Басты ақпаратБілім

Мерейлі мұғалім



Гүлім Досмағанбетова еңбек жолын 1975 жылы математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Бүгінде еңбек өтілі – 48 жыл. Туған жеріне ту тігіп, елінің елулісі, халқының қалаулысы болып, қасиетті Қорғалжын жерінде ұзақ жыл ұстаздық етті.

2005 жылдан бері Астана қаласындағы білім беру саласында өзіндік орны бар мектептің бірі – №4 қазақ мектеп-гимназиясында математика мен физика пәні мұғалімі болып қызметін жалғастырды. 2010-2011 оқу жылынан бастап Астана қаласындағы №64 мектеп-лицейде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп, 2021 жылы зейнетке шықты.

№64 мектеп-лицей елімізде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған елордадағы жаңа мектептердің бірі еді. Ашылғанына санаулы ғана жылдар болса да, жас ұрпақ тәрбиелеудегі мектеп ұжымының табысы қомақты болды. Гүлім Алтайқызы өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында таң атқаннан күн батқанға дейін табанынан тік тұрып, осы мектептің алдыңғы қатардан көрінуіне бар күш-жігерін салды. Әр уақытта, осы күндерде де әріптестеріне, ізін басқан жас мамандарға да айтары мол, бөлісер ойы мен тәжірибесі жетерлік. Ұстаздардың ұстазы атанып, әріптестері де ерекше құрмет тұтады.

Қай жерде жүрсе де Гүлім Алтайқызы өзі қалап, таңдап алған ұстаздықтың ащы да тәтті дәмін терең сезініп, маңдай терімен еңбек етті. Алдындағы шәкірттерін қыранның балапанындай баулып, білім нәрімен сусындатты, тура жолды нұсқады. 48 жылдағы еңбек жолында қаншама шәкірті өз кезінде пән олипиадаларында, ғылыми жобалар сайысында жүлдері орындарға ие болды. 2008 жылдан бері қалалық, республикалық пән олимпиадасында оқушылары жоғары дәрежелі дипломмен марапатталып, ұстаз абыройын асырды. Ұстаз тәлімін көрген қаншама шәкірті өмірден өз орнын тауып, ел таныған азамат болып, еңбегімен ел тұрмысын жаңартуда.

«Өмірдің ең бір қызығы – ол тәлім-тәрбие беру» деп ұлы ұстаз әл-Фараби айтқандай, қай ортада жүріп еңбек етсе де істеген ісі, төккен тері мен еңбегі текке кеткен жоқ. Еңбегі елеулі ел сыйлайтын тұлға болды. Жас буынға математика пәнін меңгертудің шығармашылық жолдары, жаңа технологиялармен жұмыс істеу тәсілдері туралы түрлі тақырыпта семинар, конференцияда іс-тәжірибесімен бөлісті. Ұстаздық «Математика сабақтарына интерактивті тақтаны қолданудың тиімді тәсілдері», «Оқушы шығармашылығын дамытуда деңгейлік тапсыр­маларды қолдану», «Логикалық есептер шығару арқылы оқушылардың ойын дамыту» тақырыбындағы іс-тәжірибелері, сабақ үлгілері түрлі әдістемелік басылымдарда жарық көрді. Жалпы орта білім беретін мектептің 7-сыныбының геометрия оқулығымен дидактикалық материалдар жинағының, 12 жылдық білім берудегі 8-сынып геометриясы бағдарламасының авторлық құрамында, мұғалімнің статусы жөнінде заң жобасын дайындау бойынша жұмыс тобында болды. Математиканың қыр-сырын меңгерудегі іс-тәжірибесі бүгінде жас ұстаздарға үлгі. Осы саладағы еңбегі еленіп, 2010 жылы Астанада өткен 51-халықаралық математикалық олимпиада қарсаңында «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы шығарған «Математика – менің өмірімнің мәні» атты білім саласына еңбегі сіңген математика пәнінің мұғалімдері туралы мәліметтер жинағына енгізілді, аудандық, қалалық, республикалық әкімдіктер мен білім саласының марапаттарымен, 1994 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Бала кезден бойға біткен қайсарлық пен тынымсыз еңбек ұстаз ананы қашанда сынға салып шынықтырды. Содан да болар, бір басына сөзге тапқыр шешендік, төгілген шебер күйшілік, қоңыр дауысты әншілік, ешкімді жатырқамайтын бауырмалдық қасиеттерді жиған ұстаздың өнегелі өмірі кейінгі жастарға үлгі.

Ұстаз өнегесіне біз де қосылып, бүгінде еңбегінің зейнетін көрген ұстаз-анаға осы бір сәттің қуанышына бөленіңіз, шаңырағыңыздан шаттық арылмасын дегіміз келеді. Шәкірттеріңіз өз ұстазын еске алып, сағынса, бұл да еңбектің еш болмағаны. Аталарымыз «Рахат іздесең бейнетіне, бақыт іздесең азабына шыда» дегендей, маңдай термен атқарған еңбектің жемісі де мол болсын деп тілейміз!

Жанат ТАБЫСПАЕВА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button