Құқық

Мас жүргізуші – қылмыскер



Мамыр мерекесі кезінде елордада алкоголь ішімдігін ішіп, көлік жүргізген 187 адам ұсталыпты. Бір аптаға созылған жанға жайлы демалыс уақытында жүз грамды жұтып алып, рөлге отырғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені қанша шара қолданса да, үгіт-насихат жұмысын жүргізсе де, қалада алдына келіп тұрған әзәзілден бас тарта алмай қалатын жүргізушілер қатары азаймай тұр.

Бас қаладағы адамның мас­тық күйін айқындау медициналық орталығының дәрігері Ермек Әлпейісовтің айтуынша, ағзаға түскен 200 грамм алкогольдің тарауы үшін кем дегенде 4-5 сағат уақыт керек екен. Оның үстіне ағзадағы этонол әйелдерге қарағанда ер адамдарда уытын екі есе жай жояды. Тағы бір ескеретін жай, әр адамның болмысы әртүрлі. Сондықтан кей жағдайда жүргізушілер 100, 150 грамм араққа масайып қалуы да мүмкін. Өкінішке қарай, қалада ішімдік ішіп алып, көлік жүргізетін әйелдер де кездеседі.

– Мен сізге бір мәлімет айтайын, салмағы 60-70 келі тартатын адам екі бокал шарап ішсе, уыты 3,5 сағатқа дейін, 100 грамм коньяк немесе виски ішсе 5-6 сағатқа дейін тарқамауы әбден мүмкін. Кейбіреулер шөл қандыру үшін «жеңіл ғой» деп бір-екі тостаған сыра жұтатыны бар. Көлік тізгіндейтін адамға бұл да қауіпті. Өйткені сыра адам ағзасынан 5 сағатқа ­дейін тарқамайды. Қазір елімізде көлікті мас болып айдағаны үшін әкімшілікпен қоса қылмыстық жаза да қарастырылған. Мас жүргізуші 20 тәулікке дейін қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылады. Алайда көңіл көтергіш көлік иелерін ол да тоқтата алмай отыр, – дейді дәрігер.

Тоқтау былай тұрсын, осы талапқа мойынұсынбай, қарсылық танытушылардың қарасы да көрініп қалып жатыр. Жыл басынан бері бір топ азамат заңдағы осы талаптарды жұмсартуды сұрап, Қазақстан Парламентіне бірнеше рет хат жолдаған. Осыған байланысты сәуір айында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қазіргі ішімдік ішетін жүргізушілерге қарсы қолданып отырған іс-шаралардың заң баптарына толық сай әрі ол бүгінгі таңда аса қажет екенін айтып, бұл төңіректе енді әңгіме қозғамауды сұрады.

20 тәулікке қамап, 7 жыл немесе өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырып жатса да, арақ ішіп жол-көлік оқиғасына ұрынатындар саны азаймай келеді. Жыл сайын еліміздің жолдарында осындай мас жүргізушілердің кінәсінен 500 жол-көлік оқиғасы орын алып, қаншама адам қаза табады, қаншама адам жарақат алып, мүгедек болып қалып жатыр… Тек жыл басынан бері ғана Астана қаласында мас болып көлік жүргізген 45 жүргізуші сотталды. Олардың көбі – бұрын арақ ішкені үшін жүргізуші куәлігінен айырылса да, қайтадан ішімдік ішіп рөлге отырғандар.

Елордада жақында бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған бір азамат қайтадан мас күйінде машина айдап, көше қиылысында жаяу жүргіншіні қағып кетті. Ол сот шешімімен 5 жылға сотталып, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылды.

40 жыл жүргізуші болған елорда тұрғыны Қажыгерей Сәрсенбай қазір жүргізушіге арақ ішпек түгілі, ішімдік ішкен мас жолушыны машинаға отыр­ғызуға болмайтынын айтады.

«2020 жылдан бастап алкоголь ішкенін сараптамадан өткізу бойынша бұрын ережеде бар шектік алкоголь промилі деген түсінік алынып тасталды. Ендігі жерде наркологиялық сараптамаға жіберілген кезде алкотестердегі нөлдік көрсеткіш те жүргізуші куәлігінен айыруға себепші болады. Мәселен, оған сол сәтте арақ-шарап ішкен адаммен қатар отыруыңыз, жақын қашықтықта сөйлесуіңіз де әсер етуі әбден мүмкін. Бұл, әрине, маскүнемдікпен күрес үшін жақсы болғанмен, кейбір адамдар өзінің ішпегенін дәлелдеу үшін қан тапсырып, уақытын жоғатып жататыны қиын.

Жақында Есіл ауданының полицейлері Volkswagen автокөлігін тоқтатқанда, егде тартқан ер адамның аузынан алкогольдің аңқып тұрғанын байқайды. Ол медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес мас екені анықталды. Іс сотқа жетіп, онда сот қаулысымен көлік жүргізушісі 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Міне, осындай жағдай қалада рейд өткізген кезде жиі анықталып отыратын көрінеді. Мұндай адамдарға жазаны аямай қолдану керек. Айыппұлды да аямай салу керек. Сонда ғана тыйылады. Тәртіп бәріне ортақ. Бізде көбіне құқық бұзушылық пен жазатайым оқиғаның дені алкогольдік ішімдіктің салдарынан болып жатады. Алкогольдік ішімдік адам өміріне де, қоғамға да зиян. Сондықтан оған қарсы бітіспес майдан ашу дұрыс болды. Көлік тізгінін қолыңызға аларда сыра түгілі, қымыз да, қымыран да ішуге болмайтынын жүргізушілер терең түсінсе дейміз. Әйтпесе біреулердің «бір тостаған сыра ішіп едім, қайтер дейсің?!» дейтін психологиясы үлкен зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда баратын жеріңізге такси шақыртып не болмаса қоғамдық көлікпен жетіп алғаныңыз абзал» деген ардагер жүргізушінің пікірімен толық келісуге болады.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button