Мәдениет

Мәшһүр Жүсіп әлемімен танысты



Астана қаласы әкімдігі Әдістемелік орталығының қолдауымен Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектебінде «Мәшһүр әлемі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аңызға айналған тұлғаның мұраларын зерделеуге 170-тен астам педагог, зерттеуші қатысты.

Жиында Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы және Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектеп директоры Ғабит Сүндетов құттықтау сөз сөйлеп ашып, конференцияға өз тәжірибесімен бөлісуге келген белгілі ғалымдарға, педагогтарға сәттілік тіледі.

Заманының заңғары Мәшһүр Жүсіп «Білім алып, өмірлік қажетті іскерлік пен дағдыларды меңгеру – ұлттық ояну мен өркендеудің бірден-бір жолы» деп білді. Ақын әрі ағартушы, әулие, фольклорист, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының даналық болмысына кеңінен тоқталған Парламент Сенатының депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Нұхұлы Мәшһүр Жүсіп мұрасының құндылығын нақты дәйектермен айшықтап, оның қадим жазуы мен араб қарпінде жазылған шығармаларының дені кириллицаға аударылғаны, телегей теңіз төгілген еңбектің арқасында 20 том шығармасы өмірге келгенін және қоғам қайраткері З.Тұрысбековтің қолдауымен «Даланың дарқан дариясы» атты 45 минуттық фильмнің тұсаукесері болғанын айтып, мектеп ұстаздары мен жас буын оқушылардан құралған топтың орындауында Мәшһүр атындағы мектептің гимніне және мектеп ішінде ашылған мұражайдың мәні мен маңызына айрықша назар аударса, С.Торайғыров университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, мәшһүртанушы Айтмұхамбет Тұрышев «Абайы бар, Мәшһүр Жүсібі бар қазақ жер бетінен ешқашан жойылмайды, жарқын өмір сүруге қақы бар» деп өзінің 33 жыл зерттеуінің нәтижесінде Мәшһүр Жүсіпке «толық адам» деген қорытынды жасағаны туралы ойымен бөлісті.

Тұран университеті әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және тілдік пәндер кафедрасының профессоры, ф.ғ.к., доцент Гүлназ Жүсіпова «Мәшһүр шығармашылығын зерттесе, әлі 50 жылға жететін дүниесі бар» деп ұлы ойшыл туралы айтса, С.Торайғыров университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лаура Жүсіпова құпиясы әлі жете ашылмаған, энциклопедист-ғалым Мәшһүр Жүсіп мұраларын зерттеумен айналысқан шетелдік ғалымдар әл-Фараби сияқты жан-жақты тұлға деп баға бергенін сөз етті, «Мәшһүрдің батасын алған Қ.Сәтбаев, Алашорда үкіметінің мүшесі Ж.Аймауытовтың жасаған еңбектерін түгендеп, сөз соңында «Рухты халықты» жау да, дау да ала алмайды» деген қорытындыға келіп, пленарлық отырыстың нүктесін қойды.

Жиын соңында Алма Мұхамеджанова спикерлерге өрелі ойын ортаға салғаны үшін рақметін айтып, алғыс хатпен марапаттады.

Конференцияның екінші секциялық кезеңінде педагогтар «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және фольклор», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: тұлға және таным», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және ұлттық құндылық, тәрбие мәселелері», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және жаратылыс­тану ғылымдары мәселелері», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және руханият бағыттары» бойынша іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Ерғазы Манапұлы

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button