Басты ақпаратДенсаулық

Мейірімі мол медбике



Ертең 12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні. Бұл күн осы қызметтің негізін қалаушылардың бірі Флоренс Найтингейлдің туған күніне орай әлемде жыл сайын атап өтіледі. Тарихы ХІХ ғасырдан бастау алатын күнді бүгінде 50-ден астам мемлекет, соның ішінде Қазақстан да тойлайды.

Әрқайсымыз өмі­рімізде бір рет болса да медициналық мекемеге барып, барлық жерде диагностикамен және емдеумен айналысатын медбикелер қызметіне куә болдық. Өз жұмысында олар жұқпалы ауру­лары бар науқастармен байланысу арқылы өмірін қатерге тігеді. Науқастарды бір төсектен екіншісіне ауыс­тыруға, тұруға және жатуға көмектесетін, пациенттер үнемі байланыста болатын жалғыз қызметкерлер де – солар. Төл мерекесіне орай астаналық медбикелердің де хал-жағдайы туралы білдік.

Астанада медбикелер жетіспейді

Әлемде медбикелерге деген қатты сұраныс коронавирус инфекциясымен байланысты пандемия кезінде айқын аңғарылды. Денсаулық сақтау саласының «қара күші» саналатын медбикелердің рөлі күн сайын арта түсуде. Республикада жұмыс істейтін орта буын медицина қызметкерлерінің үлесі 188 мың адамды құрайды. Ал Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ведомстволық бағыныс­ты ұйымдардағы орта медицина қызметкерлер саны – 6 187 адам.

Медбикелерді жұмысқа қабылдау үшін «Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» ҚР Денсау­лық сақтау минис­трінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-305/2020 туралы бұйрығы негізге алынады

Аталған басқарманың баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, Астана қаласында медбике саны жетіспейді, қазіргі таңда орташа медициналық персоналға қажеттілік 178 адамды құрайды. Жетіспеу­шіліктің бірден-бір себебі – Жоғары медициналық колледж түлектері санының қажеттілікті жаппайтыны. Ал жекеменшік медколледждер түлектері (Шипагер, Томирис, Даналық және т.б.) негізінен, тек мемлекеттік медициналық ұйымдарды ғана таңдамайды, жеке медициналық ұйымдарға да барады, себебі ол жақта жұмыс көлемі анағұрлым аз, ал жалақысы жоғары.

Қай сала жұмысы ауыр?

Стационарлардың штаттық кестесінде медбикелер санының артуы бөлімшенің күрделілігіне байланысты. Сонымен, хирургиялық профиль бөлімшелерінде медбикенің пациенттерге қатынасы 1:5, терапевтік профиль бөлімшелерінде 1:10 болуы керек. Медбикенің пациенттерге қатынасына сәйкес, хирургиялық бөлімшеде медбике қызметі қиынырақ болып келеді.

Қай салада болмасын медбикелердің негізгі міндеттері бар. Соның ішінде емхана медбикелерінің негізгі функционалдық міндеттерінің қатарында медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсарту; созылмалы аурулардың асқынуларының алдын алу және уақытылы анықтау; үйде паллиативтік көмек көрсету; қатерлі аурулардың ерте диагностикасы; созылмалы аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі үздіксіздікке қол жеткізу және пациенттерді қан қысымын өлшейтін аппараттарды, қандағы глюкозаны, ингаляторларды дұрыс қолдануға үйрету; тамақтану және физикалық белсенділік бойынша кеңес беру және оқыту; дәрігердің тағайындауы бойынша мейіргерлік манипуляциялар жүргізу; тіркелген халықты скринингтен және флюро тексеруден өтуге шақыру; 5 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің патронажы; үйдегі активтерге қызмет көрсету және басқа да жұмыстар бар.

Ал стационар медбикелерінің негізгі функционалдық міндеттеріне: тыныс алу және бақылау-диагностикалық аппаратураны жұмысқа дайындауды, жарамдылығын, дұрыс пайдаланылуын, қауіпсіздік техникасын бақылауды жүзеге асыру; медициналық мақсаттағы заттарды таңбалауға қойылатын талаптарды сақтау; қалыптасқан жағдайды талдау және өзінің кәсіби құзыреті мен өкілеттігі шегінде шешімдер қабылдау; мейірбикелік манипуляция техникасын меңгеру; пациенттің жағдайын бағалау, медициналық құралдарды, таңу материалдарын бактериологиялық бақылау кестесін орындау және сақтау, үнемі және уақытылы медициналық тексеру және басқа да қызметтер жатады.

Дәрігердің тең құқылы серіктесі

Жыл сайын маусымның əр үшінші жексенбісіне атап өтілетін Медицина қызметкерлері күнінде Астана қаласы бойынша медицина қызметкерлері арасынан әртүрлі номинация бойынша мамандар марапатталады. Оның ішінде «Үздік медбике» номинациясы да бар. Сол кезде медбикелер де дәрігерлермен бірдей марапаттарға ие болады.

– Біз бәріміз медбике дәрігердің көмекшісі деген ескі ойдан арылуымыз керек. Медбике – дәрігердің тең құқылы серіктесі, мейірбике маманы және оның Денсаулық сақтау саласындағы өз міндеттері бар. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 382 орта медицина қызметкері оқытылды. Биыл біздің басқармада осы мамандарды оқумен кеңірек қамту және орта медицина қыз­меткерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында шеберлік сыныптарын өткізуге ерекше назар аударылуда, – дейді басқарма басшысы Әлия Рүстемова.

Медбикелерді жұмысқа қабылдау үшін «Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-305/2020 туралы бұйрығы негізге алынады. Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 14 сәуірдегі № 72 бұйрығымен бекітілген, яғни арнайы-орта, қолданбалы бакалавриат немесе жоғары білім және міндетті түрде маман сертификаты болуы керек. Астана медбикелерінің өзіндік ұйы­мы ретінде «Парыз» мейіргер ісі мамандары» Республикалық қоғамдық бірлестігін атап өтуге болады.

Барша медбикелерді ертеңгі кәсіби мерекемен құттықтаймыз! Сіздердің күн сайынғы толассыз қажыр-қайратыңыз бен еңбегіңіз науқас адамдарға күш беріп, сауығып кетуіне сенім сыйлайды. Саланың негізгі күші саналатын қатардағы сарбаздарына мықты денсаулық, мол табыс пен бақыт тілейміз!


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button