Басты ақпаратЕл тынысы

Мәшһүрден қалған мұра көп

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өлкетану жұмысын жандандыру, сондай-ақ еліміздегі тарихи мұралар мен ұлт руханиятының көшбасшы тұлғаларын насихаттау мақсатында Астанадағы қаламгерлердің, журналистердің, мәдениеттанушылардың басын қосып, жыл сайын ғылыми-танымдық экспедициялар ұйымдастырып келеді. Осы бір игілікті сапардың Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалымен бірлесіп ұйымдастырған биылғы кезегі «Ұлылар мекені…» деген атпен Кереку мен Абай облысында жалғасын тапты. Рухани сапардың басы Баянауыл баурайындағы аты иісі қазаққа таныс ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің орны биік тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басына зиярат етіп, құран бағыштаудан басталды.

Ұлылар туған құт мекен

Бас қаладан 400 шақырым қашықтықта орналасқан, көркі көз сүріндіретін Баянауыл – елордалықтардың жазда тынығуға ең көп баратын орындарының бірі. Жеңіл көлікпен Астанадан шығып Екібастұзды басып баруға; Қарағандымен айналып келуге немесе пойызға, электр пойызына отырып шойын жолмен баруға да болады. Жолы жақсы, қатынасы қолайлы. Орманмен көмкеріліп, көк көлмен жиектелген керім өлкенің таңғажайып табиғаты кім-кімді де тамсандырмай қоймайды.

Қазақ халқы үшін тұтас Кереку алқабы, Баянауыл тауының баурайы – тұнып тұрған тарих, аңыз­ға толы аяулы мекен. Қазақтан шыққан ең алғашқы академик Қ.Сәтбаевтың, Ш.Шөкиннің, М.Көпеевтің, Ж.Аймауытовтың, Жаяу Мұсаның, Ә.Марғұланның, әйгілі кинорежиссер Ш.Аймановтың, қазақтың ұлттық театр өнерінің негізін салушы режиссер Ж.Шанин және т. б. атақты адамдардың дүниеге келген жері ретінде кербез Кереку өңірі танымдық туризмге сұранып тұр десек, Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі өңірдегі туристік нысандар арасынан қашанда еңсесі биік көрінеді.

Ғайыптан қонған құдірет

Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы (қазақша «қой жылы») Баянауылдың Қызылтау деген жерінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Адам Жүсіп. 9 жасында қисса-дастандарды жатқа айтып, ел көзіне түскен Адам Жүсіпке Мұса Шорманұлының ықыласы ауып, тақиясына үкі таққызып: «Халқына мәшһүр болатын бала екен» депті. Міне, содан бастап қазақ даласына Мәшһүр Жүсіп деген атпен танылған ол бүгінде қазақ ұлтының рухани пайғамбарына айналды. Осыған қарағанда, Баянауылдың аға сұлтаны болған Мұса Шорман шешен де тегін адам болмаған. Былайша айтқанда, Шорман бидің Мұсасы Мәшһүр Жүсіп атымен байланысты аталса, ал Мұстафасының есімі Жаяу Мұсаның «Шорманның Мұстафасы атымды алып, атандым сол себептен Жаяу Мұса» деген әнімен тарихта қалды.

«Әкем Көпей жетпіс үш жасында өткен,

Дін жолына жас күнде бізді үйреткен.

