Әлеумет

Мүмкіндігін шектемеген дәрігер



Тағдырдың қатал сынағына мойымай, өмірдің қиындықтарына қайсарлықпен төтеп беру көп адамның қолынан келе бермейді. Маңдайға салғанға төзіп, өзі басынан ауыр жағдайды өткерсе де, өзгенің жаны мен тәнінің жарасын емдейтін жандар сирек те болса бар. Солардың бірі – №9 қалалық емхананың балалар хирургі, травматолог, ортопед, 32 жылдық тәжірибесі бар жоғары дәрежелі дәрігер Талғат Жұртұбаев.

Әскери борышын өтеген жылы ауыр жарақаттан кейін мүгедек болып қалған кейіпкерімізге дәрігерлер «Отырып істейтін жұмыс табу керек» дейді. Алайда ол өз арманынан бас тартпауға бекініп, жақсылап дайындалып, 1986 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, хирург, травматолог мамандығын алып шығады. 1992 жылы Арқалыққа жолдамамен жіберілген жас маман 7 жылдай сол жақта хирург болып еңбек етеді. Торғай облысы жабылғаннан кейін 1999 жылы Астанаға келіп, №1 қалалық балалар ауруханасында, Республикалық «Жас ұлан» мектебінде жұмыс істейді. 2000 жылы белгілі травматолог Нұрлан Батпенов оны медициналық академияға шақырып, сонда әскери кафедрада алдымен аға оқытушы, кейін деканның орынбасары қызметтерін атқарады. Ғылыми еңбекпен де айналысып, кандидаттық еңбегін қорғаймын деп жүргенде жұбайы қайтыс болады. Сөйтіп, бәрін қойып, екі ұлын жетілдірем деп жұмысқа дендеп кіріседі. Өзіне ерекше күтім керек болса да амалсыз балаларын аяқтан тұрғызғанша тыным таппайды. Күні-түні жұмыс істеп, ел саулығы жолында табанды еңбек етеді. Қазіргі жұбайымен бірге ұлдарын өсіріп, үйлендіріп, немерелер сүйіп отыр. 2017 жылдан бері №9 емханада қызметін жалғастырып келеді. Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі болса да жұмыс істеп жатқан жалғыз балалар хирургі, травматологы тек өзі ғана.

– Әрине, адам мұндай жолды өзі таңдамайды, оны мақтаныш көрмеймін, тек тағдыр салды, мен көндім. Күніне әр қабылдауда 20-40 адамға дейін қабылдап, аяқ-қолы, иығы, тобығы шыққан, сынған, сіңірі созылған, күйіп қалған 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді емдеймін. Қазір елорда қысы қаһарына мініп, аяз бен мұзтайғақтан құлаған, бір жерге соғылған немесе спорттық жарыстарда жарақат алған жастар көп келіп жатыр. Хирург, травматолог, ортопед және комбустиолог салалары бойынша жинаған сан жылдық зор тәжірибемнің арқасында өз жұмысымды күнде таңертеңгі сағат 8.00-ден түскі 14.00-ге дейін қиындықсыз атқарамын, – дейді кейіпкеріміз.

Еңбек жолында сан түрлі жарақатпен келген үлкеннің де, кішінің де жанына дауа болып, кәсіби сауатты маман ретінде дұрыс ем-домын жасады. Соның арқасында көптеген науқастар қолы-аяғы сау адам қатарына қайта қосылып, дәрігердің шарапатына бөленді. Талай шәкірттер тәрбиелеп, өзі меңгерген саланы кейінгі жастардың толық игеруіне, сапалы маман болуына ықпал етті.  Еліміз бен елорданың денсаулық саласын дамытуға қосқан ұшан-теңіз еңбегі үшін Талғат Жұртұбаев мемлекет тарапынан көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, ол «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Алтын дәрігер», «Астанаға 10 жыл» төсбелгілерімен марапатталған. Жағдайына байланысты елордадан үш бөлмелі үй де берілген. Жан-жақты белсенді жан жұмыстан бос уақытта волейболдан паралимпиялық ойындарға қатысып, ардагерлер арасында спорт шебері атанған. Өз жұмысын жетік білетін маман ең бастысы, халықтың ақ батасын алып, емдеп жазған пациенттерінің алғысына кенелген сәтін ең бақытты кездерім деп санайды.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button