананың халықаралық тұсаукесері күні – 1998 жылдың 10 маусымында Есілдің жағасында шырқады.

Тілеуғали Қышқашбайдың шығармашылығында осы «Астана – бас қала» әнінің шоқтығы биік. Жалпы композитордың әндерінен басқа симфониялық оркестрге, халық аспаптары оркестріне, ішекті аспаптар квартетіне арналған музыкалық шығармалары бар. Өнер иесі ғылыммен де айналысып, педагогика ғылымдарының докторы, профессор ғылыми атағын алды. 6 монография мен 5 оқулық, 16 оқу құралын, ғылыми мақалаларды жазды. Биыл «Қазақ өнер әлемі» монографиясы жарық көрді.

Ал шығармашылық кешінде Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай сынды көрнекті ақындардың, басқа да авторлардың өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, туындылары орындалды. Кеш барысында Астана қаласының симфониялық оркестрі, белгілі әншілер Бақтияр Тайлақбаев, Құрмаш Махан, Бауыржан Исаев, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әншілері өнер көрсетті.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button