Басты ақпаратЕл тынысы

Күрделі қоян жылы



2023 жыл қарулы қақтығыс көбейген, қантөгіс күшейген жыл ретінде есте қалды. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, биыл әлемде үлкенді-­кішілі 183 қақтығыс туылып, олардан көз жұмғандар саны 14 пайызға артқан. Бұл соңғы 30 жылдағы рекордтық көрсеткіш саналады. Қорыта айтқанда, 2023 жыл әлемде ірі геосаяси жағдайлар туындап, әлем елдерінің қайтадан қарулану бәсекесі артты. Су және газ, мұнай сынды табиғи байлықтар үшін талас күшейе түсті. Төменде 2023 жылдың әлемді дүр сілкіндірген ірі оқиғасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

АҚШ-ТЫ АШУЛАНДЫРҒАН ШАР

Қаңтар айының соңында АҚШ аспанында Қытайдың «шпиондық шары» анықталды. 4 ақпанда АҚШ Қытай әуе шарын атып түсірді. Бұл уақиға Қытай-АҚШ қатынасын тіпті ушықтырды. Осыдан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қытайға сапарын белгісіз мерзімге шегерілді. 19 маусымда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Бейжіңге сапарының екінші күнінде Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.

Қарашада Джо Байден мен Си Цзиньпин кездесіп, екі держава арасында әскери байланысты жандандыру, қарулы қақтығысты болдырмау, есірткі саудасымен күрес мәселелері және жасанды интеллектіні дамыту жөнінде әңгімелесті.

ТҮРКИЯДАҒЫ ЗІЛЗАЛА

6 ақпанында Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш уәлаятында, Сирия шекарасына жақын жерде жойқын зілзала болды. Дүмпу күші 7,8 балға дейін жеткен алапат жер сілкінісінде Түркияда 50 мың, Сирия аумағында 5200 адам опат болды. 180 мың адам жараланды. Бұл – Түрік еліндегі 100 жылдағы ең жойқын жер сілкінісі. Табиғат апатындағы экономикалық шығын 100 млрд доллардан асты.

Африкадағы Марокко елі де 8 қыркүйекте тарихтағы ең күшті жер сілкінісін бастан өткерді. 6,8 балдық жер сілкінісінен кем дегенде 2 946 адам қаза тауып, 5 674 адам жараланды.

Қазан айында Ауғанстанның Герат провинциясындағы 6,3 балдық зілзала 1998 жылдан бергі ел тарихындағы ең ауыр жер сілкінісі ретінде тіркелді. Оның салдарынан мыңдаған адам қайтыс болып, 10 мың адам жарақат алған еді.

НАТО ІРГЕСІ КЕҢЕЙДІ

2023 жылы 4 сәуірінде Финляндия туы Брюссельдегі НАТО-ның штаб пәтерінде көтерілді. Финляндия НАТО-ға ресми кіріп, 31-мүшесі атанды. Осылайша, ұзақ жылдар бойы әскери бейтараптық сақтаған Хельсинки Ресейдің Украинаға агрессиясынан кейін, өз қауіпсіздігін НАТО-ның құрамынан көретінін аңғартты. Ал Швеция Түркия мен Венгрияның қарсылығына байланысты одаққа қосыла алмады.

Сарапшылар «Финляндияның НАТО-ға қосылуы – Путиннің ең ірі саяси қателігі» дейді. Финляндия НАТО-ға қосылмаған сәтте Ресейдің НАТО-мен шекарасы 1215 шақырымды құраса, қазір ол 2,6 мың шақырымды құрайды.

Осы жылы АҚШ Конгрессі билікке қандай президент келсе де Сенат немесе Конгресс мақұлдауынсыз НАТО-дан шығуға тыйым салатын заңды қабылдады. Бұл Трамптың «президент болсам НАТО-дан шығамыз» деген үндеуінен кейін жасалған әрекет.

