Мәдениет

Мәңгілік ғашықтар хикаясы



Жуырда «Астана Балет» сахнасында биылғы театр маусымының көптен күткен премьерасы – Ресей және Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Владимир Яковлевтің хо­реографиясындағы Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» спектаклі зор табыспен өтті.

Премьера бас дирижер ­Арман Оразғалиевтің жетекші­лігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен көрсетілді.

«Менің ойымша, Владимир Яковлевтің қойылымы сол дәуірдің атмосферасын, рухы мен эстетикасын айнытпай көрсете алды. Спектакль ауқымды болып шықты. Оған театрдың бүкіл труппасы мен Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары қатысты. Хореографияны, актер­лік шеберлігін ұштау үшін әртістер ұзақ уақыт репетиция жасады. Шекспир шығармасындағы ойды, адам жанының психологиялық иірімдерін, осы классикалық оқиғаның драматизмін түбегейлі жеткізу оңайға соқпады. Бұған қоса, олар рапирамен қылыштасуды үйренді. Себебі бұл қойылымда шайқас сахнасы өте көп» деп атап өтті театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Балғын жастардың түбіне жеткен өштескен екі отбасының текетіресі жайлы дастан талай ғасырдан бері өзінің поэтикалық тілі, қарама-қайшы бейнесімен өнер сүйер қауымның ынта-­ықыласын оятып келеді.

Сахна, декорация, әсем ­костюмдер мен көз жауын алар әдемі бейнеграфиканың арқасында көрермен қауым Қайта өрлеу дәуіріне шомғандай күй кешіп, бас кейіпкерлердің жан арпалысын, толғанысын өз бойынан өткізгендей болады.

Ромеоны Сүндет Сұлтанов пен Уэсли Карвальо сомдаса, Джульеттаның көркем образын Назерке Аймұхаметова мен Наталия Фернандес Менес айшықтады. Ғажайып көркем қойылымның негізгі идеясы махаббат пен сүйіспеншілік болса, бір идеясы өшпенділік атадан балаға мирас болмауы тиіс екенін аңғартты.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button