Өзі жастай тарихат жолын іздеп,

Әбілхасым ишғанға қызмет еткен» деп Мәшһүрдің өзі жырлағанындай, әкесі Көпей 40 жасқа дейін білім қуып, ел кезген, көреген көзі ашық адам болған. Мәшһүр Жүсіп әкесі Көпейдің 42 жасында, шешесі Ұлбаланың 18 жасында дүниеге келген. Әкесі Жүсіпті оқыту үшін өзі Қамараддин қазіреттің медресесіне күзетші болып орналасып, еңбек төлеуіне Жүсіпті оқуға алуға өтініш білдіреді. Осы медреседе білім алып, мұсылманша хат таныған Жүсіп 1872-1874 жылдары Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде ортағасырлық араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгереді. Еліне оралған соң екі жыл өз ауылында бала оқытқан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1885, 1887, 1907 жылдары үш мәрте Түркістан, Ташкент, Бұхара, Самарқанд қалаларына сапар шегіп, білімін молайтады. Мәшекең өз қолымен жазған өмірбаянында: «…Алты жасымда кітап оқып, сегіз жасымда Баян­ауылда Қамараддин ахунның алдында сырып ой бастап, тоғыз жасымда ғылым хатқа, мұхтасар әл-уиқаяға шарх қылып, он жасымда шайырлық арқылы танылдым. 29 жасымда Бұқари шарифке барып, мырза Ұлықбекке мүдәріс болдым» дейді. Мәшһүр Жүсіп пен Абайды жалғайтын рухани тұтастықтың бірі – қазақтың екі абызының дәл осы Қамараддиннің алдынан білім алғаны. Бұл жөнінде филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай 2008 жылы «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Құнанбай қажы баласы Абайды Семей қаласында орналасқан медресеге оқуға берген. Үш айдан кейін: «Мына бір жас молданың оқуы күшті екен» деп Камалатдин (Қамараддин) молдаға ауыс­тырған» деген дерек айтады. Ел аузындағы деректерге қарағанда, сол Қамараддин хазрет те Баянауыл ауданының шетіндегі қорымда, Мәшһүрдің әкесі Көпей марқұммен бірге жатқан көрінеді. Бірақ қабірінің нақ қайсы екені анық емес. Алдағы уақытта осы мәселеге назар аударып, қазақтың қос ойшылына сабақ берген хазреттің басын көтеріп, еңселі ескерткіш салу мәселесін ел болып ойласқан дұрыс секілді.

7 жасынан бастап қазақ ауыз әдебиетінің жауһарларын жинаған Мәшһүр Жүсіп артына ұшан-теңіз мұра қалдырды. «ХVІІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры көп сақталған Бұқар жырау. Бұқардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Бұқардың жырларын жазып алған Мәшһүр Жүсіптің «Мес» жинағына қарасаң, көңілің тояттайды, оқысаң көзің қуанады. Әсем көшірілген қолжазба Мәшһүр махаббатына лық толы. Ол көне қолжазбаның әрбір сөзіне дейін жеткізуге, қазақ тілінің алтын қорын шашпай-төкпей сақтауға тырысқан» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, Көпейұлының кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы – біз үшін қашанда бағалы қазына. Бұқар демекші, жыраудың зиратын тапқан да Мәшһүр Жүсіп. Басына арнайы барып, қой сойып, белгі қойдырған.

Өз қабірін өзі қаздырған

«Жетпіс үшке келгенше балталасаң да өлмеймін, жетпіс үштен асқан соң майға бөлеп қойсаң да өмір сүрмеймін» деп елу жасында өзінің бұл фәниден қашан кететінін болжаған ғұлама, данагөй тұлға Мәшһүр Жүсіп көріпкел әулие ретінде де танымал. Осыдан біршама жыл бұрын ел аузында тараған «70 жыл елді дінсіздер басқарады, одан кейін 30 жыл ұры-қарылар былықтырады, сосын қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді…» деген болжам сөзі де бар. Алайда хатқа, қағазға түспеген бұл болжамның түбі шикі. Өйткені бұл сөз Мәшекеңнің қолжазбаларында, 20 томдық еңбектерінде кездес­пейді. Дегенмен Мәшһүрдің өзінің ажалы, өлгеннен кейінгі жағдайы туралы айтқаны айнымай келген.

