Әлеумет

Мәртебелі міндет – мемлекеттік қызмет

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Биыл елімізде кәсіби мереке он бірінші рет аталып өтеді. Айтулы күннің тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастау алады. 2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусымды Біріккен Ұлттар Ұйымының мемлекеттік қызметшісі күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеуге шақырды. Еңбегі терең біліктілікті, үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін маман иелерін мереке қарсаңында сөзге тартып, атқарып жатқан жұмыстары мен мемлекеттік қызмет жайлы ой-пікірін сұрап білдік.

Чотояков Мейрам Базарұлы, ҚР Қаржы минис­трлігінің Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Кедендік бақылау басқармасының кедендік бақылау бөлімінің басшысы: – Мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу бұл бала күнгі арманым еді. Сол арманым мақсатқа айналып, алғаш Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің кадр жұмысы бөлімінің аға маманы болып мемлекеттік қызметке келдім.

Бүгінде мансаптық модельдің негізгі постулаты болып табылатын меритократия қағидаты бойынша басшы лауазымына тағайындалдым.

Жалпы қоғам үшін, халық үшін сапалы қызмет көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.

Кез келген мемлекеттің жетістігі мен гүлденуі мемлекеттік қызметшілердің тиімді және кәсіби жұмыс жасап, қыз­мет етуімен негізделеді.

Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды.

Адам жеке тұлға ретінде өзін-өзі үнемі жетілдіріп, алға ұмтылуы қажет. Бұл ретте, қай салада еңбек етсек те, кейін соңымыздан үлгі боларлықтай іс қалдырғанымыз жөн.

Күн өткен сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап та, жүктелетін жауапкершіліктің ауқымы да кеңейіп келеді. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының барлық маңыздылығын сезіне біліп, еліміздің даму тарихында өз ізімізді қалдыруымыз қажет.

 

Алимова Жайна Алиқызы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің әкімшілік жұмыс жөніндегі бас маманы: – Мамандық таңдау – әрбір адамның өміріндегі маңыз­ды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өткен жылдан бастау алған мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа пилоттық жобасы арқылы бағымды сынап, бүгінгі таңда мемлекеттік қыз­меткер атанып отырмын. Бұл өз кезегінде адами факторды жоя отырып, ашықтық, әділдік қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызметке кірудің ашық көрінісі деп ойлаймын.

Бұл жұмыс маған тәжірибе жинауға, жауапкершілікті арттыру, шешім қабылдауды үйрену, ұқыптылық, мұқияттылық  секілді және жеке қасиеттерді дамытуды үйретті. Жас қызметкер бола отырып, елімнің алпауыт мемлекеттермен иық теңестіре алуына қызмет етіп жүргеніме, өзімнің тамшыдай болсын септігімнің тиіп жүргеніне қуанамын. Менің ойым­ша, мемлекеттік қызметкер – елдің мүддесі үшін өз күшін, уақытын аямай еңбек ететін тұлға. Елге қызмет ету, мемлекеттік қызметті атқару бұл – үлкен жауапкершілік. Өз елімнің гүлдену жолында қызмет ету – мен үшін үлкен мақтаныш және абырой. Жүктелген міндеттерді адал атқару арқылы еліміздің көркеюіне тамшыдай үлес қосып жүргенімді мақтан етіп айта аламын. Сонымен қатар, өзімнен кейінгі жастардың да, жеке бас мүддесін ғана емес, еліміздің болашағын бірге қалыптастыру үшін мемлекеттік қызметті таңдауларына өз кеңесімді беремін. Себебі жарқын болашақ қалыптастыру – жастардың қолында деп сенім білдіремін. Мемлекеттік қызмет бұл – менің таңдауым, бұл – менің жолым!

 

Жанатбек ТӨРЕХАН, Астана қаласының Инвестицияларды тарту және сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің бас маманы: – Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, елдің тірегі, мемлекеттің белсенді бөлігі. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді дамыту – қазіргі жастардың басты міндеті. Бүгінгі таңда тәуелсіз елдің жалынды жастарына мемлекет тарапынан жыл сайын барынша қолдау көрсетіп, түрлі бағдарламалар жүзеге асуда.

Мемлекеттік қызметке қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар туралы, оның ішінде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі арқылы орналасу мүмкіндігі туралы естіп, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің бір саласын тізгіндеп отырмын. Мемлекеттік қызмет бұл – мемлекет пен халық арасындағы қатынасты байланыс­тырушы көпір және отансүйгіштіктің бейнесі болып табылады. Мемлекеттік қызметкер тек жұмыс орнында ғана емес, сонымен қатар, қоғам арасында да өзін үлгі ретінде көрсетіп, мемлекеттік қызметтің беделін оң жағынан көрсетуі қажет.

Еліміздің жастарына мемлекеттік органдардағы конкурс­тарға қатысуға қорықпау­ға кеңес беремін. Халық арасындағы барлық жағдайларды елемей, өздеріңізге, өз күштеріңізге сеніңіздер. Отанымыздың болашағы – жастар болып табылады. Ал қазір елімізде жастарға өздерін көрсетуге көп мүмкіндік беріліп отыр. Сіздердің дарындарыңыз бен жоғары белсенділіктеріңіз арқылы ­Президентіміз ­Қ.Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға шақырамын.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button