Басты ақпаратБілім

Мамандар біліктілігін арттыру маңызды



Мәслихаттың мәжіліс залында өткен Қоғамдық кеңес отырысында қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ елордадағы тәрбиешілер мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі туралы баяндады. Бүгінде елордада 365554 баланы қамтып отырған 780 білім беру ұйымы, оның ішінде 546 балабақша, 175 мектеп, 32 колледж, 13 қосымша білім беру ұйымы және 16 арнайы білім беру ұйымы бар екенін айта келе, басқарма басшысы олардың жұмысына жеке-жеке тоқталды.

Мектепке дейінгі білім беру

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары өткен жылмен салыстырғанда 21 балабақшаға көбейді, бүгінде елордада 69953 баланы қамтитын 546 балабақша жұмыс істейді. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында 2023 жылы 10214 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Осы жылы тағы 10317 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын жою мақсатында алдағы жылдары 60 балабақша салу жоспарлануда.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау мақсатында өткен жылы 4 балабақшада эмоция-ерiк жағынан және мінез-құлқында (аутизм) ауытқуы бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Бүгінде 12 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, жұмыс жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 20 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады.

– Балабақшалардағы тәрбиешілердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылып келеді. 2023 жылы 360 педагог қайта даярлау курсынан және 1062 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтті. Осы жылы тағы 650-ден аса педагог біліктілігін арттыру курсынан өтеді. Алдағы екі жылда бейінді білімі бар тәрбие­шілердің үлесін 100 пайызға жеткіземіз, – деді Қ.Сенғазыев.

Орта білім сапасы

Үш ауысымды және шамадан тыс мектептердің мәселесін шешу үшін өткен жылы 12 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осы жылы 32 мектептің құрылысы жүруде, оның 12-сі жаңа оқу жылына қарай, қалған 11-і осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. 2025 жылы жалпы саны 25 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған мектептердің құрылысы, қаламыздағы үш ауысымды 8 мектептің, бала саны шамадан тыс 18 мектептің мәселесі толық шешіледі.

– Жыл сайын мектеп оқушылары санының өсуіне байланыс­ты қаламызда 2026-2027 оқу жылына қарай 4 мың педагогқа қажеттілік туындайды. Кадр тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен педагогика мамандықтарына 1000 орынға мемлекеттік тапсырыс берілуде. Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мемлекеттік қызмет көрсету шеңберін кеңейтеміз, – деді басқарма басшысы.

Балаларды жайлы және қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз цифрлы бейнебақылау камерасымен, турникетпен, дабыл түймесімен және жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілген. Биылғы оқу жылында балаларды сапалы тамақтандыру үшін төрт аптаның аз мәзірі әзірленіп, 98 мектепте 96531 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Осы оқу жылының ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша білім сапасы 56,69 пайызды құрады, бұл алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 2 пайызға жуық өсу серпінін көрсетті. Оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған бірнеше жоба іске асуда: Pasch (неміс тілі), Global scholars (ағылшын тілі), Cisco (информатика).

– Педагогтардың біліктілігі білім сапасына тікелей байланысты болғандықтан, олардың кәсіби өсуі де маңызды. 2023 жылы 5527 педагог пен 42 мектеп директоры біліктілікті арттыру курсынан өтті. Осы жылы 6 мыңнан аса педагог біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Сонымен қатар өткен жылы 46 мектепке 107 пәндік кабинет сатып алынып, 95 пайыз қала мектептері жаңа пәндік кабинетпен жабдықталды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 67 мектепке 85 пәндік кабинет сатып алу арқылы мектептер 100 пайыз пәндік кабинетпен қамтамасыз етіледі, – деді Қ.Сенғазыев.

Алғаш рет 1-2-сыныптар үшін «Цифрлық сауаттылық», «Бейнелеу өнері», «Еңбекке баулу» пәндерінің оқулығы электрондық-цифрлық форматқа көшті. Елорда мектептері 100 пайыз электрондық оқулықтармен қамтамасыз етіліп, оны 214 мың оқушы қолдануда.

Қосымша білім беру

Елордадағы барлық білім ошағына «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама аясында «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар әке, ана, бала, ұстаз» жобалары іске асуда. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайтуда, «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі», «Altyn urpaq», «Академиялық ұтқырлық» жобалары өз нәтижесін көрсетуде. Қыркүйек айы­нан бастап барлық мектепте «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» ашылды.

Осы оқу жылында 191 мың ата-ананы қамтыған «Отбасы – бақыт мекені», «Жарасымды үштік: отбасы-бала-мектеп», «Жетістік үйірмеден басталады» атты мектеп пен ата-ана қатынасын нығайтатын жобалар жүзеге асты. Алғаш рет оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру,
танымдық  көзқарасын кеңейту мақсатында әр ауысымның басында «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы бастау алды.

Басқарма басшысының айтуынша, соңғы 3 жылда қалада 15 қосымша білім беру ұйымының филиалы ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елордада 2029 жылға дейін 15 заманауи қосымша білім беру нысанын салу жоспарланған, оның 2-еуі өткен жылы колданысқа берілді. Тағы 3 нысан бойынша жер телімдері анықталып, жобалау жұмысы жүріп жатыр.

Кәсіптік білім беру

Қаламызда 32 техникалық және кәсіби білім беру ұйым­дарында 35923 студент білім алуда. 2025 жылға қарай 100 пайыз жастар тегін техникалық және кәсіби білім берумен қамтылады. Шет жерден келген студенттерді орын-жаймен қамтамасыз ету мақсатында 938 орынға арналған «Студенттер үйі» салынуда. Сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында мамандарға қажеттіліктің өңірлік картасы – жаңа кәсіптерінің атласы әзірленді.

– Бүгінде «жылжымайтын мүлікті басқару», «хаус-мас­тер», «ландшафты дизайн», «бақ-саябақ шаруашылығы», «гүл өсіруші – флорист» жаңа мамандықтарына лицензия алынды. «Гидрогеология» мамандығының «техник-гидрогео­лог» біліктілігіне, «логопедия» мамандықтарына лицензия алу жоспарлануда. Осы жылы қала кәсіпорындарымен, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дуальды оқыту бойынша жұмыс жүргізілді. Дуальды оқыту жүйесіне 369 кәсіпорынның қатысуымен 65 мамандық бойынша 25 колледжден 6215 студент тартылды. Бұл қала бойынша студенттердің 18 пайызын құрайды. Өткен жылы елордалық 3 колледжде алғаш рет 10-11-сынып оқушылары (170 оқушы) үшін жұмысшы мамандықтары бойынша эксперименттік білім беру бағдарламасы енді. Қанатқақты жоба бойынша 1,5 жылдан кейін оқушылар орта білім туралы аттестатпен қоса тігінші, аспаз, автогаз дәнекерлеуші мамандығы арқылы диплом алып шығады, – деді Қ.Сенғазыев.

Колледждер жұмыс беруші­лермен бірлесе отырып, кәсіптік стандарт негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейтін академиялық дербестікке ие болды. Қазіргі кезде 628 білім беру бағдарламасы әзірленді. Студенттерді тиімді жұмысқа орналастыру мақсатында ірі кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығы бойынша жұмыс іске асуда.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button