Мәшһүр Жүсіп бір кіндіктен үш ағайынды. Бауыры мен қарындасы (Хасен, Әмина) жас кезінде қайтыс болыпты. Мәшһүр Жүсіп 1930 жылы ағайын-туысын жинап, өзіне ас бергізеді. 73 жыл өмір сүретінін, қайтыс болғаннан кейін оған кесене салу керегін айтады. Кесене орнын өзі таңдап, жобасын өзі салған. Бір бөлмесін өзі үшін, бір бөлмені келушілерге арнап жобалаған. «Қысы бар, жазы бар, әрі-бері өткен жолаушылар келіп түнеп, барлық мүлкімді пайдалансын. Қорықпасын, көрден тұрып ешкімді де бас салмаймын» деп тапсырады.

Қайта тұрғызылған кесене

Мәшһүр Жүсіп ұрпақтарына қайтыс болғаннан кейін денесін жерге көмбеуге аманат етті. «Мен өлгеннен кейін қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады. Мен өлген соң маған келіп бата жасамақ түгілі, әркімнің басына туар «тұрымтай тұсына, балапан басына» кететін заман болады. Оны сіздер көресіздер, көресіздер де көнесіздер» деп үлкен баласы Шәрапиденге өсиет етеді. Мәшһүр 1931 жылдың күз айында дүние салады. Ең ғажабы, 1952 жылы көрін ақтарып, кесенесін талқандап, бұзып тастағанға дейін Мәшһүрдің денесі бұзылмаған. Оны кезінде көзбен көрген адамдар болды. 1946 жылы Сәбит Мұқанов зират басына барып, ішіне түскен еді. Мен де 1950 жылдың жазында ішіне түсіп, денесін сипаған едім. Сонда, жадағай жерде жатса да, біртүрлі хош иіс шығып тұратын» деп жазады Сүйіндік Көпеев «Ғұлама ғұмыры» кітабына енген «Мәшһүр Жүсіп өз бейітін өзі салдырды» атты естелігінде.

Қайтыс болған адамның денесінің бүлінбеуі және ол адамға деген ел-жұрттың ерекше ықыласы қызыл үкіметтің мазасын кетірді. Сонымен Баянауыл аудандық комитеттің бірінші хатшысы Кенжебей Макинге Мәскеуден «айдалада Ленинге ұқсап қазақтың бір шалы жатқан көрінеді, сол кесенені сүріп тас­таңдар» деген бұйрық келеді. Әулиенің қасиетін жақсы білетін Макин алғашында қорқып, кесенені қиратуға батылы бармағанмен, өзін партиядан шығаратын болған соң, Мәскеудің дегеніне көніп, 1952 жылы күмбезді жұрт көзінше құлатқызды. Бірақ оны құлатушылардың бәрі көп ұзамай, бірінен соң бірі белгісіз жағдайда опат болған. Макин суға тұншығып өлді.

Мәшһүр Жүсіптің қазіргі көк күмбезді кесенесі сол Мәшекең өзі көрсетіп, өзі сағана салдырған жерге орналасқан. Жатаған жота басындағы кесенеге көтерілетін баспалдақтың саны да 73. Бұл ұлы тұлғаның 73 жасында өмірден озғанын білдіреді.

Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларын аман алған адам – келіні Нүрила. Ал жермен-жексен болған сағана көп өтпей жергілікті халықтың жұдырықтай жұмылуымен сабан кірпіштен қайта тұрғызылды. 1978 жылы ауыл ақсақалдары кесенені үшінші рет қайта тұрғызады. 1989 жылы Жаңажол ауылына іссапармен келген сол кездегі Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков Мәшекең мүзейін жаңа ғимаратқа көшіріп, кесенені қайта қалпына келтіруге тапсырма береді. Сонымен арада 20 жылға жуық уақыт өткенде, 2006 жылы қазіргі көк күмбезді кесене салынды. Құрылысы көне түркі стилінде жасалған кесене зиратхана және бейіт бөлмесі сынды екі бөліктен тұрады. Әрбір бөліктің көлемі – 8х8 шаршы метр, кесененің биіктігі – 14 метр. Салмағы 9,5 тонна болатын құлпытасы мен сандықтасы мәрмәр тастан жасалған. Қазір ол араға алыс-жуықтан зиярат етіп келушілер өте көп. Алыс жолдан шаршап келген туристердің жағдайын ескеріп, кесене маңына «Ескелді» қонақ үйі салынған. Асхана да дайын. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұражайы жақсы жұмыс істеп тұр. Онда Мәшһүр Жүсіп бабамыздың ауыз әдебиетін жинаған кезде ұстаған қоржыны, беліне таққан қара қылышы сияқты құнды жәдігерлер сақталған.

