Ел тынысы

Мәскеуде С. Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы аталып өтті



Поклонная тауындағы Жеңіс Мұражайында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, ҚР Бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті, astana-akshamy.kz.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев, Жеңіс Мұражайының директоры Александр Школьник, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі жанындағы әскери атташе аппаратының қызметкерлері, Мәскеу әскери оқу орындарының қазақстандық курсанттары Мәңгілік алау мен «Мұң-қайғы» мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Осыдан кейін Сағадат Нұрмағамбетовтың жеке деректерін «Жеңіс Жүздері» жалпыхалықтық тарихи депозитарийінің базасына салтанатты түрде енгізу рәсімі өтті. Бұл миллиондаған нацизммен күресушілердің фотосуреттері мен жеке әңгімелерінің ең үлкен сандық банкі. Адам туралы ақпарат тек арнайы сұраныс бойынша ұсынылатын қарапайым мұрағаттан айырмашылығы, мұражайда кез-келген адам мультимедиялық мәліметтер базасына интерактивті қол жеткізе алады.

Жеңіс Мұражайының директоры Александр Школьник қазақстандықтарды осы жобаға қосылуға шақырды. «Қазақстан азаматтары майданда соғысқан және тылда еңбек еткен батыр ата-бабаларын еске алып, олардың өмірбаяндары мен фотосуреттерін біздің тарихи жобамызға енгізеді деп үміттенеміз. Содан кейін олар Жеңіс Мұражайына келіп, Біздің «Жеңіс Жүздері» залында өз кейіпкерлерін көреді», – деді ол.

Әрі қарай «Берлинге шабуыл» диорамасында қонақтар Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне қойылған қола бюст, портрет және мұрағаттық фотосуреттерден тұратын экспозицияны тамашалады. Аталған экспонаттарды 2017 жылы Қазақстан Жеңіс Мұражайына сыйға тартты.

«Жеңіс мұражайында қазақ халқының ұлы ұлының мерейтойын атап өту біз үшін үлкен мәртебе. Оның Отанға жанқиярлықпен қызмет етуі өскелең ұрпаққа үлгі болады. Бүгінгі іс – шараға Мәскеу әскери оқу орындарының жас курсанттары қатысқаны өте маңызды», – деп атап өтті Д. Абаев.

Олардың арасында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери университетінің курсанты Жанат Мұхамет болды. Ол Нұрмағамбетов Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерінің қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қосқанын еске салды. «Сағадат Қожахметұлы көрнекті әскери қайраткер ғана емес, қоғам қайраткері де болды. Ол өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу үшін көп жұмыс жасады. Біз оны есімізде сақтаймыз және мақтан тұтамыз», – деді курсант.

Оны аға әріптесі, Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің жалпы әскери академиясының екінші оқу жылының адъюнкті, полковник Данияр Жүсіпбек қолдады. Офицер Нұрмағамбетовтің өмір жолын әскери қызметші үшін үлгі тұтарлық деп атады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button