ВАГНЕР БҮЛІГІ

Вагнерлер мен Ресей қорғаныс министрлігі арасындағы бірнеше айға созылған текетірестен кейін 23 маусым күні «Вагнер» жеке әскери компаниясының қолбасшысы Евгений Пригожин 7 мың вагнерлікпен саяси бүлік жасап, Ростов облысының әскери нысандарын бір күнде басып алды. Іле-шала Мәскеуге аттанып, Ресей астанасына 200 шақырым қалған сәтте жорығын тоқтатты. Кейін «Вагнер-дің» бүлігін тоқтатуға Беларусь басшысы Лукашенконың атсалысқаны белгілі болды. Пригожин Ресей қорғаныс министрлігі «ВАГНЕР» жасақтарына снаряд бермей, Бахмутта қырылуына жол ашты деп айыптаған болатын. Ал маусымның 21 күні «ВАГНЕР» лагеріне Ресей қорғаныс министрлігі тарапынан соққы жасалғаны айтылды.

23 тамызда Пригожин отыр­ған «Embraer Legacy 600» ұшағы Мәскеу маңында құлап, 10 адам қаза тапты.

АЙҒА ҚОНҒАН ТӨРТІНШІ ЕЛ

Үндістанның «Чандраян-3» ай зонды 23 тамызда Айға сәтті қонып, Үндістан Ресей, АҚШ және Қытайдан кейінгі айға сәтті қонған төртінші ел; Айдың Оңтүстік полюсінің жұмбақ аймағына барған алғашқы ел атанды.

Сәуір айында БҰҰ Үндістанның халқы 1,429 миллиард адамға жеткенін жариялады, осылайша Үндістан халық саны бойынша әлемдегі ең үлкен елге айналды.

АФРИКАДАҒЫ ӘСКЕРИ ТӨҢКЕРІС

26 шілдеде Нигер президенті Мұхаммед Базумд президент сарайында үй қамаққа алынды. Нигер Қарулы күштерінің генералдары теледидардан елде әскери төңкеріс жасағанын, Конституцияны жойғанын, барлық үкіметтік ведомстволардың жұмысын тоқтатқанын және елдің шекараларын жауып тастағанын жариялады. Бұл – 2020 жылдан бері орталық және Батыс Африкадағы жетінші мемлекеттік төңкеріс, сондай-ақ 2021 жылы Мьянмадағы әскери төңкерістен кейін демократиялық жолмен сайланған Президенттің тұтқындауына байланысты күшті халықаралық реакция тудырған екінші мемлекеттік төңкеріс.

24 қыркүйекте Франция президенті Макрон Нигерде орналасқан 1500 француз сарбазы осы жылдың соңына дейін Батыс Африка елінен шығарылатынын мәлімдеді.

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАРАБАҚ

19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақтағы армян сепаратистеріне қарсы кең көлемде шабуыл бастады. Операцияға сол күні таңертең Ходжавенд қаласында мина жарылып, алты адамның өмірін жалмағаны сылтау болды. Небәрі бір-ақ күнге созылған бұл соғыста армян қарулы топтарының толық талқандалуымен аяқталды. Армяндар әлі күнге дейін қанша армян сепаратисінің өлгенін жариялаған жоқ. 1800-2000 қарулының көзі жойылған болуы мүмкін деген болжам бар. Ал Әзербайжан операция барысында опат болған 192 сарбазының тізімін жариялады. Қақтығыстан кейін Қарабақтағы 105 мың армян Арменияға кетті. Қарабақ Әзербайжанға түбегейлі қайтарылды.

ХАМАС – ИЗРАИЛЬ СОҒЫСЫ

7 қазан күні Газадағы ХАМАС қарулылары Израиль аумағындағы әскери нысандар мен елді мекендерге шабуыл жасады. ХАМАС операциясын «Әл-Ақса бораны» деп атады. Жауап ретінде Израиль «Темір қылыш» операциясын бастап, Газаның тас-талқанын шығарды. Күні бүгінге дейін жалғасып жатқан соғыста 20 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 55 мың адам жараланды, 2 млн адам босқынға айналды. Ал Израиль 1400-ге жуық адамынан айырылды, оның 400-ге жуығы – әскер.

Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес, шамамен 2,3 миллион Газа халқының 85 пайызы немесе 1,9 миллионға жуық адам үйлерін тастап кеткен.