Ерекше айта кететін бір мәселе, Мәшекеңнің кесенесі мен мұражайы мемлекеттің қарауында. Алайда бабамыздың бұлағы, Ескелдідегі қонысы қараусыз қалып қойды. Ұрпақтары оны Лев Толстойдың «Ясная полянасы» сияқты халыққа танытқысы келгенмен, Үкімет қолдауынсыз бұл ойдың да жүзеге аспайтын түрі бар. Себебі олар Мәшһүр Жүсіптің бұлағының басын қоршап, ағаш еккенмен, ол да көлем ала алмай тұрғаны байқалады. Сондықтан кесене төңірегін Мәшекең қонысымен қосып абаттандыру ісіне баса назар аударған жөн. Сонымен қатар кесенеден Баянауылға төте баратын ескі сүрлеу бо­йынша жаңа жол салынса, Баян­ауылдан бұрыстау тұрған кесенеге келушілердің қарасы тіпті көбейер еді. Өйткені қазіргі таңда рухани туризм – саяхат саласының ең табысты бағытының бірі. Ежелгі Мысыр, Үндістан, Израиль, Шығыс Азия, Еуропаның тарихи-діни ескерткіштері – бәрі-бәрі рухани туризм нысандары. Олардан Мәшһүр Жүсіп кесенесінің қай жері кем?!

Абай мен Мәшһүр кездескен бе?

«Ұлылар мекеніне» ат басын бұрған біз Мәшһүр Жүсіп жайлы осы деректерге қанып:

«Мен келдім мүзейіңе жолым түсіп,

Егілдім рухыңызды сүйіп-­құшып.

Өмірдің жолдарында жар бола гөр,

Қазақтың пайғамбары ­Мәш­һүр Жүсіп» деп Ғафу ақын айт­қандай, іштей тілек тілеп, біраз уақыт аялдадық та, Абай жатқан абыз даланы бетке алдық. Абай демекші, ел аузына тараған Абай мен Мәшһүр Жүсіптің сәлемдесуі туралы дерек бізге Ақселеу Сейдімбек жазбасынан мәлім: «Абай мен Мәшһүр Жүсіп екеуі бір-бірін сырттай білсе де, әлі жүздесе қоймаған кезі екен. Бірде тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр Жүсіп амандасу үшін Абай ақынның үйіне түседі. Табалдырық аттап үйге енгені сол, Абай тосыннан сауал қо­йып: «Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен, Мәшһүр болсаң айтшы, кәне. Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?!» депті. Сонда Мәшһүр Жүсіп кідірместен: «Абайдың құдайының қайда екенін білмедім. Менің құдайым жүрегімде. Ал жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ» деген екен. Абай есті сөзді естігеніне риза болып: «Мәшһүр десе дегендей екенсің!» деп қолын алып, төрін ұсыныпты». Әрине, «Абай мен Мәшһүр кездеспеген» деп бұл деректі жоққа шығаратындар да бар. Бірақ Мәшһүр Жүсіп Құнанбай әулетінің үрім-бұтағын өте жақсы білген. Өзінің «Нүсіпхан» деген поэмасының желісіне Абайды арқау еткен. Қазақ еліне Абай шығармаларын таныстырып, насихаттап отырған.

Біз отырған көлік Баянауыл баурайынан шығып, айтулы Алаш қаласын бетке алып зулап келеді. Алдымызда алып мұхит сынды Абай әлемі, сол әлемнің бір шетінде Шәкәрім шыңы, Мұхтар биігі мұнартады…

Астана-Баянауыл-­­Ескелді-Астана

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button