Руханият

Мағыналы мерекеге айналды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні елорданың Алматы ауданының ардагерлер кеңесінің мүшелері «Барыс» деп аталатын тұрғын үй кешені тұрғындарының арнайы шақыруымен Айнакөл көшесіндегі үйге ат басын тіреді.

316 пәтерлі зәулім үйдің кіре берісінде қос тұғырға мемлекетіміздің көк байрағы мен Барыс бейнесі салынған ақ ту орнатылыпты. Бұл дағы еліміздің қасиетті рәмізін қастерлеудің белгісі деп түйіндедік. Үйдің ауласы мұнтаздай таза, жапырақ шашқан шырша, қарағай, ақ қайың, терек ағаштарымен жасыл желеңге бөленіп, құмыраға отырғызылған алқызыл гүлдер айналаға кәдімгідей көрік беріп тұр. Мереке өтетін спорт алаңынан музыка әуені төгіліп тұр. Спорт алаңы да ауқымы кең, мұнда жалға беріп, қаржы төлеп, кәсіпқой футболшылар дайындық жаттығуларын өткізеді екен.

Бізді қарсы алған, осы іс-шараны өткізуге мұрындық болған Мүлік иелерінің бірлестігінің (МИБ) төрағасы Жанабай Бәшәрұлы:

– Біз көктемнің алғашқы күндері етек алған суықтан және сәуір айында болған су тасқынының салдарынан өткізе алмаған Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі мерекесін, бүгінігі Халықаралық балаларды қорғау күнімен ұштастырып отыр­мыз, – деп алдын ала ескертті.

Мерекені тамашалауға тұрғын үй кешенінің барлық тұрғыны жиналыпты. Кішкентай немерелерін жетектеген ата-әжелер, мерекелік концертке қатысушы балғын балапандарды жетектеген ата-аналар осы іс-шараны ұйымдастырушыға арнайы жолығып, рақметін жаудырып жатты.

Мереке еліміздің әнұранын айтудан басталды. Бүкіл алаңда жиналған жұрт оң қолын жүрекке тақап, мемлекетіміздің қастерлі рәмізін аса бір асқақ сезіммен орындап шықты. Одан соң мерекені тамашалауға келген ақсақалдар сөз алып, еліміздің болашағы бүлдіршін балапандарға арналған ақ тілектерін жаудырды.

Бұл іс-шараға арнайы келген Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин:

– Құрметті халайық! Еліміздің түпкір-түпкірінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің құттықтауында «Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды» деген еді. Бүгінгі той – соның жарқын көрінісі, – деп Абай хакімнің «Қара сөздер» кітабын сыйға тартты.

Мереке алдын-ала дайындалған концерттік бағдарламамен жалғасты.  Кішкентай бөбектерден жасақталған  би топтары «Балапан», «Ерке сылқым», ересек жастардан құрылған «Хип-хоп» тобы, «Гармония сна», орта топтың биші қыздары «Веселые Пони», екінші хореографиялық орта топтың бишілері «Микки-Маус» биімен көрерменнің ризашылығына бөленді. Әсіресе арнайы шақырған «Вайнах» би ансамблі жұрттың көңілінен шықты. Сонымен қатар каретист балалар өз өнерлерін ортаға салды. Көпшілік ортасынан әнші әжелер мен аталар да шығып, мерекенің сәнін келтірді.

Манап ӘДІРЕШЕВ,

Астана қаласы Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі,

медиа топ төрағасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button