Қала мен Сала

«Күміс еріктілердің» көркем сыйлығы



Елорданың Нұра ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының «Күміс еріктілер» тобы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласы әкімдігінің «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылған «Бақытты балалық шақ» атты қайырымдылық акциясына қатысты.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мемлекеттік мекемесіне қарасты «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы үй жағдайында психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға және психоневрология­лық аурулары бар балаларға, сондай-ақ жартылай стационар жағдайында науқастарға оңалту қызметтерін көрсетеді.

Ізгі іс-шараны Нұра ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының бөлім меңгерушісі Мұрат Темірбұлатов ашып, балаларды мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі. Орталықтың жанынан жаңа құрылған «Армандастар» ансамблі де өз өнерлерін көрсетіп балалаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен алынған сыйлықтарын балаларға табыс етті.

– Қайырымдылық акциясы өз деңгейінде өтті. Ата-аналары да балаларымен бірге қуанып, ризашылықтарын айтып жатты. Күміс еріктілердің белсенділері  әрбір сәбидің басынан сипап болса да, әжелік мейірім көрсетті. Қолдарына сыйлығын ұстатып, бір қуантты, – дейді Нұра ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жаппай жұмыстар ұйымдастырушысы Ләззат Өтеғұлова.

Іс-шара соңында Астана қаласы әкімдігінің «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Аманбай Ердәулет ризашылығын білдіріп, «Күміс еріктілер» тобын Алғыс хатпен марапаттады.

Іңкәр БАЙҒАБЫЛ,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button