Басты ақпаратЕл тынысы

Лудоманиядан қандай қауіп бар?

Бүгінгі ала-құла қоғамда құмар ойынның арбауына түскен адамдар көбейіп келеді. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де үлкен қауіп. Жуырда Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.   

Заң жобасында көптеген жаңалық бар. Мәселен, құмар ойындарын ойнауға 25 жастан бастап қана рұқсат етіледі. Еліміздегі букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасына толық тыйым салынады. Сондай-ақ төленбеген несиесі және алименті бар адамдар үлкен ұтыс тігілген ойынға қатыса алмайды.

400 000 тұтынушысы бар бизнес

Өзекті мәселеге Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев алаңдаушылық білдіріп, Атыраудағы үшінші Ұлттық құрылтайда: «Қоғамдағы қауіпті кеселдің бірі – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» деп мәлімдеді. Бұған дейін Президент құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажеттігін қадап айтты. Amanat партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы дайындалды. Бұл жоба құмар ойынның шырмауына түскен адамдардың тағдырына да белгілі бір деңгейде әсер ететіні сөзсіз.

Жас ұрпаққа қандай зияны бар?

Заң жобасы бойынша баян­дама жасаған Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев лудоманияның қоғам үшін зор қатері барына көптеген мысал келтірді.

«Біріншіден, құмар ойынына шырмалғандар саны артуда. Деректерге жүгінсек, соңғы 2,5 жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушысына айналған. Алаңдататын жайттың бірі, бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдардың саны белгісіз. Екіншіден, отбасы институтын әлсіретуі. Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Былтыр Алматы облысында жантүршігерлік жағдайда әйелі мен екі баласын аяусыз өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қылмыскер лудоман болған, болмашы ақшаға үш бірдей адамның өмірін қиды. Үшіншіден, суицидті өршітуі. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқанын білеміз. Осыдан бір жыл бұрынғы курсанттың өз-өзіне қол жұмсаудағы себебі де ойынқұмарлық дерті. Төртіншіден, қылмыстың көбеюіне ықпал етуде. Елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен. Бесіншіден, көлеңкелі экономиканы күшейтуі. Ойын нарығы айналасында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 трил­лион теңгеге жеткен екен. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер болатыны сөзсіз. Осында келтірілген мәліметтерден Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз» деді ол мәселенің мәнісін терең түсіндіріп.

Лудомандар қалай жойылады?

Қазір не көп – ойынқұмарлықтың жарнамасы көп. Ең алдымен букмекерлік кеңселер мен казиноларды ғимараттардың, құрылыстардың қоршауларында және көлік құралдарының сыртқы жарнамасында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, мерзімді басылымдарда, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салынады. Дегенмен букмекерлік кеңсенің және тотализатордың орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спорт бағытындағы теле, радиоарналар мен интернет-ресурстарда жарнамалауға рұқсат етіледі.

Лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен лотереялардың интернет-ресурс­тарына да тыйым салынады. Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жасалады. Бұл ретте банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына операциялар жүргізуге тыйым салынады. Блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады. Сондай-ақ лотерея билеттерін, соның ішінде электронды билеттерді тек лотерея операторы мен агенті арқылы таратуға болады. Оларды лотерея терминалдары, ста­ционарлық емес бөлшек сауда нысандары, ұлттық пош­та операторының пошта бөлімшелері және лотерея операторының бөлімшелері арқылы таратуға рұқсат етіледі. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру ұйымдарында, ғибадат үйлері мен құрылыста лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады.

Заң жобасы аясында электронды казино мен онлайн-­казино қызметін ұйымдас­тырған заңды тұлғаларға қылмыстық жаза қолданылады. Оларға 2000 АЕК дейінгі мөлшерінде айыппұл салу не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не мүлкін тәркілеп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады. Сонымен қатар ойын бизнесін ұйымдас­тырушылар енді өздерінің аппарат-бағдарлама кешендерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндеттеледі. Осылайша мемлекет олардың барлық қаржы операциясын көре алады.

«Заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде: қатысушылардың бейне-биометрика идентификациясынан өткізу міндеттілігі; ойын бизнесі ұйым­дастырушыларының үшінші тұлғалардың банк карточкаларына төлем қабылдауына шектеу қою мәселесі; мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі; өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Яғни eGov mobile қосымшасы арқылы шектей алады. Бұл шектеуді қайтып қалпына келтіре алмайсыз» деп түсіндірді бәс тігу мен ақша алуға қатысты өзгерістерді Е.Бейсенбаев.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button