ХАМАС пен Израиль қақтығысы аймақтағы өзге де әскери ұйымдардың Израиль аумағына шабуыл жасауына ұласты. Израильдің солтүстігіндегі Ливан аумағынан Хезболла жасақтары шабуыл жасаса, Йемендегі хуситтер Қызыл теңізде Израильге бет алған кемелерді атқылады. Сонымен АҚШ-тың бастамасымен хуситтерге қарсы колония құрылды. Оған 10 ел қосылды.

СӘТСІЗ ҚАРЫМТА ШАБУЫЛ

Украина әскері Ресей басып алған аумақты азат ету үшін маусым айында қарымта шабуылға шықты. Алайда шабуыл Киев ойлағандай, НАТО сарапшылары жоспарлағандай нәтижеге жете алмады. Азов теңізіне жету жоспарын жасаған украин әскерінің алға қойған мақсаты орындалмады, Украина президенті Зеленский қарымта шабуылдың күткен нәтижеге жете алмағанын мойындап, 2024 жылы соғыс тактикасында өзгеріс болады деп мәлімдеді.

Қазір Украинаның 20 пайыз­ға жуық аумағы әлі де Ресей Қарулы күштерінің бақылауында. Жыл соңында АҚШ Украинаға 250 миллион доллар көмек беретінін жарияласа, ЕО Украинаға 1,5 млрд еуро бөлді. Бұл – 2023 жылғы соңғы жәрдем. Биыл ЕО Украинаға 18 млрд еуро бөлген. Алдағы төрт жылға Украинаға 50 млрд еуро бөлуді желтоқсандағы саммитте бекіту керек болған. Алайда Венгрия вето қойды. Енді келер жылы қаңтарда қайта дауыс бермек, бұл жолы Венгрия позициясы ескерілмеуі мүмкін.

КӨРШІ ЕЛДЕР АРАСЫНДАҒЫ КЕРІС

Венесуэла мен Гайана арасындағы Эссекибо аймағы үшін таласы күшейді. Венесуэлада желтоқсан айының басында өткен референдумда ел халқының 90 пайызы Гайананың 3/4 бөлігін өздеріне қосып алуды жақтап дауыс берді. Осыдан кейін Венесуэла басшысы Мадуро Гайананың Эссекибо аймағын 24-штат деп жариялаған құжатқа қол қойды. Сонымен қатар ол Венесуэла әскерін соғыс жағдайы­на келтіріп, Гайанаға басып кіретін сыңай танытты. Гайана президенті де әскерінің елді қорғауға дайын екенін айтып, АҚШ, Франция, Ұлыбритания және Бразилиядан көмек сұрайтынын мәлімдеді. Дегенмен АҚШ-тың үйлестіруімен екі ел басшысы кездесіп, келіссөз өткізді. Кездесуде екі ел президенттері дауды бейбіт жолмен шешуге келісті.

БАРЛАУ СПУТНИГІН СӘТТІ ҰШЫРДЫ

Қараша айының соңында Солтүстік Корея алғаш рет барлау спутнигін сәтті ұшырылғанын жариялады. Солтүстік Корея үшін қазіргі миссия 2016 жылдан бергі алғашқы сәтті орбиталық ұшыру болды.

Солтүстік Корея мамыр және тамыз айларындағы екі сәтсіз әрекеттен кейін Malligyong-1 спутнигін жаңа типтегі Chollima-1 зымыран тасығышымен ұшырды. Оңтүстік Корея барлау қызметінің өкілдері зымыранның жаңа нұсқасында Ресейден алған технологияларға негізделген қозғалтқыш қолданылғанын мәлімдеді. АҚШ КХДР-дің ғарышқа спутник ұшыруын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан енгізілген санкцияларды өрес­кел бұзу деп атады.

ЖЕР БЕТІНДЕГІ ЕҢ ЫСТЫҚ ЖЫЛ

Климаттың өзгеруінен туындаған жаһандық жылыну күшейе түсуде. Еуропа Одағының климатты бақылау агенттігі желтоқсан айында 2023 жылғы ыстық 2016 жылдан асып түскенін және жер тарихындағы ең ыстық жыл болғанын ресми жариялады. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Дубайда өткен климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның 28-конференциясында «биылғы жыл 120 000 жылда болмаған адамзат тарихындағы ең ыстық жыл» деп мәлімдеген еді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button